Студенттерден ПТР-тест нәтижесін талап етуге болмайды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алдағы оқу жылында еліміздің жоғары оқу орындарында білім алатын студенттер дәстүрлі форматта оқуды бастайды. Айта кеткен жөн, жоғары оқу орындарының шешімі бойынша оқуды аралас форматта да өткізуге болады. Яғни, дәрістер онлайн, ал семинарлық, зертханалық және тәжірибелік сабақтар офлайн режимде ұйымдастырылады. Ал, қашықтан оқыту форматы ерекше білім беру қажеттіліктері бар және тәуекел топтағы студенттерге қатысты қолданылуы мүмкін», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.Оның атап өтуінше, студенттер үшін оқу жылының басталуы оқу курсына қарай өзгеруі мүмкін. Мәселен, 3-4 курс білім алушылары үшін 1 қыркүйектен басталса, ал 1-2 курс және магистранттар үшін оқу университеттің академиялық күнтізбесіне сәйкес қыркүйек айының соңына дейін бастала алады.
«Жоғары оқу орнының аумағы, оқу корпустары, кітапхана мен жатақханаларда міндетті түрде Ashyq қосымшасы қолданылуы керек. Оқу ғимараттарына «жасыл» немесе «көк» мәртебесі бар білім алушылар кіре алады. Оқу ғимараты не жатақханаға кірген кезде термометрмен тексеріп, антисептик қолдану міндетті болады. Маска режимі де қамтамасыз етіледі. Студенттерден ПТР-тестілеудің нәтижесін талап етуге болмайтынын ерекше атап өткім келеді», - деді Қуаныш Ерғалиев.