Қазақстан Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Қ. Мәмидің төрағалығымен бейнеконференция режимінде Конституциялық бақылау органдарының Еуразиялық Қауымдастығының отырысы өтті. Оған Армения, Беларусь, Әзербайжан, Индонезия, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан конституциялық әділет органдарының өкілдері қатысты.
Қонақ ретінде Конституциялық Сот төрелігі жөніндегі дүниежүзілік конференцияның Бас хатшысы Шнутс Дюрр мырза қатысты.Қатысушылар Қауымдастықтың Жарғысын қабылдады. Онда оның мақсаттары мен міндеттері, миссиясы, ынтымақтастық нысандары, органдардың өкілеттіктері, сондай-ақ Конгрестерді тұрақты негізде өткізу бекітілген. Делегация басшылары бір-бірін өз елдерінде өткен маңызды іс-шаралар мен одан әрі ынтымақтастық жоспарлары туралы хабардар етті, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады.Ұйым мүшелері құқықтық саладағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, сондай-ақ Қауымдастықтың Конституциялық Сот төрелігі жөніндегі дүниежүзілік конференцияның алдағы 5-ші Конгресіне қатысу мәселелерін талқылады. Халықаралық деңгейдегі осындай маңызды іс-шараға дайындық барысы туралы аталған Конгресті қабылдайтын Индонезия Конституциялық сотының өкілдері хабардар етті.
Еуразиялық Қауымдастық Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету, жалпы жұрт таныған конституциялық құндылықтарды ілгерілету мәселелері бойынша тұрақты диалог пен тәжірибе алмасуды қолдау мақсатында 1997 жылы құрылған болатын.Қ.Мәми отырысқа қатысушыларға белсенді ұстанымы, ортақ міндеттерді шешуге дайындығы үшін алғысын білдіріп, оларды 27 тамызға белгіленген «Интернет дәуірі: Құқық үстемдігі, Адам құндылықтары, Мемлекеттік тәуелсіздік» атты тақырыптағы Халықаралық Симпозиумға шақырды. Форум Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Қазақстан Конституциясы күніне орайластырылған.