Ауыл әкімі әлеуметтік жағдайға мән бермек
Ауыл әкімі әлеуметтік жағдайға мән бермек
151
оқылды

Елде тұңғыш рет халықтың дауыс беруімен ұйымдастырылған сай­лауда жеңіске жеткен ауыл әкім­дерінің қызметіне кіріскендеріне бір ай толды. Ақмола облысында додаға түскен 95 үміткер ауыл әкімі болып сайланған. Солардың бірі  – бұрын әкім болып қызмет етпесе де,  бірнеше лауазымды орын­да өзін лайықты түрде көрсетіп үлгерген Фархат Байқасов. Ол «Nur Otan» партиясы аты­нан үміткер болды. Жас әкім Ақ­мола облысындағы шал­ғай өңір­лердің  бірі Жарқайың ауданының орталығы Державин қаласына әкім болып сайланған. Елдегі ең өзекті мәселелерді електен өткізіп алған әкім алғашқы кезекте халықтың әлеу­меттік мәселелерін шешуге бел буыпты.

6 мыңнан астам адам тұратын Державин қаласы кезінде Кеңес Одағының зымы­рандар дивизиясы орналасқан әскери қалашық болатын. Тіпті, қауіпсіздік үшін картада көрсетілмеген де еді. Кейінірек әскери дивизия таратылып, кент жергілікті билікке табысталған. Тоқырау кезінде тоз-тозы шығып, қалада бос қалған 5 қабатты әскерилер тұрған үйлер бұзыла бастаған. Дегенмен соңғы жылдары қаңырап қалған көпқабатты үйлер қайта қалпына келтірі­ліп, мұқтаж адамдарға беріле бастаған. Алайда шешілмеген түйінді мәселелер әлі де баршылық екенін жаңа сайланған әкім бүкпесіз жеткізді.

Қаңырап қалған үйлерді қалпына келтірмекпіз...

Жұмыс жоспарының алғашқы қадамын да әкім қаладағы толғағы жеткен жоғарыда­ғы түйінді мәселелерді шешуге ұмтылудан бастағанын айтады. Қалада жеті бірдей жылу қазандығы жұмыс істегенімен, үй­лер­дің көбі орталықтандырылған жылуға қосылмаған. Жаңадан сайланған әкім осы және өзге де өзекті жайларды жоспарына енгізіп, іске кірісіп кеткенін жеткізді. «Державин қаласында да халықтың ең өзекті проблемасының бірі – баспана. Бүгінге дейін 450 адам пәтердің кезегінде тұр. Сондықтан әкім болып іске кіріскен алғашқы сәттен бастап әлеуметтік бас­паналарды қайта қалпына келтіру жайына назар аудардым. Сөйтіп, 80 пәтерлі екі үйді қалпына келтіру жұмысына әзірлік бас­талып кетті. Қазір бір үйді қалпына кел­тірудің жобалық-сметалық құжатта­малары әзірленіп, мердігер ұйымды анық­тау үшін конкурс жарияланды. Үйлер көп­балалы отбасыларға, жетім-жесір­лер­ге, бюджеттік қызметкерлерге берілмек. 80 пәтерлі екін­ші үй жобасы келесі жылға жоспар­ланып отыр. Сондай-ақ күзге қарай қалада жүзу бассейнін салуды көздеп отырмыз. Бұдан бөлек, қаладағы көп үйлер орталықтан­ды­рылған жылу жүйелеріне қосылмаған. Негізі, мектеп, балабақша, аурухана сияқ­ты әлеуметтік нысандардың жанындағы бірен-саран үйлер ғана жылу желісіне қосылған. Мемлекеттік сараптамаға өтінім бер­дім. Алда тағы 25 үйді орталықтан­ды­рылған жылу желісіне қосу ойымда бар», – дейді Фархат Байқасов. Ауыл әкімінің айтуынша, мыңнан астам отбасы түтін түтететін аудан орталы­ғында жолдардың 80 пайызына жуығына асфальт төселген. Бірақ қала көшелерін жа­рықтандыру жағы кейінге қалып қойған. «Бағдарламадағы жоспардың басым бөлігіне қаладағы асфальт төселмеген 20 пайызға жуық көшелерге тегістеу және абаттандыруға көңіл бөлуді жөн санадым. Бәрі қаржыға келіп тірелгенімен, жергілікті кәсіпкерлерден де қолдау қажеттігін тү­сінемін. Мәселен, қаладағы мешіттің ай­наласы түнде тас қараңғы. Жарық шам­дар орналастырған жөн деп ойлаймын. Сон­дай-ақ тұрғындардың көпшілігінің өті­нішін қанағаттандырып, басқа да көше­лерді қалаға кіреберіс тұстарды жарықтан­дыруға көңіл бөлмекпін», – дейді Фархат Ертайұлы.

Крупская, Островский атауларынан ажырай алмай келеміз...

Ауыл әкімінің назарына іліккен тағы бір күрделі мәселе – қала көшелері мен нысандарының әлі де болса ескі атаулары­ның сақталып қалғанында. Айтуынша, қаланың 80 пайыз көшесі әлі бұрынғы кеңестік дәуірдегі атауларынан әлі арыла алмаған. Тіпті, білім ордаларының да атауы Кеңес Одағындағы тұлғалардың есімімен аталып келеді. «Көңілге қаяу салатын жайлардың бірі қаламыздағы көшелердің басым бөлігі, дәлірек айтсам 80 пайыздан астамы ескі орысша атаудан ажырамай келеді. Ком­сомольская, Трудовая, Островский деген әлдеқашан ескірген көше атауларын қазақ­шыландырсақ деген ойым бар. Сондай-ақ қаладағы 3 мектептің  екеуінің атауы әлі Крупская, Островский есімімен аталады. Алда қала тұрғындарымен жиын өткізіп, осы мәселені күн тәртібіне қойсам деген ойым бар», - дейді Державин әкімі.

«Қызмет көрсету саласын қолға алмақпын»

Жаңа әкім қаладағы қызмет көрсету саласының дамуына да көңілі толмайтынын ашық айтты. Осы орайда кәсіпкерлге, әсіресе мемлекеттік бағдарлама арқылы грант иеленген жас кәсіпкерлерге осы ба­ғытқа назар аударғанын қалайтынын жеткізді. «Жасыратын несі бар, қалада қызмет көрсету саласында ақсап тұрған жайлар бар. Киім тігу, тамақ ішетін орындар, тіпті қарапайым шаш алатын орындар жоқтың қасы. Сапасы төмен. Жақында 8 жас кә­сіпкер арнайы кәсіптік білім алып, грант жеңіп алды. Осындай жас әрі білікті ма­мандарға қызмет көрсету саласында өз ісін ашуға кеңес беремін», – дейді Фархат Байқасов. Жаңа сайланған әкім елде тұңғыш рет ұйымдастырылған ауыл әкімдерінің ха­лықтың сайлау арқылы өткенін толықтай қолдайтынын жеткізді. «Әрине, әкімдердің бұрынғыдай жоға­рыдан тағайындалмай сайлануы халықтың сенімін арттыра бастады. Әрі әкімдер де халық сайлағандықтан, жауап­кершілікті көбірек сезінді деген ойдамын. Сондықтан да сайлаудың осылайша өткі­зілгенін толық­тай қолдаймын», – дейді Фархат Ертайұлы. Біз де елдің жүгін арқалап, ірі мақсатты жүзеге асыруды көздеген әкімнің алдағы жауапты істеріне сәттілік тіледік.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы