Шектен шыққан банкирді шекті меже тежей ме?
Шектен шыққан банкирді шекті меже тежей ме?
© коллаж: Елдар Қаба
238
оқылды

Барлық банк несие бергенде сақтандыруды қоса таңады. Оның құны кейде заем сомасының жартысына дейін жетеді. Бұл жерде еш таңдау, еріктілік жоқ: өз өміріңізді сақтандыр­масаңыз, кредиттен қағыласыз. Мұны естіп, тұнжыраған клиен­тін жадырату үшін банк менеджері «жақсы жаңалығын» жеткізеді: кредитті уақытылы төлесеңіз, сақтандыру сомасы сізге кері қайтарылады. Алайда барлық шартты орындаса да сол қаржысын қайтара алмай, арызданып жүргендер қаншама? Қаржылық реттеуші банктердің осы қарау қарекетімен күресу­ге, құрық салуға кірісті. 

Қарыз алушылар қос жақтан жем болуда

Заңнама бойынша банктер өз клиентіне бергелі тұрған кредиттің құрамына кіретін барлық төлемнің жай-жапсарын жайып салуға міндетті. Атап айтқанда, банк менеджері барлық сыйақы, пайыз, төлемдерді қоса алғанда кредиттің толық со­масы­ның қандай болатынын, ар­тық төлеу қанша теңгені құрайты­нын, кредитті мерзімінен бұрын өтеген кезде комиссиялардың бар-жоғын, тіркелген және өзгер­мелі сыйақы мөлшерлемесін, клиенттің жүгінген күніне жылдық тиімді сыйақы ставкасының мөлшерін, түрлі комиссиялардың көлемін және басқаларын ашып көрсетуі тиіс. Нәтижесінде, кредиттік шарт бойынша қарыз алушы төлейтін барлық төлемнің жалпы сомасы – жылдық тиімді сыйақы мөлшер­лемесі (ЖТСМ немесе ГЭСВ) шығады. Бұл заң талаптарының сақ­талуын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қадағалап отыр. Алайда қулығына құрық бой­ламай­тын банкирлер баяғыда-ақ заңды айналып өтуге, клиенттен қосымша пайда табуға төл сүрлеуін салып алған. Соның бірі – сақтан­дыру. Банктерге несие рәсімдеу үшін жүгінген жандар осы тұзаққа жаппай түсуде. Біріншіден, банктер тек «өзі сенім білдіретін» сыбайлас сақтан­дыру компанияларының тізімін ұсынып, соның бірінің қызметіне жүгінуге және соның полисін са­тып алуға мәжбүрлейді. Кейбір банктер мұндай компанияны өзі құрып алған. Екіншіден, жүздеген мың теңге тұратын сақтандыру сомасы да кредиттің жалпы сомасына қо­сыла­ды, оған да сыйақы есептеледі. Яғни, борышкер сақтандыру ком­паниясына да, банкке де ақы төлеп, екі есе шығындалады. Үшіншіден, несие толық әрі адал өтелсе де, сақтандыру ком­пания­лары әртүрлі сылтаумен сақтандыру сомасын қайтармауға бейім тұрады. «Мен «Алтын банктен» қомақ­ты сомада тұтынушылық кредит алдым. Несие рәсімдеу кезінде 5 жылға өмірімді сақтандырды. Қарызымды мерзімінен бұрын өтеп тастадым. Содан кейін банкке жүгінсем, полисті сатқан банк менеджері сақтандыру қаражатын қайтаруды жүзеге асыра алмайты­нын жеткізіп, тікелей сақтандыру компаниясына жүгінуге кеңес берді. Дереу сақтандыру компания­сының байланыс орталығына хабарластым, ондағылар Азамат­тық кодекстің әлдебір бабына сіл­теме жасап, қаражатты қайтармай­тынын мәлімдеді. Мұндай кесірге кезіккен азаматтар көп екен. Билік несиесін адал төлеген адамдардың сақтандыру сомасын толық немесе ішінара қайтару тетігін енгізсе деген тілегіміз бар», – дейді елорда тұрғыны Ержан Е.

Банктердің қиянатына ел көнуге мәжбүр

Қаржылық реттеу агенттігі аза­мат­тардың мұндай шағымдарына үн қатқан болады: арызда аттары аталған банктер мен сақтандыру компанияларына қатысты тексеру жүргізеді, ескерту жасайды  әрі кетсе айыппұл салады. Алайда халықты қанап алған қаражат кері қайтарылмайды, компания қалта­сында қалады. Ақмолалық Айнагүл Жақып банк­тердің бірінен 2018 жылы 1,9 миллион теңге сомаға 48 айға несие алғанын айтады: «Заем рәсімдеу кезінде банк өмірімді сақтан­дыруым керегін түсіндірді, себебі әлдеқалай жазатайым оқиға бола қалса, өмірден өтсем, несие соның есебінен жабылады-мыс. Бірақ сақтандыру компаниясын сырттан іздей алмайтыным анықталды, амалсыз, ұсынғанын таңдадым. Ақырында сақтандыру полисі 547 мың теңгеге түсті. Бұл енді халықты қанау ғой. Құзырлы органдар банктердің қосымша қызметтерді таңуына қалай жол беріп қойған?!» – дейді ол. Бауыржан Жәнібек те бұл әділетсіздікке наразы: «Несиемді «Еуразиялық банк­те» қайта қаржыландырдым. Нәтижесінде, 980 мың теңге кредит үшін 340 мың теңге тұратын сақтандыру полисін алуға мәжбүр етті. Оны алмасам, қайта қаржы­лан­дырмайтын болды. Салдарынан пайыздық несиелерін қосқанда, енді мен банкке 1,5 миллион теңге төлеуім қажет. Бұл ретте сақтандыру туралы ақпаратты тек келісімге қол қою кезінде ғана жария етті. Тиісінше, кешігіп қалатын бол­ғандықтан, келісімге қол қоюдан басқа амал қалмады», - дейді ол. Айтқандай, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша депар­таменті биылғы жылы аталған банкке қатысты тексеру жүргізіпті. «Тексеру нәтижесінде анық­талғандай, банк тұтынушыларға несие алу кезінде өмірді сақтандыру және жазатайым оқиғадан сақтан­дыру қызметтерін таңып келген. Осыған байланысты «Еуразиялық банк» АҚ әкімшілік жауапкер­шілік­ке тартылды, оған бұзу­шылық­ты тоқтату туралы нұсқама бе­рілді. Тұтынушыларға өз құқық­тарын қалпына келтіру үшін Қаржы­лық реттеу агенттігіне не­месе сотқа жүгінуге кеңес береміз», – деп мәлім етті антимонополиялық орган. Расында, биыл «Еуразиялық банк» өз клиенттеріне қосымша қызметтерді таңғаны үшін 4,1 миллион теңге айыппұл арқалады.

Агенттік банктерді төрт әріппен тоқтатпақ

Сонымен, билік банктердің наразы клиенттеріне соттасуды ұсынады. Дегенмен қарапайым тұтынушыға заңгерлер тобына ие банктермен арпалысу қиын. Соттасса да жеңіліп қалуы кәдік. Оның үстіне, банктер сақтан­дырудың «ерікті жүретінін» алға тартады. Келісімде де клиенттің өмірі мен денсаулығын өз еркімен сақтандырғанын бадырайта жазып қояды. Заңгерлер соны алға тартып, сотта бет қаратпайды. Шынында, бәрі еріксіз жүреді: сақтандырылмаса, несие рәсім­делмейді. Бұл кесір құбылыспен күресу үшін қаржылық реттеуші шетелдік тәжірибені қолданбақ. Осы мақсатта Қаржылық реттеу агенттігі «Кейбір нормативтік-құ­қық­тық актілерге кредиттік бюро­лар және банктік, микроқаржы қызметін реттеу мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулы жобасы әзірлеп отыр. «Қазір жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі құрамына тек банк пайда алушы болып табылатын сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйақылары енгізіледі. Көбіне, банктер заемшыны сақтандыру шартына қол қоюға мәжбүр етеді, міндеттейді. Ал қағаз жүзінде мұның ерікті жүргенін және қарыз алушының өз ықтияры екенін көрсетеді. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, ЖТСМ құрамы­на қарыз алушының несие алумен байланысты шеккен барлық шығыс­тары енгізілуі тиіс. Сол себепті ЖТСМ құрамына банк пайдасына, сонымен бірге банк ұсынатын үшінші тұлғалардың пайдасына есептелетін кез келген агенттік сыйақылардың сомасын қосу ұсынылады», – деп түсіндірді Қаржылық реттеу агенттігі. Кейбір банктер сақтандыруды бірден сатпайды, келісімде оның кейінге қалдырылғаны көрсетіледі. Бірқатар банк клиент берешегін қайта құрылымдауды, қайта қар­жы­ландыруды өтінсе ғана өмірді сақтандыруды талап етеді. Қар­жылық ұйымдар осы тетікті қол­данып, жаңа норманы да айналып өтуі мүмкін. Сондықтан Қаржылық реттеу агенттігі «сақтандыру сыйақысы банктік қарыз шартын бекіту кезінде емес, қолданылу кезеңінде төленсе, онда ЖТСМ-ді қайта есептеуді» енгізбек. Мұның бәрі нені білдіреді? Сарапшылардың байламынша, банк пайдасына және ол ұсынатын үшінші тұлғалардың пайдасына есептелетін барлық агенттік сыйақы­лар сомасын ЖТСМ-ға қосу ақырында ол шығындардың азаюына әкелуі тиіс. Себебі Қазақстанда кредиттер бойынша пайыздық шекті меже белгіленген. Одан асыруға тыйым салынған. Нақтылай кетсек, 2011 жылдан бері барлық банктік заемдар және микрокредиттер бойынша ЖТСМ ставкасы бірыңғай болды және 56%-ды құрады. Ал биылғы наурыз­да агенттіктің қаулысымен ипотека бойынша шекті ставка 25%-ға дейін төмендетілді. Кепілдігі бар банктік несиелер бойынша жыл­дық сыйақының шекті ставкасы 56%-дан 40%-ға дейін азайтылды. Тек кепілзаты жоқ кредиттер мен микрокредиттер бойынша ЖТСМ 56% деңгейінде қалды. Егер банктердің қарыз алушы­дан талап ететін төлемдерінің көлемі сыйақының осы шекті мөлшерінен асып түссе, қаржылық ұйым заңнамаға сәйкес жауапкер­шілікке тартылады. Демек, агенттік қаулы жобасын қабылдаса, сақтан­дыру шығындарының сомасы да осы шекті межемен қатаң шек­телетін болады.

Елдос СЕНБАЙ