Электронды сауда өркен жайып келеді

Электронды сауда өркен жайып келеді

Қазақстанда электронды коммерция ауқымы күрт артты. Оның көлемі бір жылда екі еседей артып, 1,5 триллион теңгеге жуықтады. Мұның сыртында 1 жыл ішінде қолма-қолсыз төлем көлемі де бірден 2,4 есеге артып, 30 триллион теңгеге жетті. Бір жыл бұрын алынған меже 12,4 триллион теңге болатын. Бұл – ел Үкіметі жүргізіп отырған электронды сауданы ынталандыру жөніндегі кешенді жұмыстардың нәти­жесі.

Осы бағытта заңнаманы жетіл­діру, қолма-қолсыз есеп айы­рысуды ілгерілету,  шағын және орта бизнесті оқытып, үйрету, жеткізу қызметін және логис­тика­лық сервистерді дамыту шаралары қабылданып жатыр. Ішкі электронды сауданың өркендеуіне серпін беру мақса­тында шағын және орта кәсіп­керлікті онлайн бизнес жүргізуге үйрету жұмысы белсенді жүр­гізілу­де. Осы орайда алдағы қыркүйектен бастап Сауда және интеграция министрлігі SmartDuken.kz плат­формасын іске қоспақ. Биыл бұл тұғырнамада 4 курс орналас­тырылады. Қазір курстарды іске қосу кестесі әзір. Осы курстар үшін контент дайындау жұмыстары жалғасады. Коронавирус пандемиясы шағын және орта бизнестің қызметіне өзгерістер әкелді. Карантин шектеулері және дағдарыс салдарынан 19,3 мың шағын кәсіпорын өз қызметін уақытша тоқтатқан. Дегенмен кәсіпкердің көбі жаңа жағдайға бейімделді. Қолма-қолсыз төлем­дер инфрақұрылымын пайда­лану арқасында кәсіпкерлер өз қыз­метін онлайн режимге көшірді. Бұл ел экономикасының қайта жандануына және рецессиядан шыға бастауына ықпал етті. Мысалы, коронавирустың тара­луына тосқауыл қою мақ­сатын­да енгізілген карантин шек­теулері электронды сауда сала­сының тұрақты дамуына оң әсер еткен. Сауда және қоғамдық та­мақтану орындары «тұтынушыға дейін жеткізу» қағидаты бойынша жүйелі жұмыс істеді. Тауарларды сату арнайы сайттармен, мар­кетплейстермен қатар, Instagram, Facebook әлеуметтік желілері мен мобильді қосымшалар арқылы жүргізілді. 2021 жылдың бірінші жарты­сының қорытындысында төлем карталары арқылы төлем қабыл­дайтын кәсіпорындардың саны 210,8 мыңға жетті. Бұл өткен жыл­ғы көрсеткіштен (101,5 мың ком­пания) екі еседей артық. Осы­лайша, төлем қабылдауды авто­маттандырған отандық бизнес нысандарының саны еселеп өсіп келеді. Кәсіпкерлердің онлайн фор­матқа ауысуы іскерлік белсенділік көрсеткішінің жақсаруына да түрткі болды: биылғы наурызда іскер­лік белсенділік индексі пан­демия басталғалы алғаш рет оң көрсеткішке жетті. Өңірлік бөліністе төлем кар­талары арқылы есеп айырысатын сауда орындарының саны жөнінен Алматы (51,4 мың), Нұр-Сұлтан (34,8 мың) қалалары және Қара­ған­ды облысы (16,6 мың) алда. Төлем жасау саласында инно­вациялық шешімдердің кеңінен енгізілуі арқасында электронды сауда қолма-қол ақша айналымын ығыстырып жатыр. Атап айтсақ, 2021 жылдың бірін­ші жартысының қорытын­дысында қолма-қолсыз төлем­дердің үлесі 75,4%-ды құрады. Бұл ретте төлемдердің 82,7%-ы интернет және ұялы телефон арқылы онлайн тәсілмен жүзеге асырылған.

Е.ЕРДЕНОВ