Әлемде ашық түрде жарияланбай, құпия жүргізілген, тірі адамның жаны түршігерлік алапат соғыс қазақ жерінде ғана өтті. Ол – Семей ядролық сынақ майданы! Бұл майданның тактикасы мен стратегиясын әскери шенділер емес, ғалымдар тобы жасады. Кеңес үкіметі қалың қазақтың ортасына 456 бомба жарып, 1 миллионнан астам адамды құрбандыққа шалды! Қасірет сепкен полигон Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың 1991 жылғы 28 тамыздағы Жарлығына сәйкес келесі күні жабылды.
Биыл Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл толды. Жарылыстан зардап шеккен аумақ 18 мыңнан астам шаршы шақырымды қамтыды. Осы аумақта тұратын қазақ «сынақ қояндарына» айналды. Алғашқы атом бомбасы (дұрысы заряд) сыналған уақыт –1949 жылдың 29 тамызы, тура сағат таңғы жеті. Әскерилер естелігіне сүйенсек, заряд 30 метр биіктікте, бетон бақан үстінде жарылған. Көз ілеспес жылдамдықпен ұлғайған отты доп жерге қадалып, сосын аспанға көтерілген. Отты шар көз жетер жердің топырағы ыстық күлге айналдырып жіберген. Сынақ алаңына байлап қойған жылқы, қойдың есі кетіп, жүні, терісі жидіп түсіп қалған. О, тоба! Байлаулы тұрған иттердің қорыққаны сонша, жүректері жарылып өлген. Аң-құстар жантәсілім алдында жанталасып жатыпты. Жарылыстан жанды мақұлықтар түгілі қара жер тітіркенді. Жарылыстар жер үстінде және ауада өткен бірінші кезеңде (1949-1962 жылдары) ауа мен топырақ ластанды. Екінші кезеңде (1963-1989 жылдары) жарылыстар жер астына ауысты. Бұл кездегі экологиялық апат – сулар құтты бір жер жарықшағына саулап ағып, жоғалып кеткендей болды. Арналы өзендер (Шаған, Маралды, Мұқыр тағы басқасы) мен қыр құдықтары кеуіп қалды. Семей полигонында жиыны 456 ядролық сынақ жасалды. Елдің, тұрғындардың тағдыры көкпарға салынды. – Алғашқы зардаптар біздің ауылда 1951-1952 жылдан байқалды дейді үлкендер. Аяғын баса алмай қалған, ақсақ-тоқсақ адамдар саны күрт көбейген. Үкімет адамдары беймәлім дертті «бұл малдан жұққан бруцеллез ауруы» деп жалтарып, жасыруға бұйрық алыпты, – дейді техника және филология ғылымдарының кандидаты, сынақ полигонынан 60 шақырым жерде дүниеге келген Бөденелі ауылының тумасы Асан Омаров ағамыз. Әу баста сыналғандарға 1953 жылдан бастап термоядролық бомбалар қосылды. Солардың ішіндегі ең қуаттысы 1953 жылдың шілде айына келсе керек-ті. Өйткені сол жолы бұрынғы Семей облысының Абыралы, Абай аудандары ауылдарының тұрғындары 20 күнге көшіріліп, тек 40 адам «тәжірибе жасауға» қалдырылғаны мәлім. Осы қырықтың бірі Талғат Слямбеков көзі тірісінде: «Сол күні аспан шайдай ашық еді. Ойымызда ештеңе жоқ, сыртта жүргенбіз. Бір уақытта ашық аспанда найзағай жарқ ете қалды. Іле алып саңырауқұлақ көкке көтерілді. Қатты толқыннан деміккендей болдық. ...Арада екі сағат өткеннен кейін әскери адамдар тікұшақпен келіп, бізді машинаға отырғызып, Шыңғыс тауының ішіне алып кетті. Осы жерде олар бізді есепке алды. Үсті-басымызды дозиметрмен тексерді де, әрқайсысымызға 200 грамдық стаканға толтырып, арақ берді. ...Арада бір жыл өткен соң әлгі 40 адамның сегізін Семейге алып барып, бір жарым ай бойы тексеруден өткізді. Бізбен сөз арасында «Осының бәрі болашақ үшін» деп қояды. Сонда ғана барып өзіміздің сынақ аймағында тәжірибе үшін қалдырылғанымызды білдік» депті марқұм («Қазақ әдебиеті» 1991 жыл, тамыз).– 1955 жылдың 22 қазанында сыналған сутегі бомбасынан кейін адамдардың жаппай қырылуы басталды. Сутегі бомбасы – тірі организмді жоюға арналған бомба. Одан балалар мен жас сәбилер көп шетінеді. Әлі есімде, апа-әжелер беймәлім дертті «қызылша» дейтін. Себебі баланың ыстығы көтерілетіні сонша, маңдайына қол тигізбейді, терісі қызарып кетеді, екі-үш күннен аспай ажал құшады,– деді Асан Омаров. Эпицентр аумағында 1954-1956 жылдар арасында туған сәбилердің бірі ерте, бірі кеш, бәрі дерлік шетінеді. Төкен марқұмның айтқаны: «1954 жылы туған Рымғайша, 1956 жылғы Бақытжан көз жұмды. Әсіресе, Бақытжанды ұмыта алар емеспін. Ыстығы көтеріліп, екі көзі шырақтай жанып жатқан қарындасым мал басындағы әкеміз үйге кіріп келгенде «Әке!» деп атып тұрып, әкесінің мойнына асылған күйі үзіліп кете барды». ...Полигон құрбандарының есебі жоқ. Опат болғандар еш жерде тіркелмейді, сәуле алған жандарды емдеу жайлы ешкім жақ ашпайды. Заман солай! ...Алуан түрлі амалмен алдаусыратты. Мысалы, Семейдің облыстық баспасөз бетінде «Жаман дерттің таралуы ыстық шайдан, түнде ет жегеннен» деген көбік әңгімелер жарияланатын. Семей ядролық полигонындағы сынақтардың әсері туралы алғашқы шын да жүйелі деректер Қазақ КСР Ғылым академиясы жүргізген кең ауқымды медициналық-экологиялық зерттеулердің нәтижесінде алынды. Зерттеулерді, ғылыми экспедицияларды профессор Б. Атшабаров басқарды. Радиациялық сәулеленудің ықпалына ұшыраған аумақ тұрғындарының арасында өкпе мен сүт бездерінің рагы, лимфогемобластоз және басқа да қатерлі ісікті патологиялары қатты байқалады. – Рак ісігі сынақтар басталғалы бері үш есе өсті. Семей полигонына жақын аудандарда әртүрлі ауытқу, тәндік және есту кемшілігі бар әрқилы сәбилер дүниеге көп келеді. Мамандардың айтуынша, соны бәрі нақ қысқамерзімді және қалдықты радиацияның кесірінен болатын генетикалық мутациямен байланысты. Адамдар ғана емес, жер де азап шегеді. Жылма-жыл радионуклидтердің жинала беруі жердің құнарлығын азайтады. Жердегі орасан зор микроэлементтер: темір, мыс, магний және басқа металдар адам организміне сіңеді,– дейді Б.Атшабаров. 1989 жылдың ақпанында Семейдегі атом полигонын табу үшін күресті бастауға ұйғарған «Невада–Семей» қозғалысының алғашқы митингісі өткізілді. Сол жылдың 6 тамызында Семей облысының Қарауыл ауылында ядролық қаруды сынауға мораторий жариялау жөнінде КСРО және АҚШ президенттеріне үндеу қабылданды. Онда былай делінген болатын: «Сайын даламыз ядролық жарылыстардан қалтырап бітті, сондықтан да онда ары қарай үнсіз қалу мүмкін емес. 40 жыл ішінде бұл арада мыңдаған Хиросималар жарылды. Біз келешекті қауіппен күтудеміз. Уайымсыз отырып, су мен тамақ ішу, өмірге нәресте әкелу мүмкін емес болып барады. Қазақстандағы ядролық қаруды тоқтату үшін, өз үйімізде бейбітшілік пен тыныштық орнату үшін, өз құқықтарымыз үшін күресу мақсатында біз «Невада–Семей» қозғалысын құрдық». Осы уақытқа дейін үнсіз тығылып келген халық бір дауыстан «Ядролық қаруға жол жоқ!», «Сынақтар тоқтатылсын!» деп мәлімдеді. Ядролық сынақтардың қатері жөнінде барлық бұқаралық ақпарат құралдарында, телевидение мен газеттерде әңгіме бола бастады. Түрлі елдің парламенттері өз сессияларында қозғалыс ұрандарын талқылап жатты. Радиациялық сәулелердің зардабы жайлы дәрігерлер мен ғалымдардың ашық әңгіме қозғауға батылы жетті. Халықтың бастамасымен тұңғыш рет КСРО Үкіметі ядролық қаруды сынауға тыйым салу – мораторий жасау туралы шешім шығарды. Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларацияда ел аумағы ядросыз аймақ деп жарияланды.Эпицентр аумағында 1954-1956 жылдар арасында туған сәбилердің бірі ерте, бірі кеш, бәрі дерлік шетінеді. Төкен марқұмның айтқаны: «1954 жылы туған Рымғайша, 1956 жылғы Бақытжан көз жұмды. Әсіресе, Бақытжанды ұмыта алар емеспін. Ыстығы көтеріліп, екі көзі шырақтай жанып жатқан қарындасым мал басындағы әкеміз үйге кіріп келгенде «Әке!» деп атып тұрып, әкесінің мойнына асылған күйі үзіліп кете барды».
Дәулет АСАУ