Қазақстанның бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес, вакцина алмаған студенттерге жатақханаға орналасуға тыйым салынады. Алайда бұл шектеу 18 жасқа толмаған, тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және коронавируспен ауырып шыққан студенттерге қатысты емес.
«Бөгде адамдардың кіруіне тыйым сала отырып, COVID-19-ға қарсы вакцина алған студенттер (18 жасқа толмаған, сондай-ақ тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және кейінгі үш ай ішінде коронавируспен ауырған студенттерді жатақханаға орналастыруға жол беріледі) жатақханаға орналастырылсын» делінген қаулыда. Жаңа оқу жылы басталған кезде вакцинаның толық компонентін алып үлгермеген студенттер вакцинацияны оқу орны орналасқан аумақтағы медицина ұйымдарында аяқтайды. Ал шетелдік студенттер Қазақстан аумағына оқуға тұрғылықты елдің уәкілетті органы растаған COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың толық курсы болған жағдайда ғана жіберіледі. «Шетелдік студенттер шекарадан өткеннен кейін 3 тәуліктен кешіктірмей ПТР әдісімен алынған COVID-19-ға тестілеудің теріс нәтижесі бар болған жағдайда күндізгі оқу форматына жіберілсін», деп жазылған құжатта.Сондай-ақ медициналық колледждер мен жоғары оқу орындарының білім алушыларына клиникалық базаларға, резидентура базаларына, денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарының клиникаларына, университет ауруханасына, интеграцияланған академиялық медициналық орталыққа вакциналау паспортымен расталған COVID-19-ға қарсы вакциналаудың толық курсы бар болған кезде кіруіне рұқсат етіледі.
Сонымен бірге студенттерге университетке Ashyq қосымшасы арқылы кіруге рұқсат етіледі. Бұдан бөлек ұстаздардың, персонал мен білім алушылардың дене қызуы күн сайын өлшенеді.