Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қазіргі таңда Байзақ ауданындағы жағдай толықтай бақылауға алынғанын мәлімдеді. Бұл туралы өңір басшысы өзінің Facebook парақшасында жазды.
«Қазіргі таңда Байзақ ауданындағы жағдай толықтай бақылауға алынды. Өңірдің төтенше жағдайлар, құқық қорғау және медицина саласының өкілдері барынша жұмылдырылды.
Апат орын алған аумақтан эвакуацияланған тұрғындарға арналып, облыс орталығынан 400-ден астам жатын орын дайындалған. Қосымша 1000-ға жуық орын дайындау мүмкіндігі қарастырылған», - деді әкім.
Сонымен қатар аймақ басшысы эвакуацияланған тұрғындарды керек-жарақпен қамтамасыз ету үшін жедел штаб жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
«Жарылыс зардаптарын жою және эвакуацияланған тұрғындарды керек-жарақпен, ыстық тамақпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Менің басшылығыммен құрылған жедел штаб барлық қажетті шараларды атқаруда.
Зардап шеккендер Тараз қалалық және аудандық ауруханаларға жеткізіліп, медициналық көмектер көрсетілуде.