Атом бәсекесі – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін алып державалар арасындағы бір-бірінен асып түсу үшін басталған текетірес еді. Өздерінің әлділігін көрсету үшін түрлі қаруды шығарған мемлекеттердің сол уақыттағы зерттеулерінің зардабын қарапайым халық әлі күнге дейін тартып келеді. Биыл Семей сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл толады. Алайда жердің асты-үстінде жасалған ядролық сынақтардың залалынан арылар емеспіз.
Қарағанды облысының ауқымды жері әлі күнге дейін залалын көріп келе жатса, тұрғындар зардабын шекті. Жазылмас жара болып қалды. Қарағанды қаласының Достық үйінде белгілі суретші, антиядролық қозғалыстың белсендісі Кәріпбек Күйіков Семей полигоны жабылуының 30 жылдығына арналған көрме ұсынды. – Өз шығармаларымда халықтың жанайқайын бейнеледім. Себебі мен және менің ата-анам ядролық сынақтардың тірі куәгерлеріміз. Мен туып-өскен Егіндібұлақ ауылы полигоннан жүз шақырым жерде орналасқан. Бала кезімде ата-анамның Семейге жиі барғаны есімде. Содан кейін олар көбіне дала арқылы өтетін жолды қысқартып, қиып өтетін. Әрине, мұның бәрі бізге әсер етті, – дейді Кәріпбек Күйіков. – Өзімнің суреттерім арқылы адамдарға ядролық қарудың қауіптілігі туралы жеткізгім келеді. Елестетіп көріңізші, егер ол террористердің қолына түссе не болады? Сондықтан антиядролық қозғалыс – бұл менің бүкіл өмірім. Достық үйінде қоғам қайраткерлерінің, ғалымдардың, этноұйымдар мен «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы белсенділерінің қатысуымен онлайн режимінде «Ядролық қарусыз Қазақстан – бейбітшілік пен келісім елі» атты дөңгелек үстел өтті. Кездесуді облыстың Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырды. – Биыл біз ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Бұл күн Семей полигонындағы ядролық сынақтардан бас тартудың 30 жылдығымен тұспа-тұс келді. 1991 жылғы 29 тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сансыз азап шеккен ядролық жарылыстарды тоқтатып, бейбітсүйгіш ел ретінде бүкіл әлемге Тәуелсіз Қазақстанды паш етті, – деп атап өтті Қарағанды облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын. – Атом бомбаларының жарылыстарынан кейін қандай қайғылы жағдай болғанын бәріміз есте ұстауымыз керек. Ядролық сынақтар Семей, Павлодар және Қарағанды облысында көрініс тапты. Жарылыстардың салдарынан біздің миллиондаған азаматымыз зардап шекті, ал радиоактивті жауын-шашын флора мен фаунаны жойды. Мұның бәрін ұмытпауымыз керек. 29 тамыз – қазақстандықтар үшін ғана емес, бүкіл әлемдік антиядролық қоғамдастық үшін де ерекше күн. Естеріңізге сала кетейік, Семей полигонында алғашқы сынақ 1949 жылдың 29 тамызында өткізілді. Ал 42 жылдан кейін сол күні полигон Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ресми түрде жабылды. 2010 жылдан бастап 29 тамыз Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні ретінде атап өтіледі.Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы