Швейцария Қазақстанға сенімді серіктес
Швейцария Қазақстанға  сенімді серіктес
245
оқылды

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Швейцария Федералды жиналысы ұлттық кеңесінің төрағасы Андреас Эби бастаған делегация өкілдерін қабылдады. Швейцария парламентінің жетекшісі Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келіп отыр.

Мәжіліс Спикері Швейцария Федералды жиналысы ұлттық кеңесі төрағасының Қазақстанға ресми сапарына ерекше екпін түсіріп, оның Қазақстан Тәуелсіз­дігінің 30 жылдық және Швей­цария Конфедерациясы құрыл­ғанының 730 жылдық мерейтойы­мен тұспа-тұс келген тарихи ма­ңыз­дылығына баса назар аударды. Тараптар екі ел арасындағы, соның ішінде парламентаралық  ынтымақтастықты дамыту төңі­регінде ой бөлісті. Нұрлан Нығма­тулин атап өткендей, Швейцария еліміздің Еуропадағы маңызды саяси және сауда-экономикалық әріптесі саналады. Өзара қарым-қатынас орнаған 29 жылдың ішінде Нұр-Сұлтан мен Берн арасында барлық салада ықпалдастық табысты дамып келеді. Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандық-швейцариялық ынтымақтастықтың берік негізін қалап, елдеріміз арасындағы әріп­тестікті дамытуға зор көңіл бөл­генін алға тартқан Нұрлан Зай­роллаұлы Қазақстан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы мемлекетпен екіжақты бай­ланыс­ты одан әрі тереңдетуге зор көңіл бөлетінін атап өтті. Кездесу барысында палата Төрағасы Мемлекет басшысының саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалары жайында кеңінен әңгімеледі. Н.Нығматулиннің байламынша, Швейцария Қазақ­станның ірі сауда әріптестерінің біріне айналды. Бұл ел біздің эко­номикамызға 30 млрд долларға жуық инвестиция құйды. Швей­цария­лық капиталдың қатысуымен Қазақстанда 400-ден астам кәсіп­орын жұмыс істейді. Нұрлан Нығматулин Қазақстан саяси диалогті, сауда-экономика­лық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық қатынасты ары қарай нығайтуға мүдделі екенін айта келіп, осы жолда барлық сала­да, соның ішінде заңнамалық орган­дар арасындағы серіктес­тіктің маңыздылығына тоқталды. Өз кезегінде Андреас Эби Қа­зақ­стан ауқымды жері бар әлемдегі ірі мемлекеттің бірі екеніне тоқ­талып, еліміздің экономикалық дамуы қарқынды, модерни­зациялық жетістіктері жоғары, демо­кратиялық ұстанымдары бе­рік екенін айтты. Жүздесушілер елдеріміз арасындағы байланысты барлық салада одан ары табысты дамытудың мүмкіндіктері зор екенін атап өтті.

Айхан ШӘРІП