Рудныйдағы балалар үйінің тәрбиеленушісін екі жыл бойы зорлаған күдікті ұсталды
Рудныйдағы балалар үйінің тәрбиеленушісін екі жыл бойы зорлаған күдікті ұсталды
© stan.kz
132
оқылды
Рудный қаласындағы балалар үйінің тәрбиеленушісін – кәмелет жасына толмаған жетім қызды 2 жыл бойы зорлап келгені үшін осы мекеменің қызметкері ұсталды. Қазір аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлайды Қостанай облыстық Полиция департаменті.
Facebook әлеуметтік желісінде «Не молчи» қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтан бұл ақпараттың рас-өтірігін анықтауды сұрады.
«Құрметті Ерлан Тұрғымбаев, сізден Рудный қаласындағы балалар үйі-интернатының қызметкері кәмелетке толмаған тәрбиеленушіні зорлап келгені үшін ұсталғаны жөніндегі ақпаратты растауды немесе жоққа шығаруды сұраймын. Бізге жеткіншек қыздың 2 жыл бойы зорлыққа ұшырап келгені жөнінде ақпарат келіп түсті. Ол бұл қылмысты зорлаушының ДНҚ-сын жинақтай алғаннан кейін ғана дәлелдей алған. Сонымен қатар, дәл осы қызметкер тарапынан тағы бір қыздың зорлық көргенін, алайда, ол қыздың қорқып, айғақтар беруге келіспей отырғанын анықтадық. Инсайдерлік ақпарат көзінен белгілі болғаны, қыздарды зорлаған балалар үйінің жұмысшысы бұрын полиция қызметкері болған. Бұл іске қатысты түсінік берулеріңізді сұраймыз», – деп жазды Дина Таңсәрі.
Қоғам белсендісінің бұл сауалына Қостанай облысының білім басқармасы және Полиция департаменті жауап берді.
«Балалар үйінің тәрбиеленушісі 1978 жылы туған ер адам тарапынан зорлық көргені туралы факті расталды. Бұл бойынша қылмыстық іс облыстың ПД Тергеу басқармасы өндірісінде қозғалды», – деп ПД бұл ақпаратты растады.
ПД мәліметінше, Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайды.
«Полиция департаментінің ақпаратына қосымша хабарлаймыз. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 120-бабымен қарастырылған қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу шаралары жүргізілуде. Кәмелетке толмағанға қатысты әлеуметтік-психологиялық оңалтуда білікті психологтардың көмегі көрсетілуде. Психологтардың мобильді тобы өткізген іс-шаралар нәтижесінде басқа балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілері анықталған жоқ. Бұл мәселе Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының ерекше бақылауында», – деген Білім басқармасы.