Вице-министр жолда қалып қойған көліктердің жағдайы туралы мәлімдеді
Вице-министр жолда қалып қойған көліктердің жағдайы туралы мәлімдеді
© сурет интернеттен
242
оқылды
ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильиннің айтуынша, Ақмола облысының Ерейментау ауданында 100-ден астам көлік құралы қар құрсауында қалып қойды. Дегенмен, кеше бұл көліктер Ново-Марковка елді мекеніне жеткізілген. Ал бүгін Төтенше жағдайлар комитетінің жол техникаларының көмегімен елордаға жетті. «Қазіргі уақытта Павлодар бағытында жүруі тиіс шамамен 110 үлкен жүк көлігі Нұр-Сұлтанда тұр. Бүгін түні бойы «ҚазАвтоЖол» жолды тазалағаннан кейін бұл көліктер Павлодар облысына аттанады», – деді ол. Вице-министрдің айтуынша, Нұр-Сұлтаннан Бурабай бағытында да 400-ден астам көлік жолда қалып отыр. Нұр-Сұлтан-Атбасар жолындағы жағдай да күрделі. Атбасар ауданында 400-ден астам көлік жиналып қалған. Жолды қардан тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгін жолдың бір жақ бағытында қозғалыс ашылып, көліктер елордаға қарай жылжитын болады. «20 қаңтардан бастап ауа райының қолайсыздығына байланысты Қазақстан өңірлерінің басым бөлігінде автомобиль жолдарының 44 учаскесі 418 рет жабылды. Барлық учаскеде блок-бекеттер қойылды. Сол жерге келген тұрғындарға ауа райының қолайсыздығына байланысты жол жабылғаны туралы ақпарат дер уақытында беріліп тұрды. Көпшілігі елді мекендерге қайтуға шешім қабылдаса, кейбірі жолда қалып, ауа райының жақсаруын, жол тазалануын күтуде. Жылыну бекеттеріне 1,5 мыңнан астам адам орналастырылған. Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарындағы мұндай орындарда адамдар әлі бар. Жол бойында жеңіл, жүк көлігі, автобус сынды 2 930-дан астам көлік құралы болды. Бірқатар өңірде, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласында төтенше жағдай жарияланды. Елордада ол әлі де сақталуда», – деді Ю.Ильин. Жалпы жол 30 қаңтар күні толық ашылмақ.