Перзентханадағы жемқорлық неге тыйылмайды?
Перзентханадағы жемқорлық неге тыйылмайды?

Перзентханадағы жемқор­лық мәселесі жиі талқыға тү­седі. Осы турасында екіұдай пікір бар. Бірі – дәрігерлерді үйретіп алған халықтың өзі десе, екінші тарап әйелдердің  құқын білмеуі мен процесс барысындағы білімсіздігін алға тартады. Расымен, дәрі­гер­лерде мұндай құлқын қайдан пайда болған? Әлде, ә дегеннен айтқанын істеп үй­рет­кен адамдардың өзі ме?

Білгіш болсаң, өзің босанып ал

Мұндайда бірден Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында болған оқиға еске түседі. Өйткені жағдайды естігенде жұрт жағасын ұстаған-ды. Алғашқысында әйел туыстарына перзентханадағы жемқорлық шегіне жеткенін айтып көмек сұраған. Кейіннен 4 наурыз күні оның қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы №1 перинаталды орталықта болған оқиға тіпті күрделі. Себебі мұнда осыған ұқсас жағдай жиі болады, бірақ жарыққа шығатыны аз. Егер елордадағы перзентханалар жайлы пікірлерді оқи қалсаңыз, арыз-шағымның бәрі осы орталыққа қарсы жазыл­ған.  Сонымен, бастапқыда өзінің жағдайын айтып, қан кетіп қалма­уын сұрағанында акушер «білгіш болсаң,  өзің босанып ал» деп кетіп қалған. Гүлвира Исаева алтыншы сәбиін жалғыз өзі дәлізде босанған. Сәбидің жерде жатқанын байқаған санитар оны көтеріп, анасына берген. Осыдан кейін көпбалалы ана «ЭКСПО-ның жанында, елор­да­ның өзінде жағдай осындай бол­са, өңірлерді елестете алмаймын»,– деген-ді. Осыған ұқсас деректер ел наза­рына іліксе, Денсаулық сақтау бас­қармалары «тексереміз, анық­таймыз» деуден ары аса алмайтыны бар. Жоғарыда Алматыда болған оқиғада да басқарма солай жауап берген-ді. Біз де елордадағы басқар­мадан жыл сайын қанша әйелдің кесер тілігіне жүгініп, жемқорлық дерегі тіркелетінін сұрағанымызда «жауап береміз» деп ізім-қайым жоқ болды. Өйткені еліміздегі меди­цинаның осал тұсы перзентхана екені мәлім. Адам өмірі, ана мен бала денсаулығы дегенде шара қол­дануға көпшілік қауқарсыз. Себебі баяғыдан жалғасып келе жатқан «жүйе» бойларына сіңіп, тамыр жайып кеткен. Мұны біз пандемия тұсындағы жүкті әйелдердің жанай­қанынан да, кейінгі оқиғалардан да байқаймыз. Ал кейде «халықтың өзі дәрігерлерді дәндетіп үйретіп алған ба?» дейтін ой келеді-ақ. «Жақында ғана босандым. Ашық түрде ақша талап еткен ешкім болмады. Қасымда енем бірге жүрген. Кейінірек сұрасам, «бәріне сұрағанын бердім» дейді. Енем халық өзі дәрігерлерді жаман үйретіп тастағанын, сұрағанын бермесең қарамайтынын айтты. Күн сайын неше түрлі жағдайды естім жатырмыз. Баласын аман-есен қолына алғысы келгендер қолынан келгенін жасауға тыры­сады», – дейді Ақмоншақ Жорабай.

«Сүйіншіні» қолма-қол алмайтындар бар

Мегаполистегі жағдай турасын­да білгесін, өңірлерге үңіліп көрдік. Денсаулық сақтау басқар­масын­дағылар еліміздегі ана мен бала өлімі азайғанын айтса да, қала­шық­тағы оқиғалар тізбегі жалғаса бе­реді. Аймақтардағы кадр тапшы­лығы бітпейтін кезек, салғырттық, біліксіздік халық санын көбейтуге тосқауыл қойып отыр. Жемқор­лықтың тамыр жайғаны сонша, қанша ана мен бала өлімі болса да, емхана басшылығы ауыспайтын орындар бар. Мәселен, Жаркент жұрты қаладағы перзентханадағы оқиғаларды БАҚ өкілдері арқылы үздіксіз қозғаудың арқасында  биыл басшы ауысты. Әйтпесе, аймақта  елді елең еткізген бірнеше жағдай тіркелген-ді. Ал Ақтау қаласында тұратын жас ананың оқиғасы тіптен бөлек. Ол толғақ уақыты келгесін таңғы сағат 6-да Ақтау қаласындағы №28 пер­зентханаға барған. ПТР-тест тапсырып үлгермегендіктен, біраз күтуіне тура келген. Енді жеңіл­денейін дегенде алдынан тосынжай күтіп тұрған екен. «Акушер дөрекі қарым-қатынас жасап, бірінші жүктілігім екенін біле тұра, тиісті көмек көрсетпеді. Тыныс алу техникаларын жасауға нұсқау бермегендіктен, 18 сағат бойы толғаттым. Сұрақ қойсам дүрсе қоя берді. Баланың басы шыққанша жаныма келген жоқ, көрші бөлмеде жүрді. Кейіннен білдім, көрші бөлмеде танысының әйелі толғатып жатыпты. Сол бөлмеге қайта-қайта дәрігерлер барып, акушер асты-үстіне түсті. Ал баламды кеудеге қойған кезде «баланың кіндік шешесі менмін, нөмірімді жазып ал» деді. Таңғал­ғаннан есімді жия алмай жатсам, қайта айналып келіп, «менің де, врачтың да Kaspi счеті осы нөмірде» демесі бар ма?! Үйдегілерге хабарласқанымды көріп, бірден «ақшаны қолма-қол алмаймын, беретіндерін Kaspi-ге аударсын» деді. Перзентханадан шығуға дайындалып жатқанымда бөлмеге бір әйел орналасты. Жаңағы акушер оны көре сала, «сен бәленбайдың сіңлісі екенсің ғой. Кез келген жағдай болса маған айт» дегені бар.  15 минут сайын қайта-қайта келіп, хал-жағдайын сұрап тұрды. Осы көрініске қарап-ақ танысың мен ақшаң болмаса, ажалмен бетпе-бет келетініңді түсіндім», – деді Н. есімді Ақтау қаласының тұрғыны.

Қоғамның дерті – білімсіздік

Иә, қайсысынан сұрасаң да ың­ғайын келтірмесең қарамайтынын айтады. «Сонда ана мен бала мәртебесі, пациенттің құқығы қайда қалды?» деген ойға қаласың. «Перзентханада ақшаны өз еркіммен бердім. «Бермесең қарамайды» дегесін келісе кетесің. Алайда ақшаны босанғаннан кейін бердім. Қасымда акушерлер басынан бастап жүрмегенін ақшаны кештеу бергеніммен байланыс­тырдым. Толғақ кезінде арасында келіп-кетіп жүріп, баланың басы шығып жатқанда ғана соңына дейін көмектесті», – дейді Әсел Жәнібек­қызы. Бұл алғаш рет босанған ананың әңгімесі еді. Осыдан кейін сұрақты тікелей акушер-гинекологке қойдық. Оның айтуынша, әйел құқы мен денсаулығы туралы ақ­паратты толық білсе болғаны. Мәселен, жүктілігі асқынған әйелдерде гистоз диагнозы болады. Ол кезде әйелді перинаталды орталыққа жібереді. Жедел жәрдем де уақытында тасымалдайды. Атал­ған процесті жете білсеңіз, ешкім сізден ақша талап ете алмайды. «Егер сіз ақпаратты толық біл­сеңіз, ешкім сізден ақша сұрамайды. Ақша сұраған күннің өзінде ой­ланып әрекет ету керек. «Біз сені отаға алып кіреміз, 60 мың теңге бер» десе, тұрғылықты мекен­жайыңыз бойынша келгеніңізді, ақы төлеудің себебін сұраңыз. Сонда дәрігерлер сізге түсіндіріп әуре болады. Одан кейін  қызметтің ақысын кассаға төлейтініңізді,  чек шығарып беруін сұраңыз. Мұндайда дәрігерлер не дерін білмей, «мына әйел не істеу керегін біледі, басыма бәле болады» деп кейін шегінеді. Қарап тұрсаңыз, ақпарат пен білімнің аздығынан әйелдер ал­данып қалады. Білуімше, олар «маған жақсы қарасын» деп ақша ұсынады. Есіңізде болсын, ақша бермесеңіз де кезекші дәрігер мен акушер қарайды. Ал «ақша берсем акушер жанымда отырады» деген тіпті дұрыс емес. Өйткені кезекші дәрігер тексеру кезінде, акушер 30 минутта бір рет бөлмеге келеді. Бәрі әйелдің өзінің қолында», – дейді акушер-гинеколог Аягөз Жұманәліқызы.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ