Нұрислам Санаев Олимпиадада қарсыласын неге тістегенін айтты
Нұрислам Санаев Олимпиадада қарсыласын неге тістегенін айтты
© olympic.kz
Еркін күрестен Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Нұрислам Санаев Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, спорттық мансабындағы басты бәсекеден алған әсерін бөлісті. Палуанның айтуынша, ол Токиода жеңіс үшін бар күшін салған. Алайда, жартылай финалдағы басымдықты сақтай алмағаны әлі күнге дейін өзекті өртейтіні рас. Жеті жыл бұрын Қазақстан командасына қабылданып, өзінің спорттағы ең үздік нәтижелеріне қол жеткізген Санаев Токио жүлдесіне апарар жолдың оңай болмағанын айтады.
"Әр спортшы үшін Олимпиада жүлдесі ең биік шың саналады. Алтын алған спортшыда, тіпті, арман жоқ шығар. Менің де ең ізгі арманым – Токиодан алтынмен оралу еді. Бірақ еншімізге қола жазылыпты, бұған да тәубе. Жартылай финалдағы жеңіліс туралы әлі де ойлаймын. Рави Кумар физикалық және функционалдық тұрғыдан өте мықты балуан. Олимпиадаға дейін де оны жеңу мүмкін болмаған. Екі рет кездесіп, екеуінде де есе жібергенмін. Бірақ Олимпиадада мені финалдан санаулы ұпай ғана бөліп тұрды. Өзімнің оң жамбасыма келетін әдісіме салып, 9:2 ұпайымен ұтып тұрдым. Бірақ белдесу біткенге дейін жеңіс қолымнан сусып кетті. Жауырыным жерге тиді, амал жоқ. Финалға бір қадам қалғанда бұлай ұтылу өкінішті", - дейді Нұрислам.
Олимпиаданың екінші айналымында Санаев 2017 жылғы әлем чемпионы, Рио ойындарының жүлдегері, жапондық Юка Такахашиді ұтты. Бұл белдесу де қазақстандық балуанға оңай соққан жоқ.
«Жапондық палуан көп күшімді алып кетті. Өзі әлем үздіктерінің бірі, оның үстіне, Олимпиада соның елінде өтіп жатыр. Сондықтан, барлығы психологиялық тұрғыдан қысым болды. Бұған дейін де Такахашиден ірі есеппен ұтылған едім. Токиода есемді қайтарғандай болдым. Оның үстіне, бұл жеңіс сенімділік сыйлады. Бұл да менің ең үлкен жеңістерімнің бірі болатыны анық», - дейді палуан. 
Жартылай финалдық кездесуде Нұрислам қарсыласы Рави Кумарды тістеп алғанын көпшілік жанкүйер байқады. Палуан өзінің мұндай әрекетке барғанын дене қызуы тарқап, кілемнен түскен соң ғана біледі.
«Кумарды әдейі тістеген жоқпын. Мүмкін, жеңіліп жатқанда қалайда ұтамын деген оймен автоматты түрде жасалған шығар. Дәл сол кезде тістегенімді сезген де жоқпын. Тек кілемнен түскен соң ойландым. Суреттерді көрдім. Дереу қарсыласымнан кешірім сұрадым. Әрине, күрес ережесінде қарсыласты тістеуге болмайды. Менікі ағаттық. Кілемдегі қызумен үнділік палуанды қалай тістеп алғанымды да білмей қалдым», - дейді ол.