25 мектепке 5 инспектор
25 мектепке 5 инспектор

Бірер күннен кейін жаңа оқу жылы басталады. Ми­нистрлік мінберінен келген бұйрық бойынша биыл оқу­шылар сабақты оффлайн оқымақ. Осыған бай­ланысты қазір ата-ананың бірі баласы үшін мектеп формасын іздеп әлек болса, енді екіншілері оқулықтарын түгендеп жүр. Ал әкімдіктегілер мектеп құрылыстарын дер ке­зінде аяқтаймыз деп алаөкпе болуда. Әрине, мұның бәрі дұрыс-ақ. Алайда жамбылдық шенділер жаңа оқу жылында бір нәрсені ұмыт қалдыруда. Ол – оқу орын­дарын мектеп инспекторларымен қамту мәселесі.

Әлемдік пандемия біреуге ауыр соқса, атқамінерлерге сылтау болғаны жасырын емес. Олай дей­тініміз, төмен көрсеткіш пен ат­қарылған жұмысты «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп басшылар ті­келей коронавирус індетімен бай­ланыстыратын болды. Білім сала­сындағы «бауын тапса, байлауын таппаған» кемшіліктерді де шен­ділер былтыр кеселдің кесірі деп көрді. Алайда биыл жағдай бас­қаша. Оқушылардың дені мектеп­тен табылатындықтан, жаңа оқу жылына тас-түйін дайындық ке­рек. Әсіресе, балаларды ауыр ін­дет­тен ғана емес, сырттан төнетін қауіптен де қорғау маңызды. Ал аудандардағы мектеп инспек­тор­ларының санына қарайтын бол­саң, бойыңды үміттен гөрі үрей билейді. Мәселен, облыс орталығынан шалғай жатқан Мойынқұм ауда­нында биыл жыл басына дейін бар болғаны екі-ақ мектеп инспекторы болған. Ал ауданда 25 мектеп тір­келген. Ауылдардың арақашық­тығы бір-бірінен 160-200 шақы­рымға дейін баратынын ескерсек, екі инспектор жыл ішінде қандай жұмыс істегенін бағамдай беріңіз. Аудандық полиция бөлімінің жер­гілікті полиция қызметі бөлім­ше­сінің бастығы Тимурлан Абдра­ма­новтың айтуынша, жоғары жаққа қанша сұраныс жіберсе де, мәсе­лені қаржыға тіреп, өтініштерін қанағаттандырмай қойыпты. – Биылға дейін ауданда екі мек­теп инспекторы жұмыс істеп келді. Алайда күні кеше қатары­мызға тағы үш инспектор қосылды. Биыл осы бес инспекторға 25 мек­тепті бақылау міндеттеліп тұр. Алайда инспекторларымыздың көлігі де, қажетті құрал-жабдық­тары да жоқ. Егер қажетті көлікпен қамтып берсе ауыл арасын аралап, шама-шарқымыз жеткенше мек­тептерді бақылауымызға алар едік. Былтыр оқушылардың дені онлайн оқығандықтан, көп нәрсе білін­беді. Алайда биыл 5 инспектормен мектептегі оқушылардың қауіп­сіз­дігін қадағалау қиын болғалы тұр. Тағы бір мәселе – мектеп инс­пекторы беймезгіл уақытта жүрген мектеп оқушысын анықтайтын болса, оған хаттама толтыру үшін аудандық полиция бөліміне баруға немесе учаскелік полицейлердің планшеттерін сұрауға мәжбүр. Осы­ның бәрін көрсетіп екі ай бұ­рын 5 мектеп инспекторына 5 план­шет, 1 автокөлік, 5 бейнетір­кеу құралы, рация және қосымша бір штат қосып беруін сұрағанбыз. Алайда сұранысымызға «қаржы қаралса, жыл соңына дейін ше­ші­луі мүмкін» деген жауап келді, – дейді жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы. Иә, маманның сөзі орынсыз дей алмассың. Себебі не көлігі, не қажетті құралы жоқ мектеп инс­пек­торынан қалай оқушылар қа­уіп­сіз­дігін талап ете аласың? Оған қоса, бір инспектор бір-бірінен 60-100 шақырым қашықтықта жатқан 5 мектепке бірдей жауапты болса... Әрине, маман жетіспеушілігі ең бірінші мектептегі қауіпсіздікке әсер ететіні анық. Оған дәлел – өткен жылдың қазан айында Мо­йынқұм ауылының кәмелеттік жасқа толмаған мектеп оқушысы пышақталған дене жарақатымен аудандық ауруханаға түскен. Ай-күннің аманында оны Жаңатас қа­ла­сында тұратын кәмелеттік жас­қа толмаған жасөспірім пы­шақ­тап кеткен. Сондай-ақ был­тыр­ғы жылдың қараша айында Ұланбел ауылының тұрғынына кәмелеттік жасқа толмаған жас жеткіншек пышақ сұғып, соңы кісі өлімімен аяқталған. Осыдан кейін Мойын­құмдай ауданға мектеп инс­пекторы қажет емес деп көріңіз... Бұл деректер былтыр мектеп оқушылары онлайн форматта үйде отырғанда болды. Ал биыл оқушы­лар дәстүрлі оқу жүйесіне көш­кенде жағдайдың қалай болатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Мойынқұм ауданы әкімдігі жа­нындағы кәмелетке толма­ған­дардың істері және олардың құ­қықтарын қорғау жөніндегі ко­миссия хатшысы Құралай Ізбаса­рованың сөзіне сүйенсек, ауданда жайсыз отбасыларда тәрбиеленіп жатқан мектеп жасындағы балалар аз емес екен. Мәселен, осы жылы мұндай 8 бала анықталып, «Өмір­лік қиын жағдайдағы балаларды қолдау» орталығына орналас­ты­рылған. Олардың басым бөлігінің ата-анасы ішімдікке салынып кеткен. Енді 25 мектепке берілген 5 мектеп инспекторы осындай қиын топтағы балалармен жұмыс істей ме, әлде бірін-бірі пышақтап жатқан оқушыларды бақылай ма? Тағы бір дерек – биыл Тараз бен Қаратау қалаларынан келген жасөспірімдер Мойынқұм ауда­ны­ның мектеп жасындағы оқушы­ларымен төбелескен. Абырой бол­­ғанда арты тыныш аяқталған. Алайда осы секілді ауданда жас жеткіншектер арасында күнделікті болып жатқан бұзақылық пен қылмыстық оқиғалар аз емес. Ал облыстық Полиция департаменті бар мәселені қаржы тапшылығына тіреп, ең шулы елді мекеннің бірін 5-ақ мектеп инспекторымен қалдырып отыр. Негізі, бұл жалғыз Мойынқұм ауданы бастан кешіп отырған жағ­дай емес. Облыстық Білім бас­қар­масы берген ақпаратқа сүйенсек, өңірдегі 442 мектептің тек 159-ы мектеп инспекторымен қамтыл­ған. Бұл 35,9 пайызды көрсетіп тұр. Жекелей айтсақ, Тараз қаласында 67 мектеп инспекторы болса, Қор­дай ауданында – 15, Меркіде – 13, Шуда – 12, Байзақта – 11, Жам­былда – 10, Т.Рысқұловта – 10, Жуалыда – 6, Таласта – 6, Сарысу мен Мойынқұм аудандарында 5 мектеп инспекторы ғана жұмыс істеуде. Облыс орталығындағы жағ­дай біршама қалыпты болға­нымен, аудандардағы мамандар­дың саны теңізге тамған тамшыдай болып тұр. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дейді дана қазақ. Беті аулақ, алайда күні ертең жаңа оқу жылы бастал­ғанда мектеп оқушылары бір-бі­рімен төбелесіп, тіпті пышақтасып жатса, кімді кінәлаймыз? 25 мек­теп­ке бекітілген 5 инспекторды ма? Әрине, түрлі себептерге байла­нысты Жамбыл облысында мектеп инспекторларының санын арттыру мүмкін болмай жатқан шығар. Алайда қазір жасөспірімдермен жұмыс істеу қиынның-қиыны еке­нін Мойынқұм ауданы-ақ көрсетіп тұр. Сондықтан жаңа оқу жылында мектеп инспекторларының қата­рын көбейте алмасақ та, ең бол­маса оларды көлік және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп берсек игі.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы