Жыл басынан бері елордалық Жұмыспен қамту орталығына жұмысқа орналасу үшін 12 мыңнан астам азамат өтініш білдірді. Оның ішінде 7 мыңнан астам адам жұмыс тапты. Азаматтар enbek.kz электронды еңбек биржасында өздеріне лайықты бос жұмыс орнын іздей алады. Бұл жайында Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты жариялады.
Бүгінгі күні еңбек биржасында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 10 503 бос жұмыс орны бар. Елордада жұмыс іздеушілер 5 мыңнан астам түйіндеме жіберген. Жұмыс берушілер күзетшілер мен үй-жайларды жинаушылар үшін 42500 теңгеден бастап, авиация инспекторлары мен IT-жобалар менеджерлері үшін 600 мың теңгеге дейін жалақы ұсынады.
Электрондық еңбек биржасында тұрақты жұмыс туралы 3 мыңнан астам жарнаманы табуға болады. Оның шамамен 600-і – уақытша, 14-і – маусымдық және 8-і қашықтан істеуге болады.
«Бүгінде елордада сұранысқа ие мамандықтар тізіміне: медициналық бике/аға, тәрбиеші, тәрбиешінің көмекшісі, сату жөніндегі менеджер, күзетші, жүк автомобилінің жүргізушісі, машинист, асүй жұмысшысы, сатушы, аспаз, слесарь-жөндеуші, бухгалтер, токарь, автомобиль жүргізушісі, әкімші және т.б. кіреді», - делінген хабарламада.
Үш жыл бұрын диплом алған ЖОО түлектері алған мамандығы бойынша бастапқы тәжірибе алу үшін жастар практикасынан өте алады. Ұзақтығы алты айдан аспайды. Ай сайынғы жалақы 25 АЕК құрайды. Enbek.kz сайтында «Жастар тәжірибесі» санатында 300 бос жұмыс орны ұсынылды.
«Қоғамдық жұмыстар» бағыты бойынша 138 бос жұмыс орны бар. Бұл жұмыс орындары алдын ала кәсіби дайындықты қажет етпейді. Елорданың халықты жұмыспен қамту орталығы қала тұрғындарын уақытша жұмыспен қамтамасыз ету үшін әлеуметтік пайдалы бағыттағы қоғамдық жұмыстарды ұсынады. Ұзақтығы: 12 айдан аспайды, жалақысы кемінде 2 ЕТЖ (ең төменгі жалақы) мөлшерінде (жалақы – 85 000 теңге, қолға – 73 100 теңге).
«Жұмысқа орналастыру бойынша сайтта тағы 20 бос жұмыс орнын «әлеуметтік жұмыс орындары» бағыты арқылы табуға болады. Оларды жұмыс беруші табысы аз және көпбалалы отбасылардың мүшелерін, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған адамдарды және халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы басқа да адамдарды жұмысқа орналастыру үшін олардың жалақысын субсидиялай отырып құрады. Ұзақтығы: 12 айдан аспайды. Ай сайынғы субсидия мөлшері белгіленген жалақы мөлшерінің 35%-ын құрайды», - делінген хабарламада.
Елордада жұмысқа орналасу туралы толық ақпаратты халықты Жұмыспен қамту орталығының мамандарынан мына телефон нөмірлері арқылы алуға болады: 57-88-88, 57-87-00, 8 777 116 82 76.