2021 жылғы 27 тамызда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Конституция күніне арналған «Интернет дәуірі: Құқық үстемдігі, Адам құндылықтары, Мемлекеттік Тәуелсіздік» атты тақырыпта Халықаралық Симпозиум онлайн режимінде өз жұмысын бастады.
Іс-шараны Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі «Астана» Халықаралық қаржы орталығымен бірлесіп ұйымдастырды.Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың құттықтауы іс-шараға ерекше мән берді. Онда атап көрсетілгендей, мемлекеттің дамуы Конституция негізінде, оның әрпі мен рухына толық сәйкес жалғасып келеді. Қазіргі заманғы мемлекет пен азаматтық қоғам жолындағы барлық ірі жетістіктер халықтың ерік-жігерімен қабылданған Ата Заңға негізделген. Мемлекет басшысы Симпозиум тақырыбының өзектілігін атап өтіп, цифрлық дамудың ауқымы мен жылдамдығы халықаралық қоғамдастықтың алдына адам мен азаматтың іргелі құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз ету, оның заңды мүдделерін қорғау, цифрлық теңсіздікті жою, қоғам мен мемлекеттің цифрлық тәуелсіздігін сақтау сияқты маңызды міндеттер қойып отырғанына назар аударды.Халықаралық Симпозиумды Конституциялық Кеңес Төрағасы Қайрат Мәми ашып, кез келген мемлекетте тәуелсіздік - бүкілхалықтық құндылық екенін атап өтті. Республиканың қолданыстағы Конституциясы Тәуелсіздік контурын түпкілікті ресімдеді және барлық салалардың жедел дамуы үшін қолайлы жағдай жасады.
Симпозиум жұмысы цифрландыру және ұлттық егемендік, интернет жағдайында адамның құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктері, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қоғам мен адам алдындағы жауапкершілігін арттыру мәселелеріне арналған үш сессияда өтуде.Форумға қатысушыларға Еуропа Кеңесінің Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық Комиссиясының (Венеция комиссиясы) Президенті Джанни Букиккио, Еуразиялық экономикалық одақ Сотының Төрағасы Э. Айриян және Германия халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорының Бас директоры Фрауке Бахлер құттықтау сөз арнады.
Спикерлер Әзербайжан, Алжир, Армения, Бангладеш, Беларусь, Болгария, Германия, Үндістан, Индонезия, Иордания, Корея, Қырғызстан, Латвия, Малайзия, Марокко, Молдова, Румыния, Сербия, Тәжікстан, Таиланд, Түркия, Өзбекстан, Украина, Франция және басқа да елдердің конституциялық әділет органдарының төрағалары мен судьялары болып табылады. Іс-шараға Қазақстанның мемлекеттік құрылымдарының басшылары, сондай-ақ белгілі құқықтанушы ғалымдар қатысты. Халықаралық Симпозиум Қазақстан Конституциялық Кеңесінің Азиялық Конституциялық соттар және балама институттар қауымдастығының төрағасы ретіндегі миссиясын аяқтайтын іс-шара болып табылады. Іс-шара соңында ұйымның туын Моңғолияның Конституциялық Сотына беру қарастырылған. Форумның қонақтары қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерейтойымен құттықтап, Симпозиумды табысты өткізгені және Азиялық қауымдастыққа ойдағыдай төрағалық еткені үшін Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне шынайы ризашылықтарын білдірді.Әлемнің барлық континенттерінен белгілі заңгерлер аталған тақырып бойынша тәжірибе алмасып, орын алған проблемаларды және оларды шешу жолдарын талқылауда. Олар ЕҚЫҰ, Еуропа Кеңесі, Венеция комиссиясы, Конституциялық Сот төрелігі жөніндегі дүниежүзілік Конференция, ЕАЭО Соты, Германияның Халықаралық құқықтық ынтымақтастық қоры, Германия Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қоғамы, Халықаралық заңгерлер одағы секілді және т. б. халықаралық құрылымдардан қатысып отыр.