Қасым-Жомарт Тоқаев Ядролық сынақтарға толық тыйым салу туралы шарт ұйымының басшысы Роберт Флойдты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы аустралиялық маманды Ядролық сынақтарға толық тыйым салу туралы шарт ұйымының Дайындық комиссиясының атқарушы хатшысы болып сайлануымен құттықтап, аталған ұйымның жұмысы Қазақстан үшін аса маңызды екенін атап өтті. – Сіз осы саладағы тәжірибелі, ядролық қарусыздану мәселелері бойынша танымал сарапшысыз. Біз сіздермен тығыз жұмыс істеуге бейілдіміз. Қазақстан бұл ұйымның жақын әрі сенімді серіктесі болып қала береді. Менің Әкімшілігім мен Үкімет ұйымның жұмысын күшейту мақсатымен тығыз әрі тұрақты байланысып тұрады, – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев Роберт Флойдтың Қазақстанға сапары Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні қарсаңында өтіп жатқанын атап өтті. Осыдан 30 жыл бұрын Семей полигоны жабылған болатын. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары ретінде Женевадағы жұмысының тәжірибесімен бөліскен Мемлекет басшысы әлемдік қауымдастыққа ядролық қаруды таратпау және қарусыздану туралы кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды деді. Роберт Флойд Мемлекет басшысының көрсеткен құрметіне ризашылығын білдірді. Кездесу соңында тараптардың Қазақстанның ядролық қаруға қарсы бастамаларын ілгерілету мен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт бойынша тығыз ынтымақтастыққа дайын екені айтылды.