Қызылордада ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Конституция күніне орай дөңгелек үстел өтті. «Тәуелсіз Қазақстан: жасампаздыққа толы жылдар. Қызылорда облысының басты жетістіктері» тақырыбымен өткен жиында отыз жылда еліміз бен Қызылорда облысының қол жеткізген табыстары мен жасампаз істері, жарқын жетістіктері сөз болды.
Ел тарихына шолу жасап, ұлттық құндылықтар дәріптелген басқосуда Елбасының сарабдал саясатымен жүзеге асқан Қазақстанның даму моделі, тәуелсіздікті қалыптастырудағы Ұлт көшбасшысының рөлі айшықталды. Бұл басқосуға аймақтың зиялы қауым өкілдері, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, ғалымдар, желтоқсаншылар мен Семей ядролық полигонына қарсы қозғалыс мүшелері, Ауған соғысының ардагерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері, облыстық этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымының жетекшілері және белсенділері қатысты. Басқосуда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет «Тәуелсіздігіміздің 30 жылы – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес», – деп атап өтті. «Eлбaсының көшбaсшылық қaсиeті ел экономикaсын әлeм бойыншa eң қарқынды дaмушы мемлекеттердің дәрeжeсінe жeткізді. Конституцияны қабылдап, ұлттық валютамыз төл теңгемізді айналымға енгізіп, дербес қаржы жүйесін құрды. Бейбіт жағдайда мемлекетіміздің шекарасы шегенделіп, нарықтық экономикаға батыл қадам бастық. Экономикадағы даму динамикасы да еліміздің Тұңғыш Президентінің еселі еңбегінің, сындарлы саясатының жемісі», – деді дөңгелек үстелге қатысушы сарапшылар. Сонымен бірге Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы «Тоқырау жылдарында нарықтық экономикаға көшу – бұл өте қиын шаруа. Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде біз ең алғашқы болып 1992 жылдан бастап нарықтық қатынасқа ендік. Қазір толыққанды Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті нарықтық қатынасқа енген мемлекет деп әлем жұртшылығы мойындайды», – деп пікір білдірді. Өз кезегінде неміс этномәдени бірлестігінің жетекшісі Ирина Шек «Тәуелсіздіктің арқасында әсем астанамызды салдық. Жастарымыздың болашаққа деген сенімі арта түсті. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, ел бірлігі нығая түсті. Өңірлерде Достық үйлері ашылды. Тұрақтылықтың арқасында еліміз көркейді, дамудың даңғыл жолына түсті», – деді. Келелі кездесуді қорытындылаған сарапшылар Еуропа қауіпсіздік ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету, EXPO-2017 халықаралық көрмесін өткізу, Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу сияқты ірі тарихи оқиғалар еңселі елдің әлемдік аренадағы салмағын айқындаса, осы тарихи кезеңде ұлтқа көшбасшы болып, дамудың дара бағытын қалыптастыру, мемлекетімізді жаңа белестерге жетелеу Елбасының есімімен тығыз байланысты екенін айтты.Ерқанат СӘРСЕНБАЙ, Қызылорда облысы