Масқара мансап
Масқара мансап
420
оқылды
Көкесінің арқасында бастық болған Әңгелек Қауынбайұлы жылап, еңіреп келді. – Көке, менен бастық шықпайды. – Е, неге? – Сол, халық менен ықпайды... – Ойбай? – Орынбасарларым арызқойларды жықпайды, сықпайды, олар тек мені ғана ықтайды... Оның жыларман болып айтқан сөзін тыңдап болған мықты «көкесі» көңілденіп сала берді. Жымиып қойып, соңынан сүметіліп еріп жүрген туыс інісіне ине сұғып алардай төне қарады: – Әй, слуши, сен шайбасың. – Қандай шайба? – деп сұрады ол. – Хоккейшілердің шайбасы. Өмір – мұз айдыны. Тайғанақтайсың, сырғанайсың, құстай ұшасың, етпетіңнен түсіп, құсасың.   Мен билік командасының  бас шабуылшысымын. Сен  жерге жалп етіп отырасың. Хоккейшілер секілді таяғыммен құйрығыңнан салып қаламын. Сен шайба болып, зымырай жөнелесің.  Алдыңнан «Халық» командасы, немесе арызқойлар шықса, менің көмекшілерім, билік дәлізінен келгендер сені  халық қақпасына қарай көздеп тұрып, көздеп тұрып... – Ойбай – иии... – Не, ойбайи? – Құйрығым – ай, құйрығым! – Әй, мен сені ұрған жоқпын ғой? – Ұрмасаңыз да, ұрғандай болып кетті, көкеее! – Сен шайбасың ғой, шайба! – Шайба болмай – ақ қояйыншы? Арызқойлар арыз жазып, қызметтен қуылдым. Сотталып кетпегеніме шүкір. – Тфу, олардың бетіне түкір. Сен шайбасың деймін. – Шайба болып келіп тұрмын ғой. – Жерге отыр! Бір мекеменің бастығы болып, бюджеттің бүйірінен емемін деп, қызметтен қуылған інісі амал жоқ, жерге қазақшалап отырды. Көздері жыпылықтап.  «Құйрығым тызылдайтын болды – ау!» деп ойлады ішінен. Көкесі таяқпен құйрығына салып қалды. Ойбай–иии! Сол екен, інісі зуылдағаннан зуылдап отырып, «Халық» қақпасына кіріп кетті. Кіріп кеткені былай тұрсын, қақпаның торын жырта сырғанап барып, тағы бір кабинеттің есігіне зуылдап барды да, креслоға қонжия қалды.  Аузы ашылған ол қабылдау бөлмесіне келіп, есіктің жақтауына қарап еді, «Аудан әкімі» деген жазуды көріп, қуанып кетті! Жасасын, шайбалар! Кешіріңіз, кино сияқты болып кетті ме? Десек те, шайбаның ролін атқаратын шенеуніктер бар екен.  Мәселен, екі жыл бұрын мектеп әжетханасында зорланған 12 жасар қыздың дауынан кейін қызметінен сырғанап кеткен Тараздың бұрынғы әкімі Қайрат Досаев,   сол сырғанаған күйі бір басқарманың басшысы болып шыға келді. Шымкенттің бұрынғы әкімі Ғабидолла Әбдірахымов та, Арыста апат болып, ел әбігерге түсіп жатқанда, Лондонда пісте шағып жүр еді, ой, кешіріңіз, қыдырып жүргені үшін қызметінен қоштасқан, бірақ кешікпей, премьер министрдің сенімді кеңесшісі болып шыға келді.  «Потому что, потому что» деп басына жұмыртқа жарылған бұрынғы министр Серік Әбденов те, сүрінгенімен, сүмірейіп жүре бермеді, Қазақстан темір жолы компаниясы басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарып үлгерді.  Енді мына қызықты қараңыз. Кісі өлтіріп, қылмыскер атанып, сотталып келген адамды мектеп директоры бейнесінде көре аласыз ба? Сенбеуіңіз мүмкін. Бірақ, бұл шырылдаған шындық. Павлодар облысындағы бұрынғы қылмыскер  он жыл бойы мектеп басқарып келген екен! Қол шапалақтап қойыңыздар! Әне, біздің елдің деңгейі қандай? «Аққулы» ауданы, Б.Уақатов атындағы мектеп диреткоры Е.К. Дүйсенов бұған дейін «Қасақана кісі өлтіру» бойынша сотталған. Ал, мұндай қасақана кісі өлтірген адамның  білім беру және тәрбиелеу ұйымдарына жұмысқа орналасуына жол болсын?  Қысқасы, масқара болғандардың мансабында шек жоқ!

Жатыпатар ЖАНЫС