ҰҚШҰ мемлекеттері мәлімдеме жасады
ҰҚШҰ мемлекеттері мәлімдеме жасады

26 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні қарсаңында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекет­тердің сыртқы істер министрлері Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 30 жыл­дығына орай бірлескен мәлімдемені қабылдады.

ҰҚШҰ құрамындағы 6 елдің бірлескен мәлімдемесінде Семей ядролық полигонын өз Жарлы­ғымен жапқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі ерекше атап өтілді. Министрлердің мәлімдеуінше, мұндай тарихи қадам ядролық сынақтарды өткізуге жан-жақты тыйым салу идеясын ілгерілету жолындағы маңызды кезеңге айналды. Құжатта Семей ядролық полигонының жабылуы бүкіл әлем­дегі ядролық сынақтарға мораторий қою жөніндегі халық­аралық іс-қимылға және 2006 жылы Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақты құруға алғы­шарт болғаны баса айтылды. Семей полигоны жабылғалы бері оның аумағы мен іргелес аумақ­тарын қалпына келтіру, сон­дай-ақ радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоршаған ортаны қалпына келтіруге бағыт­талған Қазақстанның ауқымды жұмысы атап өтілді. Ядролық таратудың қаупін жою мақсатында Қазақстанның Ресеймен және АҚШ-пен бұрынғы полигон аумағында жүзеге асырған бір­лес­кен жобаларының маңыздылығына екпін түсірілді. Құжатта 2020 жылғы желтоқ­санда қабылданған БҰҰ Бас Ассамблеясының «Қазақстандағы Семей аумағының тұрғындарын оңалту, қоршаған ортаны қалпына келтіру және экономикалық да­мыту мақсатындағы халықаралық ынтымақтастық» атта қарарына қолдау білдірілді. Сондай-ақ Ядро­лық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шарттың тезірек күшіне енгізу мақсатына ұйым елдерінің беріктігі нықталды. Жалпы, ҰҚШҰ елдері ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан Қазақстанның ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуға, ха­лық­­аралық қауіпсіздік пен тұрақ­тылықты сақтауға қосқан үлесіне жоғары баға береді.

Айхан ШӘРІП