«Nur Otan» партиясы Қызылорда қалалық филиалы жанынан құрылған «Ұлт денсаулығы және білім мен ғылымды дамыту жөніндегі» кеңес мүшелері облыстық Білім басқармасына қарасты интернаттық мекемелердің жаңа оқу жылына дайындығын тексерді.
Мониторинг жұмысы №9 және №10 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернаты оқу ғимараты мен жатақханалардың жағдайын бақылаумен басталды. Оқу корпусы мен жатақханаларда әлеуметтік қашықтықты сақтау жөніндегі белгілер орнатылған. Сондай-ақ мектеп ғимаратына жеке есік арқылы кіргізу мүмкіндігі де қарастырылғаны белгілі болды. Мониторинг топ мүшелері санитайзерлер, антисептиктер, жуғыш және дезинфекциялайтын құралдар жеткілікті мөлшерде қамтылуы және сол сияқты бактерицидтік шамдармен қамтамасыз етілуін басты назарға алды. Тексеру жұмысы барысында бірқатар мәселе де шықты. Ол проблемалар бойынша оқу орнының директорларына нақты тапсырмалар берілді. Бұдан бөлек, қаладағы «Бақытты Отбасы» орталығында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған жаңа бизнес-идеяларды іске асыру бойынша мемлекеттік гранттар алуға үміткерлердің өтініштері қаралды. Бұл мақсатта арнаулы комиссияның кезекті отырысы болды. Бұл жерде өз кәсібін бастаймын деген қала тұрғындары бизнес жоспарларын ұсынып, қорғады. Бизнес жоспарларының басым бөлігі мал шаруашылығы, автокөліктерге қызмет көрсету, тігін, сән салонын ашу, кондитерлік өнім шығару бойынша. Бұл бағдарламаның ерекшелігі жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, еңбек ресурстарының үлесін көбейтуге, белсенді жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің өсуіне жол ашады. Сонымен қатар «Nur Otan» партиясы Қызылорда қалалық филиалы жанындағы «Өңірлік даму жөніндегі кеңестің» басқосуы өтті. Кеңес отырысының күн тәртібінде «Nur Otan» партиясының Қызылорда қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөнінде сөз болды. Жол картасында көрсетілген Электр желілерінің тозу деңгейін төмендету бойынша атқарылған жұмыстар мен «КазАгроМир» ЖШС-нің жылыжай кешені жобасының іске асырылу барысы қаралды. Электр желілерінің тозу деңгейін төмендету бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-ның Өндірістік техникалық қызметінің бастығы Нұржан Күздубаев баяндады. «2016-2020 жылдар аралығында Еуразиялық қайта құру және даму банкінен №1-келісімшарт аясында электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарына 455 миллион тенгеге және №2-келісімшарт аясында электр энергиясын есепке алудың заманауи құрылғыларын орнату жұмыстарына 615,6 миллион теңге алдық. Жалпы сомасы 516 миллион теңгеге жұмыстар толық аяқталды. Жобаны іске асыру аясында келесі жұмыстар орындалды: Қызылорда қаласы бойынша 10/0,4 кВ әуе желісі – 294,6 шақырым, 10/0,4 кВ Кабелдік желісі – 11,9 шақырым, 10/0,4 кВ қосалқы станса – 52 дана, 10 кВ тарату пункті 1 данасы қойылды. Электр энергиясының үздіксіз берілуін қамтамасыз ету үшін Қызылорда қаласында Қызылжарма АЭТ-на қарасты аумағында орталық тарату пункті орнатылды. Оған 116 миллион теңге жұмсалды, – деді ол. Одан бөлек, «КазАгроМир» ЖШС ашқан жылыжай кешені пайдалануға берілгені мәлім болды. Жылыжай күніне 5-6 тонна қияр жинап, алдағы уақытта қуаттылығын күніне 10 тоннаға дейін ұлғайтпақ. Жылыжайдың жылдық қуаттылығы мың тонна болып отыр. Қазір 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған.М.ЖАЛҒАСҰЛЫ