Айдос Сарым: «Гуманизм жасампаздыққа жетелейді»
Айдос Сарым: «Гуманизм жасампаздыққа  жетелейді»
160
оқылды

Қазақстанға ядролық қару керек пе еді? Ендеше оны неліктен кезінде сақтап қалмадық? Болмаса, одан бас тартуды насихаттайтын, тіпті таратпау мен жоюды мақсат тұтатын еліміз – гуманизм жаршысы ма? Белгілі саясаттанушы Айдос Сарыммен атаулы датаға орай осы мәселе төңірегінде сұхбаттасқан болатынбыз.

– Ядролық қарудан бас тартуды батылдыққа балауға бола ма? – Бұл шынымен де батыл шешім деп айтуға болады. Әлем тарихында тұңғыш рет біздің еліміз Беларусь және Украина мемлекеттерімен бірге өзінің ядролық потенциалынан бас тартты. Қазақстан сынақтарға ресми түрде тыйым салды. Бұл гуманистік потенциалы зор, тарихи жарқын үлгі ретінде айтуға болатын оқиға деп ойлаймын. Қазір Азия құрлығындағы елдердің арасында екінің бірі ядролық қаруға қол жеткізгісі келіп отырғанын көріп жүрміз. Сауд Арабиясы да, Иран да осы мақсатты көздеуде, ал осы 30 жыл ішінде Үндістан мен Пәкістан ядролық қаруы бар мемлекет боп үлгерді. Осы ретте, «кезінде өзіміздің ядролық потенциалымыздан бас тартпауымыз қажет еді» деген көптеген әңгімені естіп жүреміз. Анда-санда болса да осындай пікірлер айтылып қалады. Бірақ біз сол кездегі жағдайымызбен ол потенциалымызды сақтай алмас едік.  Оның үстіне, бізде ол қарудың қалғанына АҚШ болсын, басқа елдер болсын, үшінші күштер мүдделі болған жоқ. Біз осыны пайдаланып, үлкен саяси ойын­дарға барып, Тәуелсіздігімізді күшейтіп алдық. Будапешт шешімдері, Қазақ­станның шекараларын айқындау деген секілді үлкен қадамдарды атқаруға мүм­кіндік туды. Жалпы, «әр нәрсенің сұрауы бар» демекші, қазақстандықтар мұны үлгі тұтып, бұл шешіммен мақтануы керек деп ойлаймын. – Қарусыздануға ұмтылудың мәні не? – Қазақстан бұл миссияда үнемі бір бағытты, қарусыздандыру бағытын ұстанады. Мәселен, 1960-1970 жылдары бұл өте өзекті проблема болды. Ол кезде ядролық қаруы бар мемлекеттер бір-бірін атқылап өздерін ғана емес, барша әлемді жұтатын ядролық соғысқа жол аша ма?» деген үрей күшті еді. Әрине, оның ауылы аулақ, бірақ соңғы кезде байқап отыр­ғанымыз­дай, Ресей мен батыс, Қытай мен батыс арасындағы қақтығыс ушығып келеді. Олардың басшыларының «егер бізге тиісетін болса, ядролық күлге айналдырамыз» дейтін кездері де жоқ емес. Ал шын соғыстың барлығы осындай сөзден басталады ғой. Сондықтан да Қазақстан осынау гуманистік зор потен­циалы бар идеяны айта беруден жалық­пауы қажет. Оның көшбасшысы, тірі үлгісі, миссионері болып қала беруі керек. Өйткені әлемде ядролық қарудан зардап шеккен екі мемлекет болса, соның біреуі – Қазақстан. 1949 жылдан 1980 жылға дейін 40 жыл бойы аспанда, жерде, жердің астында 500-ден астам бомба жарылды. Оның көбі Хиросима мен Нагасакиге түскен қаруға қарағанда 100 есе қауқарлы. Әлі күнге дейін сол жердің суын ішкен, сол жердің егінін жеген, соның салдары­нан мүгедек болып жүрген азаматтарымыз аз емес. Сондықтан да ядролық қарудың қауқарын бейбіт тұрғыда пайдалану туралы бастамамыз – тек біздің жеріміздегі емес, адамзат баласының амандығы үшін теңдесі жоқ идея. Бұл – біздің сынақ сал­дарынан дүниеден өткен жерлестеріміздің алдындағы борышымыз, тіпті керек десеңіз Құдайдың алдындағы парызымыз. Бұл миссия біздің сыртқы саясаттағы алға ұстар байрағымыз, гуманизмге шақы­ратын идеямыз болып қалу керек. Біз мұны дұрыс бағалауымыз керек. – Өзгелер  көне ме? – Әрине, Қазақстан айтты екен деп, АҚШ немесе Қытай өзінің қолындағы бүгінгі геосаяси көзірінен бас тартпасы анық. Бірақ осындай идеяны қалып­тастыру – өзіміз сияқты елдердің алдында бедел жинаудың, оларды бір мақсат төңірегінде топтастырудың тетігі болмақ. Осы арқылы «Қазақстан деген ел бар екен, ол осындай идеялар айтып жүр екен, ендеше біз де осы бастамаға қосылайық» дейтін қоғамдық пікір қалыптастыратын концептуалдық ойды айтуға болады. Ол бір жағы гуманистік және философиялық идея болатын болса, ал екінші жағынан әлемдік бейбітшілікті сақтау үшін тап­тырмас қажеттілік. – Кейде келісімдердің орындалмай қалатыны да  бар. Айталық, Украинаға кепілдік берген мемлекеттердің  бірі сөзінен тайқығанын да көрдік... – Ядролық қарудан бас тартқандағы бізге берілген кепілдік Будапешт келісімі. Ондай кепілдік Украинаға да берілді, Беларуське де берілді. Ал Ресей Украи­намен арпалысқа түсіп, жерін алып, ішкі саясатына араласып жатқан кезде, ірі державалар не істей алды? Бұл – үлкен мәселе. Сол сияқты да Беларусь респуб­ликасы да батыс елдері мен Ресейдің арасындағы көкпарға айналып отыр. Бүгінде ту-талақай тартыстың өзегі болып кетті. Батыс елдері оны әлсіретуге тыры­сып жатса, Ресей оны өздігінше пай­далануға жанталасуда. «Ал сонда Буда­пешт меморандумы қайда қалды?» деген үлкен сұрақ туады. Бұл құжат 90-жылдары Қазақстанның болашағы бұлыңғыр кезде, яғни «бұл ел мемлекет бола ма, болмай ма, тәуелсіздігінен айырылып қалмай ма?» деген сауал тұрған кезде әуелі моральдық қолдау болған, одан соң саяси мүмкін­діктерге жол ашқан тарихи құжат деп айтуға болады. Оның қадір-қасиетін, тарихи рөлін жоққа шығара алмаймыз. Бірақ  бір мәселе бар. Әр заманның өзінің құжаты болады, әр заманның өзінің саясаты болады деген сияқты, Қазақстан қазір сол Будапешт меморандумын жаңаша ойнату керек сияқты. Яғни, бізге кепілдік берген сол Ресейге, сол Қытайға, сол Ұлыбританияға және басқаларға шығып, біз әңгіме айтуымыз керек. «Айналайын, көріп отырсыздар, сіздер кепілдеме берген Украина қазір екіге бөлініп, біраз жерінен айырылып қалды. Сол кепілдеріңіз қайда? Немесе кепіл берген Беларусь мынадай болды. Бізге ондай жағдай керегі жоқ!» деген мағынада. Олай болатын болса, біздің қазіргі дипломатия сол елдермен қоян-қолтық жұмыс істеп, Будапешт меморандумының аясын кеңейтетін, оның ішіндегі кепіл­діктер мен міндеттемелерді тереңдетіп, дамыта түсетін қосымша келісімшарттарды алдағы бірнеше жылда жасауға тырысуы керек сияқты. Мысалы, «Қазақстан Орта Азиядағы ашық, демократиялық, зайыр­лы, инвестиция тартатын мемлекет бол­ғанын қалайсыздар ма? Немесе неше түрлі геосаяси ойыншылар ойнап-ойнап, Ауғанстан сияқты бытыраған, бір-бірімен азаматтық соғыс дәрежесінде қырқысқан, наркотрафиктің астында қалған мемле­кетке айналғанын қалайсыздар ма?» осын­дай сұрақ қою арқылы, олардың элитасымен қоян-қолтық жұмыс істеу арқылы Қазақстанның алдағы 30 жылдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін келісім­дерге ұмтылу керек секілді. Будапешт меморандумының өзі кезінде екі-үш баптан тұратын, кішкене ғана құжат болатын. Біз енді соны негізге алып, әртүрлі жағдайды пайдаланып, әскери және ақпараттық қауіпсіздігімізді қам­тама­сыз ететін құжаттарды қабыл­датуы­мыз керек. Мысалы, біз Қытай мен  Ресейдің арасында таразы басын тең ұстап отырған елміз. Сол аю мен айдаһардың арасында да қайшылықтар бар. Сондай тұстарды тиімді пайдаланып, кішкентай ғана құжат, кішкентай ғана келісімге, шағын ғана қадамға бара алсақ, онда бұл қауіпсіздік Қазақстанның түбегейлі тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағыт­талады деп айта алар едім. Осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Бір сөзбен айтқан­да, Абылай хан атамыздың салған ақ жолымен жүргеннен басқа шарамыз жоқ. – Абылай жолы ХХ ғасырда өзін-өзі ақтай ма? – Шынын айту керек, үлкен дер­жавалар XIX-ХХ ғасырдағыдай елдерді бөліп алатын болса, онда бізге қиын болады. Мысалы, «мынау біздің лагеріміз, бұл жақта біз білгенімізді істейміз, сіздер араласпайсыздар, ал сіздердің елдеріңіз аналар, оларға біз араласпаймыз» десе, онда бізге үлкен қауіп төніп тұр. Біздің міндет соған жол бермеу. Осындай жағдайдан шығу. Украинаға қараңыз, басқаға қараңыз, «әрқайсысы осындай жағдайдан шығу үшін түрлі-түрлі тірлік істеп жатыр. Әртүрлі платформалар ұсынып, одақтар құрып, басқа да өзі қатарлы мемлекеттермен бірігіп дегендей. Біздің де содан басқа жолымыз жоқ». Біз ең алдымен өз жағдайымызды түсінуіміз керек. Айналамыздағы үлкен ойыншылардың Қазақстандағы мүддесін айқын түсінуіміз керек. Сонда ғана біз дұрыс қадамға, байыпты шешімге бара аламыз. Ол үшін елдің ішіндегі эмоцияға құрылған майда-шүйде әңгімелерді азайту керек. Біздің алдағы 10-15 жылғымыз аса қиын болайын деп тұрғаны да осыдан. Сондықтан осындай тарихи күндері жағдайды пайдаланып, сол кезде болған қиындықтарды, қабылданған күрделі шешімдердің логикасын таратып ашып беруіміз керек. Сонда, бәлкім біз өзіміздің тәуелсіздігімізді құрметтеуге ынталы болармыз. Осы тұрғыда 30 жылдықтың қалай өткенін емес, алда қалай оны баянды қыламыз деп айта білгеніміз абзал деп ойлаймын. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрлан ОРАЗҒАЛИ