Мемлекет басшысы Жамбыл облысында болған жарылыстарға байланысты шұғыл жиналыс өткізді, - деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
Жиынға Премьер-Министр, құқық қорғау, қорғаныс, қауіпсіздік және басқа да күштік құрылымдардың басшылары қатысты.– Кеше Жамбыл облысының Байзақ ауданында төтенше оқиға болды. Қарулы Күштеріміздің оқ-дәрісі сақталатын қойманың бірінен өрт шықты. Артынан бірнеше жарылыс болды. Жергілікті тұрғындар аман-есен. Өкінішке қарай, әскери қызметшілер мен құтқарушылар арасында адам шығыны бар. Олар қызметтік міндетін атқару барысында ерлікпен қаза тапты. Қайтыс болған азаматтардың отбасына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Жарақат алған адамдардың тезірек сауығып кетуін тілеймін, – деді Мемлекет басшысы.