Алматы облысының көптеген ірі кәсіпорындарында COVID-19-ға қарсы вакцина салу науқаны аяқталды деуге болады. Вакцина алған азаматтардың арқасында қалыптасқан ұжымдық иммунитеттің нәтижесінде өңірдегі кәсіпорындарда жұқтыру фактілері барынша азайып, кейбірінде мүлде тіркелмейтін болғандықтан өндірістің өсу қарқыны сақталып отыр.
Мәселен, «Шин-Лайн» компаниялар тобында қызметкерлердің 75%-ы коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алды. Осы компанияның балмұздақ шығаратын еншілес кәсіпорны «Шин-Лайн» ЖШС-да жұмысшылардың 89%-ы вакцина алды. Компаниялар тобының президенті Андрей Шин алғашқылардың бірі болып екпе cалдырып, ұжымына үлгі көрсетті. Қызметкерлер арасында вакцинациялау бойынша түсіндіру жұмыстарына да белсене атсалысты. «Шин-Лайн» компаниясында қызметкерлер денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұжымда вакцинациялау жүргізу туралы шешім қабылданды. Бұл – адамдарды COVID-19 жұқтырудан қорғаудың, ал кәсіпорынға тоқтаусыз жұмыс істеуге мүмкіндік берудің бірден-бір сенімді жолы деп санаймыз. Екпе салдыру науқаны кәсіпорында 15 сәуірде басталды. Біз өнімнің қауіпсіздігіне байланысты барлық нәрсеге жауапкершілікпен қараймыз, сондықтан санитарлық қызметтердің ұсыныстарын басшылыққа аламыз және үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Өз қызметкерлерін вакциналау қажеттілігі туралы ақпараттандыру басшылықтың маңызды міндетіне айналды», – дейді Андрей Шин. Өңірде фармацевтика саласында табысты қызмет атқарып жатқан кәсіпорынның бірі – Kelun-Kazpharm. Зауытта 312 адам жұмыс істейді. Кәсіпорында осы жылдың мамыр айында басталған егу науқаны барысында қызметкерлердің жартысынан астамы вакцина алып үлгеріпті. Компанияның дәрілік заттарды тіркеу жөніндегі менеджері Абай Масақбаевтың айтуынша, ол «өзін және отбасын коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупінен қорғау мақсатында» бірінші болып екпе салдырған. «Коронавирус пандемиясы бір жылдан астам уақыттан бері таралып келеді және оның қашан аяқталатыны әлі белгісіз. Бетперде кию, жеке гигиенаны сақтау, арнайы әлеуметтік қашықтықты сақтау мен вакциналау күнделікті өмірде эпидемияның алдын алудың ең тиімді шаралары болып саналады. Сондықтан ауырғаннан гөрі екпе салып, сау жүрген артық», – дейді ол. Kelun-Kazpharm мамандары егу науқаны кәсіпорынның дәрі-дәрмектерді үздіксіз өндіру мен жеткізуді жалғастыруға мүмкіндік бергенін айтады. Қазір медициналық препараттар ерекше тауарлар санатында. Эпидемия кезінде өнімді сапалы жеткізуді қамтамасыз етуге баса назар аударылады. Сондықтан да күрделі кезеңде мемлекеттің вакциналау туралы үндеуін қолдап, әлеуметтік жауапкершілік танытып отыр. Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, 24 тамыздағы жағдай бойынша өңірде COVID-19 вакцинасының бірінші компонентін 647 744 адам алды. Вакцинаның екінші компонентін 515 544 адам алған.Болат АБАҒАН, Алматы облысы