Дзюдошы Әнуар Сариев Токио Паралимпиадасында күміс медаль алды
Дзюдошы Әнуар Сариев Токио Паралимпиадасында күміс медаль алды
248
оқылды
Дзюдошы Әнуар Сариев 60 келіде Токио Паралимпиадасында күміс медаль алды. Бұл туралы журналист Руслан Меделбек әлеуметтік желіде хабарлады. 
Финалда әзербайжандық Вугар Ширинлиден жеңілді. Бұл жүлдені Әнуар ұзақ күтті. Ол ірі жарыстарда медальға бір табан жақындап тоқтайтын. Рио Паралимпиадасында ширек финалда жеңілді. Джакартадағы Пара Азия ойындарында қолаға таласта қарсыласына жол берді. Токиоға тыңғылықты дайындалыпты. Ширек финалда моңғолиялық, жартылай финалда венесуэлалық қарсыласын оңай жеңді.
Әнуардың Токиодағы жүлдесі - сенсация. Финалға шығатын фаворит емес еді. 60 келіде Токиоға фаворит ретінде өзбек Шерзод Намозов (Рио Паралимпиадасының, Джакарта Пара Азия ойындарының чемпионы) келген. Алжирлік және жапон дзюдошысы да мықты еді. Бірақ финалда қазақ дзюдошысы күресті және көптен күткен жүлдесін алды.
60 келі қазаққа құтты салмақ болды. Токио Олимпиадасында Елдос Сметов, Паралимпиадасында Әнуар Сариев жүлде алды. Дәстүр жалғасқай.
Токио Паралимпиадасындағы екінші жүлде құтты болсын. Кеше пауэрлифтингтен Давид Дегтярев чемпион атанған еді. Әлі жүлдеге үміт көп.