Алматы полициясы “көп қырлы” алаяқты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz. Әуезов аудандық полициясының мәліметінше, шаһардың үш тұрғынын алдады деген күдікпен 27 жастағы Е. есімді азамат ұсталды. Оның әрекеттерінен келтірілген жалпы материалдық шығын 36 миллион теңгені құрады.
– Зардап шеккендердің бірінің нұсқасы бойынша, ол Е. есімді азаматты бұрыннан біледі, ол бірнеше тиімді тендерді ұтып алдым деп сендіріп, бірлескен кәсіпке ақша салуды ұсынған. Оған қаражат аударылғаннан кейін хабарласуды тоқтатқан. Сотқа дейінгі тергеу барысында тағы екі қылмыстық эпизод анықталды. Біріншісінде ер адам өзін тергеуші ретінде таныстырып, қылмыстық істі тоқтатуға көмектесуге уәде беріп, басқа адамдардың ақшасын жымқырған, екіншісінде, элиталық автокөлікті төмен бағамен сатып алуға көмектесемін деп уәде еткен, – дейді Әуезов аудандық Полиция басқармасының бастығы Ұлан Әбілқайыр.Тергеу кезеңінде ұсталған адамға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу шаралары жүргізілуде.