Атырауда көрші-қолаңды шошқа араздастырып қойды. Талпақ танаулардың санын күннен-күнге өсіріп жатқан тұрғынға көршілері қарсы. Ақыры өздерінің сөзі өтпегесін, дауға ауыл әкімдігін араластырған, одан да еш нәтиже жоқ, - деп хабарлайды КТК телеарнасы. Өйткені, шошқамен айналаны ластап, көршілерін жағымсыз иіске тұншықтырған азамат есігін тарс жауып, тірі жанмен тілдескісі келмейді. Жиналғандардың айтуынша, Есқайыр есімді азамат талпақ танауларды таң азаннан шыңғыртып, бауыздайтын көрінеді. Ал жел тұрса қолқаны қабатын иіс бүкіл ауылға таралады екен.
"Бір-екі шошқадан бастады. Қазір шошқасы көп. 100 бас болған шығар. Күнде мына жерде шыңғыртып сойып жатады. Қырғын машина келеді, етін алып кетеді. Енді иісіне шыдау мүмкін емес. Менің үйім тиіп тұр. Терезе аша алмаймын. Бір кездері үй бүргелеп кетті. Дихлафоспен әрең кетіріп алдым", - дейді Атырау тұрғыны Бақыт Құрамысова.Жергілікті тұрғындар көршісіне шошқаларын басқа жаққа бағуын талап еткен. Тіпті, әкімдікке де арыз жазып, шағымын айтты. Алайда оған құлақ асып жатқан ешкім жоқ.
"Ауылдың ортасында тұрып шошқа бағу деген масқара ғой. Совхоз емес, колхоз емес. Ол Германиядан көшіп келген неміс емес қой. Үйіне кіргізбейді", - деп шағымданды тағы бір қала тұрғыны Амангелді Тасболатов.Қысы-жазы қолаңса иістен зәрезап болғандар терезе ашудан қалған. Қаумалаған қауым шошқаны кәсіп қылған көршіміз атқамінерлермен ауыз жаласып алған деп күдіктенеді.
"Біреудің ауласына баса-көктеп кіре алмаймыз. Ол заңсыз. Еш себеп жоқ. Осыдан екі жыл бұрын Водников ықшамауданының адамдары жай ғана телеграммға жазған. Кейін біз шошқа бағатын азаматқа ескерту жасадық. Енді айтарымыз, нақты дәлелдермен, дәйектермен тұрғындар сотқа шағымдансын. Біз бірден білек сыбана кірісеміз", - дейді Атырау қалалық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Руслан Дәулетов.Ал шошқа бағып кәсібін дөңгелеткен азамат халықтың наразылығына қарамастан шаруасын кеңейтуге кұлшынып отырған көрінеді.