Еңбек жолын балабақша тәрбиешісі ретінде бастаған Салтанат Серкебайды көпшілік «Томирис» фильмінен жақсы таниды.
Фильмнің кастингі өткізілетіндігі жөнінде ол инстаграмдағы жарнама арқылы біліпті. Алдымен 2017 жылы Астана қаласындағы ауқымды кастингтің 1 кезеңінен өтіп, кейіннен Алматыдағы Қазақфильм киностудиясында костюммен, гриммен тағы сынаққа түскен. Ол бұған дейін де шығармашылық ортада «NAZAR» тобы арқылы көрініп жүрген. Ең қызығы, оған да Инстаграм парақшасы арқылы Мөлдір Әуелбекованың ұйымдастырған кастингіне қатысып, топ қатарына алынған. Бүгінде Салтанат Жетінші арнаның «Оян, Қазақстан» таңғы ақпараттық-танымдық бағдарламасының тікелей эфир тележүргізушісі. - Салтанат, қазір өзіңіз қызмет атқаратын телеарнаның танымал жүргізушісісіз десек, артық айтқандық емес. Қиын емес пе? Қандай сезім? -Жалпы кез келген мамандықтың қиыны мен қызығы қатар жүреді ғой. Жалпы тележүргізушінің таңы сағат 03:30-да басталады. 04:00 телеарнада болу керек. Әрі қарай киім, бет әрлеу т.б. уақыты басталады. Кей адамдар енді ұйқыға кетіп жататын уақытта біздің жұмысымыз басталады. Гримерлермен, әріптестермен, ұжыммен әңгімелесіп біз таңғы 7-ге дейін көңіл күйімізді көтеріп, бір-бірімізді оятып, эфирге сақадай сай болып шығамыз. Жеке өмірімізде қандай қиын кезеңдер болып жатса да, қанша ауырып тұрсаң да экраннан көрсетпеуге тырысамыз. Кәсіби шеберлік деген осы болар. Қиыны да сол шығар... Бірақ ұжымның тату болғаны, бір организмдей бір-бірін сезінгені өте үлкен күш береді. Сондықтан ішкі сезім мен көңіл күй әрқашан көтеріңкі. - Болашақта басқа салаға ауысуыңыз мүмкін бе? Мәселен еңбек жолыңызды өнерге қарай? -Бала кезімнен әр-түрлі салада еңбек еттім. Бала кезімде анама саудада көмектестім, мектеп кезімде “Жас Отан” жастар қанатының әлеуметтік жұмыстарына араласатынмын, “Жасыл ел” еңбек жасағында болдым, мемлекеттік концерттік ұйымдарда жұмыс істедім, кино саласына да келдім. Ал енді телевизия саласында өз үлесімді тигізу бұйырған екен. Әрине, болашақта басқа да салаларды меңгеру жоспарда бар. Бұл өмірден өткенше қоғамға қандай болса да пайдамды тигізуден, ізденуден шаршамаймын. - Өмірдерегіңізге үңілсек, журналистика мамандығы бойынша кәсіби білім алмағансыз. Қалай ойлайсыз, кәсіби білім керек пе? Әлде тәжірибе жинап, шеберлікті шыңдап, аға буынның үлгісін ала жүріп те жақсы журналист болуға бола ма? -Кәсіби білім әрқашан керек! Аға-әпкелеріміздің де өмірлік тәжірибесін де тыңдау керек. Дамыған заманда өмір сүріп жатқанымыз қандай рахат! Кастингтер арқылы да, бағың жанып, бұйырған жағдайда дипломсыз да тележүргізуші болуға болады екен. Ал журналист болу ерекше өнер. -Алғаш телеарнаға келгенде кімдердің тәжірибесін, тәлімін алдыңыз? Кімді ұстаз тұтасыз?Телеарнаға жол қалай ашылды? -Алғаш рет бұл арнаға кастингке шақырған Айгерім Шаймерден ( менің басшым ). Бұл саладағы Ұстазым да сол, телеарнаға жол ашқан да сол кісі. - Мамандығыңыз бойынша істеуге не кедергі болды? -Мамандық бойынша жұмыстардың жалақысы өте аз болды. Сондықтан басқа амал іздеу қажет болды.