Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Швейцария Федералды жиналысы ұлттық кеңесінің төрағасы Андреас Эби бастаған делегация өкілдерін қабылдады. Швейцария парламентінің жетекшісі Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келіп отыр.
Мәжіліс Спикері Швейцария Федералды жиналысы ұлттық кеңесі төрағасының Қазақстанға ресми сапарына ерекше екпін түсіріп, оның Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық және Швейцария Конфедерациясы құрылғанының 730 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген тарихи маңыздылығына баса назар аударды. Тараптар екі ел арасындағы, соның ішінде парламентаралық ынтымақтастықты дамыту төңірегінде ой бөлісті. Нұрлан Нығматулин атап өткендей, Швейцария еліміздің Еуропадағы маңызды саяси және сауда-экономикалық әріптесі саналады. Өзара қарым-қатынас орнаған 29 жылдың ішінде Нұр-Сұлтан мен Берн арасында барлық салада ықпалдастық табысты дамып келеді. Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандық-швейцариялық ынтымақтастықтың берік негізін қалап, елдеріміз арасындағы әріптестікті дамытуға зор көңіл бөлгенін алға тартқан Нұрлан Зайроллаұлы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы мемлекетпен екіжақты байланысты одан әрі тереңдетуге зор көңіл бөлетінін атап өтті. Кездесу барысында палата Төрағасы Мемлекет басшысының саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалары жайында кеңінен әңгімеледі. Н.Нығматулиннің байламынша, Швейцария Қазақстанның ірі сауда әріптестерінің біріне айналды. Бұл ел біздің экономикамызға 30 млрд долларға жуық инвестиция құйды. Швейцариялық капиталдың қатысуымен Қазақстанда 400-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Нұрлан Нығматулин Қазақстан саяси диалогті, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық қатынасты ары қарай нығайтуға мүдделі екенін айта келіп, осы жолда барлық салада, соның ішінде заңнамалық органдар арасындағы серіктестіктің маңыздылығына тоқталды. Өз кезегінде Андреас Эби Қазақстан ауқымды жері бар әлемдегі ірі мемлекеттің бірі екеніне тоқталып, еліміздің экономикалық дамуы қарқынды, модернизациялық жетістіктері жоғары, демократиялық ұстанымдары берік екенін айтты. Жүздесушілер елдеріміз арасындағы байланысты барлық салада одан ары табысты дамытудың мүмкіндіктері зор екенін атап өтті.Айхан ШӘРІП