Онсыз да елімізде баспана бағасы қымбаттап жатқанда, қалаларда пәтер жалдау ақысы да күрт шарықтап кетті. Студенттер дәстүрлі форматта оқиды дегеннен, соңғы бір ай ішінде олар қалаға ағыла бастаған. Әсіресе, Алматыда жалға берілетін пәтер құны 2-3 есе өсіп, жұртты сарсаңға салды. Жатақханаларда орын тапшы, ал жастар мен ата-аналар қымбат пәтерді жалдауға қалталары көтермейтінін айтып отыр. Бұл қымбатшылықтың қолдан жасалғаны айдан анық. Бірақ студенттердің халін кім ойламақ?
Сұраныстың «көкесі» осы екен деп…
Қазір бұл мәселе ушығып тұр. Әлеуметтік желіде жастар жаппай наразылық білдіріп жатыр. Бірақ олардың пікірін орынсыз дей алмаймыз. Әрине, жаңа оқу жылы таяғанда студенттердің қалаға ағыларын біліп, пәтер жалдау құны қымбаттайтын әдет бұрыннан бар еді. Әйткенмен, бұл жолғы қымбатшылықтың жөні бөлек. Ел бойынша студенттердің ең көп тұрақтаған қаласы Алматыдағы бағаларды қарап, еріксіз жаға ұстайсыз. Пәтерді жалға беру жайлы жарнамаларды шолып отырып, осыны ұқтық. 2-3 жыл бұрын Алматыдан бір бөлмелі пәтерді 80-90 мың теңгеге жалдауға болатын. Табу аса қиындық тудырмайтын. Ал қазір құрығанда баға 150 мыңнан басталып, екі бөлмелі пәтерлер 200-300 мыңға дейін өсе береді. 20-30 мың теңге шәкіртақы алатын студенттер үшін мұның ауыр екені айтпаса да белгілі. Тағы бір мәселе – жалдамалы пәтер бағасы үй жағдайымен мүлдем сәйкес келмейді. Қазір Алматының шеткі аудандарының өзінде жағдайы нашар 1 бөлмелі пәтер үшін айына 130 мың сұрап тұр. Оның үстіне, көп пәтер иелері «студент» десе ат тонын ала қашатын байырғы әдет тағы бар. Ал Бостандық, Медеу және Алмалы секілді аудандардағы бағалар олардан әлдеқайда қымбат. Пәтер иелері мен риэлторлар мұның сұраныстан қалыптасқан жағдай екенін айтып ақталғандай болады. Бәрінің сылтауы – баяғы бір пандемия.Карантин сылтауға айналып кетпеді ме?
Осы күні кез келген саладағы қымбатшылықты «пандемия, карантин» тәрізді сөздермен ұштастырып, ақтап алуға тырысатын әдет қалыптасып кеткен сияқты. Былтырғы оқу жылында студенттер онлайн оқыды, соған сай қаладағы пәтерлерге сұраныс та аздау болды. Енді жастар қалаға оралады дегеннен пәтер иелерінің араны ашылып кеткені сөзсіз. Шыны керек, елдегі пандемия ешкімге оңай тимеді. Ал арман қуып, үлкен қалаға келген жастарға тіпті қиын. Мұндай жағдайда тек адамгершілік секілді құндылықтар мәселені шешетіндей көрінеді. Пәтер иелері өзге бизнес өкілдері сияқты мемлекетке салық төлемейтінін білеміз. Алайда «неге сонша баға шарықтап кетті» десек, жағдайдың қолдан жасалғанын аңғару оңай. Жоғарыда айтқандай, баға мен сапа бір-біріне пропорционал емес. Сарапшылар үй иелерінің жалға беру құнын жыл сайын тамыз бен қыркүйек айында көтеріп отыратынын айтады. Оның үстіне, студенттердің көптігі де бағаға әсер етеді екен. Бір анығы, 1 шаршы метрдің құны осы кезде 30 пайызға дейін өскен. Осы тұста мәселеге қатысты жылжымайтын мүлік саласының маманы Нұрсұлтан Сафарғалиевтің пікірін білген едік. – Барлығы маусымдық сұранысқа байланысты. Студенттер қалаға келгеннен кейін үлкен мегаполисте сұраныс сөзсіз өседі. Тек студенттер емес, жұмыс істеуге келетін азаматтар бар. Құрылыс заттарының қымбаттағанын алға тартып, пәтер иелері бағаны көтереді. Ал риэлторлықпен айналысатын компаниялар бағаны белгілемейді. Бағаны белгілейтін – үйдің иесі. Олар риэлторлардың ығына көнбейді. Айналып келгенде пәтер жалдаудың қымбаттауы баспана бағасының шарықтауымен байланысты, – дейді ол. Бұған жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесі де әсер еткендей. Еліміздегі жатақханалардағы орын санының қысқаруы осылай екінші проблеманың шетін шығарды. Бірінші кезекте жатақханаға 1-курс студенттері орналастырылады. Одан кейін университет қабырғасында белсенділігімен көзге түскендерге орын тиеді. Сосын қалғандарының үлгергені алып, үлгермегені қалады. Студент үйіне кіргізілмейтін тәлімгерлер пәтер жалдап тұруға мәжбүр болатыны сөзсіз. 2019 жылы Үкіметте Білім беру мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарамасын бекіту жайы сөз болған еді. Сонда жатақханаларды орындармен қамтамасыз ету үшін 2022 жылдың соңына қарай 75 мың орын пайдалануға берілетіні айтылған. Сол жылы 8 мың орын ашылған екен. Әйтсе де, былтыр пандемия болып, студенттер онлайн оқыған кезеңде жатақхана мәселесі әңгімеге арқау болмай қалды. Студенттер санының көбейіп жатқанын ескерсек, бұл мәселе кезек күттірмеуі қажет. Қазір елдегі студенттерге жатақханадан қанша орын жетіспейтіні жайлы нақты дерек жоқ. Бірақ осы ағынмен жүріп, жағдай әр жыл сайын қайталана берсе, бір мәселенің айналасында шарқ ұрып жүре беретінге ұқсаймыз. Бүгінде студенттердің бұл жағдайға көндігіп, бірігіп пәтер жалдаудан басқа амалы жоқ. Шарықтаған баға алдағы бір-екі айда түсе қоймайтыны анық. Осылай үміт арқалап, қалаға аттанған студенттерге оқудан бұрын, баспана қайғы болып тұр.Мадияр ТӨЛЕУ