Ұлттық қор: қасықтап жинап, шөміштеп төгіп жатыр

Ұлттық қор: қасықтап жинап, шөміштеп төгіп жатыр

Үкімет Ұлттық қорды аста-төк шығындауды доғарып, оны шындап толықтыруға кіріспек. Бұл қор осыдан он жыл бұрын жарияланған 100 миллиардтық межеге сол бойы жетпеді. Салыстыру үшін айтсақ, Қазақстанның Ұлттық қорының табыстылығы биылғы І жарты­жылдықта 1,5 млрд доллар ғана болған. Ал біз үлгі еткен Норвегияның «мұнай қоры» 2021 жылдың бірінші жартысында ғана 111 миллиард доллар табыс әкелген.

Алда $60 млрд асуына әзер жетеді

2000 жылдың 23 тамызында іргесі қаланған Ұлттық қор содан бері Қазақ­станды қаншама қаржылық-экономи­калық дағдарыстан құтқарып келеді. Осы кезеңде ел экономикасы рецессияға ұшы­рап, тұралап та қалды. Бірақ қор арқасында мемлекет қайыршы күйге түспеді: Үкімет Ұлттық қорға «қол салды, қол салғанда, мол салды». Өкінішке қарай, бұл қор билікті үнемі мұнай-газ табысына сүйеніп, масыл болуға үйретті. Үкімет енді ҰҚ қазынасын шашуды тыюға бел буыпты. Бұл шешімді Ми­нистрлер кабинетінің отырысында биік лауазымды бірнеше тұлға жария етті. Еліміздің бас экономисінің нақты­ла­уынша, мұнай қорынан триллиондап ақша алу, әрине жалғасады. Бірақ оның көлемі бірте-бірте азайтылмақ. Өйткені мем­лекеттің әлеуметтік міндеттемелері соңғы жылдары тым өсірілді, оның бәрін жалғыз салықпен өтеу мүмкін емес. Атап айтқанда, Ұлттық қордан рес­публикалық бюджетке тең-тең болып тасылатын кепілдендірілген трансферт қаражат 2022 жылы – 2,4 триллион, 2023 жылы – 2,2 триллион, ал 2024 жылы 2 триллион теңге болмақ. Бұл шекті меже алда Парламентке енгізілетін үшжылдық бюджет жобасында белгіленді. Ол қа­ражаттың бәрін дерлік әлеуметтік мін­деттемелерді қаржыландыруға бағыттау ұсынылып отыр. Бірақ бұл триллиондар да жетпеуі мүмкін. Себебі пандемия кезеңінде бюджет тапшылығы қомақты болып тұр. «6,6 триллион теңге трансферт алу мақсатында «Ұлттық қордан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасы әзірлен­ді. Бұдан басқа, Ұлттық қордан 2022 жы­лы – 550 млрд теңге мөлшерінде, 2023-2024 жылдары жыл сайын 400 млрд тең­геден нысаналы трансферт тарту ұсыны­лады. Жалпы ішкі өнімге байланысты 2022 жылы бюджет тапшылығы 3,3% деңгейінде болжанса, келешекте 2024 жылы 2,5%-ға дейін төмендейді деп болжанып отыр», – деді Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев. Яғни, Үкіметте ізгі ниет болғанымен, ол Ұлттық қорды шығындауын кілт тоқ­тата алмайды. Себебі шығысы кірісінен әлдеқайда көп. Ә.Ерғалиевтің мәліметін­ше, республикалық бюджеттің кірістері 2022 жылы – 9,2 трлн, 2023 жылы – 9,7 трлн, 2024 жылы 10,4 трлн теңге болады. Ал республикалық бюджеттің шығыста­ры 2022 жылы – 15,9 триллион, 2023 жы­лы – 15,6 триллион және 2024 жылы 16 триллион теңгеден аспақ. «Мұнай бағасы барреліне 60 доллар болса, мұнай секторынан Ұлттық қорға құйылатын түсімдер 2022 жылғы 2,5 трлн теңгеден 2024 жылы 3 триллион теңгеге дейін өседі деп болжануда. Ұлттық қордың валюталық активтері 2022 жылы 55,3 миллиардтан 2024 жылы 61,6 миллиард долларға дейін өсуі тиіс», – деді Экономика министрі. Ендеше алдағы үшжылдықта да 100 млрд доллар межесін бағындыра алмайды.

Қаражат жинақтау режиміне орала ма?

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, Ұлттық банкпен бұрын келі­сілген тәсілге сәйкес, Ұлттық қордан алы­натын кепілдендірілген трансферттер 2022 жылғы 2,4 трлн теңгеден 2024 жылы 2 трлн теңгеге дейін қысқарады. «Ұлттық қордың қаражатын қалып­тастыру және пайдалану тұжырым­да­масына» сәйкес, экономиканың құлды­рауы кезеңінде дағдарысқа қарсы бағдар­ламаларды, әлеуметтік маңызы бар жоба­ларды, стратегиялық маңызды инфра­құ­рылымдық жобаларды қаржыландырудың балама көздері болмаған кезде оларға қаражат ел Президентінің шешімі бо­йынша ғана Ұлттық қордан алынады. Бас қаржыгердің байламынша, ел мұнай қаражатынсыз өмір сүруге біртіндеп бет бұрып жатыр. – 2022 жылы түсімдер осы жылдың жоспарымен салыстырғанда 431 млрд теңгеге ұлғая отырып, 13 трлн теңге дең­гейінде болжанып отыр. Мұнайлы емес түсімдер 1,8 трлн теңгеге немесе 25,1%-ға ұлғаяды деп қарастырылды. Ұлттық қор­дың қаражатын жинақтау режиміне ора­луымызға байланысты мұнайдан түсетін түсімдерді біртіндеп 1,3 трлн теңгеге төмендету қарастырылған. Ал мұнайлы емес түсімдердің үлесі керісінде 56,4%-дан 2024 жылы 71,4%-ға дейін өсетін бола­ды, – деді Қаржы министрі. Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов экономика еңсе тіктеген соң Ұлттық қорға тәуелділік күрт кемитініне сенімді: «2022-2026 жыл­дары ЖІӨ-нің нақты орташа жылдық өсу қарқыны 4,8% болады. Мысалы, ЖІӨ 2022 жылы 8,4%-ға өссе, республикалық бюд­жеттің салық кірістері бірден 29%-ға ар­тады. Бұл алдағы жылдары Ұлттық қорға тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік бе­реді», – деді Ә.Смайылов. Нәтижесінде Ұлттық қордан трансферттер 2023 жылы 350 млрд, 2024 жылы 200 млрд теңгеге аз жұмсалады. Қазақстанның Ұлттық қорының та­быстылығы нашар болып тұр: 2021 жыл­дың І жартысында бұл көрсеткіші небәрі 2,5% немесе 1,5 млрд доллар болды. Са­лыстыру үшін айтсақ, Норвегияның Мем­лекеттік зейнетақы қорының (бұрынғы атауы – Норвегияның мұнай қоры) биыл­ғы І жартыжылдықтағы табыстылығы 9,4% не 111 млрд доллар болды.

Мұнай қорлары қайда ақша салады?

Пандемия және жаһандық дағдарыс жағдайында күреп табыс тауып отырған Норвегияның феноменін түсіну үшін екі елдің мұнай қорларының қандай құрал­дарға инвестиция салатынына талдау жүр­гізген жөн. Экономикалық сарапшы Максим При­ходьконың айтуынша, Норвегияның Мемлекеттік зейнетақы қоры 72 елдің 11 125 компаниясына триллион доллардай қаражат салған. Яғни, инвестициясы, ак­тивтері және тәуекелдері мейлінше әрта­раптандырылған. «Көбіне АҚШ, Қытай, Жапония және Үндістанға қаржы салады. Ресейді де ай­налып өтпейді: шамамен 50 компанияның акциясына ие. Қырғыз Республикасында бағалы метал өндіретін Chaarat Gold Holdings жобасынан үлес иеленген. Бірақ Қа­зақстанға инвестицияламайды», – деді сарапшы. Қазақстан Үкіметі бұл салада сонша батыл емес: Ұлттық қордың шамамен 15 мил­лиардтай долларын немесе актив­те­рінің бестен бір бөлігін акцияларға салған. Қалғанын мемлекеттік құнды қағаздарда, алтын мен шетелдік валютада ұстайды. Норвегиялық қорға қандай да бір ком­панияның 10%-дан артық акциясын ие­ленуге тыйым салынған. 2020 жылдың соңында Apple-дің нарықтық құны $21,6 млрд тұратын акциясы, $17 миллиардтан көп Microsoft-тың және $14,5 млрд баға­ла­натын Amazon-ның акциялары норве­гиялық қорға тиесілі болған. Бұл жалпы ак­циялар портфелінің 5,75%-ынан аспайды. «Apple технологиялық компаниясына және Amazon.com интернет дүкеніне салынған инвестициялар жыл нәтижесінде ең ірі табыс әкелді. Олардан кейін Microsoft технологиялық компаниясы тұр. Жалпы алғанда, технологиялық сектор компаниялары 41,9% табыстылық көр­сетті», – делінген Норвегия мемлекеттік зейнетақы қорының (НМЗҚ) 2020 жылға арналған жылдық есебінде. Тұтастай алғанда, НМЗҚ Google-дің бас компаниясы Alphabet-тің, сондай-ақ Nestle, Facebook, Taiwan Semiconductor Manufacturing Company, Roche Holding, Samsung, Alibaba-ның акцияларын ен­шілеген. Ал қазақстандық қордың тек 2019 жылғы егжей-тегжейлі жылдық есебі ғана жарияланған екен. Онда Ұлттық қор қа­ражатының басым бөлігі 59,10%-ы – да­мыған елдердің мемлекеттік облигация­ларына салынғаны айтылған. Ал бұлар сенімді құрал болғанымен, әкелетін кірісі тым мардымсыз не жоққа тән: АҚШ мемоблигацияларының табыстылығы – 1,3%, Германияныкі – 0,4, Францияныкі – минус 0,06! Алпауыт компаниялар акцияларына Қазақстан қоры активтінің 20,75%-ы са­лыныпты. Қандай кіріс әкелгені жазыл­маған. Қордың қалған активтері негізінен валюта мен алтында сақталып жатыр. Қос елдің қорын салыстырғанда көзге анық түсетіні – біржарым триллион дол­лардай қазынаға ие Норвегия қоры бас­қарудың бірегей моделіне ғана емес, со­нымен бірге теңдессіз айқындылыққа ие екен. Кез келген адам оның сайтына кіріп, әрбір қаржысының қанша пайда не шы­ғын әкелгенін біле алады. Ал Қазақ­стан­ның 55,3 млрд доллар ғана активі бар Ұлт­тық қорының тіпті жеке сайты да жоқ болып шықты. Журналистер де, сарап­шы­лар да амалсыз, Қаржы министрлігі мен Ұлттық банк арагідік беретін азын-аулақ ақпаратқа сенуге және соны талдауға мәжбүр.

Айхан ШӘРІП