«Свежий жүрегімді сатам!»
«Свежий жүрегімді сатам!»
288
оқылды
Біздегі банктер несие берген соң, өсіңкі пайызымен  қаныңды теспей сорады ғой. Шетелде шатыңды шапақтап отырып, несие ала береді екенсің. Бір пайызға ғана. Кедейлік көрімді қазып қояды ма, «Несиеңнен құтылмасаң, сотталып өлесің!» – деп пешенеме СМС жазылып қояды ма деп қайғырып, қымбатшылық қолты­ғыма қоянның қиын да тастат­қызбайтын болған соң, көшеге көңілсіз  шықтым, Адамдар көп жүретін жерге келіп, кішігірім плакатты ұстап тұрдым. Онда: «Свежий жүрегімді сатамын!» деп жазылған еді.  Бір әйел келді. Көзіл­дірігін тағып, үңіле қарады. Тағы оқыды. Алды – артыма айнала шығып, тағы ежіктеп оқи бастады. – Қалай сонда? Жүрегіңізді сатсаңыз, тырайып өліп қалмайсыз ба? – деп сұрады. – Бес миллион теңгеге сатамын. – Ойнап тұрсыз ба? – Жоқ, аласыз ба деп ойлап тұр­мын. – Маған женский жүрек керек еді. Сіз... – Мужской жүрек ештеңе ет­пей­ді. – Ия, маған донор керек еді. Жүрегім  түнде төрт минөтке тоқтап қала береді. – Сіз де ойнап тұрсыз ба? Тоқтаса, тырайып қаласыз ғой, өзіңіз айтқандай. – Жүрегімді ауыстырсам деп едім. Сіздің жүрегіңіз сыртылдап тұр ма, ыңқылдап тұр ма? – Дүрсілдеп тұр. Өмірімде бірде бір рет тоқтаған емес, –дедім мен. Мына әйел мені мазақ етіп тұр әшейін. Бір кезде, шіреніп мил­лионер кісі келді. Ыңыранып тұр. Жүрегі ауырады ғой деймін.  Те­мекі­сін будақтата сорып,  бетіме үңілді де: – Братишка, журек сатасың ба, не? За сколько? –деді.  Хабар­лан­дыруды плакаттан емес, бетімнен оқып тұрғандай. – Он миллион, –дей салдым. – Дорого, дорого екен. Сенің журегинди донор етсем, арам адам болып қалмаймын ба? Сен арам адам емссің бе? – Жооқ, ақ көңіл бейшарамын. – Ммм. Мен итак араммын. Жұрт солай дейді. Жүрегің қанша кило? – Білмеймін. – Кәдімгі махаббат  пішіндес пе? – деп кекетті ол. – Жоқ, кірпіш сияқты, –дедім мен де тырысып. Ол жөніне кеткен соң, өзін қалалық соттың төрағасы­мын деп таныстырған  жігіт ағасы келді. Айтуынша, талайларды жазықсыз соттатып жібергені үшін жүрегі ауырады екен. Екі рет ин­фаркт алыпты. Жүрек тұсымды сипалап түрып, жыларман күйде: –Тегін бермейсің, ә? –деп сұрады. – Жоқ, ағасы. Несием бар. Төрт миллион. Содан құтылсам болды. –  Өлгеніңе өкінбейсің бе? – «Қалай құтыламын?» деп күн сайын тірідей өлгенше,  бір рет өліп құтылғаным артық. Әке–шешеме салмақ болғым келмейді, –деп едім. Ол мені құшақтап тұрды да, күрсініп алып, кетіп қалды. Сәлден кейін бір министр келді. Жемқор­лықтан сотталатынын біліп, жүрегі жарылайын деп қалыпты. Жүрегін ауыстырмақ. Ол мені оңашалап: –Жүрегің өзіңдікі ме? – деп сұады. – Ия. – Тошына? – Тошына. – Ұрлықы емес қой? – Не деп тұрсыз? – Маған сыйға бермейсіз бе? Бәрібір өліп қаласың дегендей... – Жооқ, несиемді жауып барып кетемін ана дүниеге. – Ммм...Басқа жүрегің жоқ қой? – Адамда жүрек жалғыз. – Ааа... –деген министр де кетті. Халқын емес, өз жүрегін ғана ойлайтын министрден түңіліп тұрғанымда, қисалаңдап, бір алқаш кісі келді. – О, жүрек те сатылады екен ғой? Менің жүрегімді кім алады екен? Жүрегімді сатамын, жүрегім­ді! Оригиналь жүрек! Самопал емес! – деп сарнап қоя беріп еді, аузын жаба қойдым. Жүрегім шымырлап кетті.  Үйге барып, валериан дәрісін ішіп, өзіме–өзім әрең келдім. Содан бері жүрегім ауырады... Кешіріңіз, оқырман, осылай деп бір таныс адамым әңгімелеп беріп еді. Содан бері біраз уақыт өткен. Сөйтсем, амалсыздан жүре­гін сататын жігіт бар болып шықты! Бүйрегін сатқысы келетіндерді естігенмін, ал, жүрегін тірі кезінде  сататынды бірінші рет естіп, көз­дерім алақандай болды. Қай бір жетіскеннен дейсіз? 27 жастағы ер азамат үш миллион қарызынан құтылу үшін әлеуметтік желіге жарнама беріпті. Күйініп. Ал, біздің елде тірі адамнан жүрек алуға заң бойынша тиым салынған. Тіпті, мәйіттің өзінен  алу үшін туыстарының рұхсаты керек.  Ал, бір ғана Нұр–Сұлтан қаласындағы кардиохирургия орталығында жүзден аса адам кезекте тұрған көрінеді. «Қазақстанда донор­лықты көтеруіміз керек. Мұқтаж адамдарға көмек беруіміз керек. Қазір бізде медицина өте жақсы дамыған. Бізде барлық жағдай жасалған. Егер донор болса, біз неше түрлі санаттағы күрделі оталарды жасауға дайынбыз,» –дейді Ұлттық ғылыми кардиология орталығының кардиолог маманы Гүлжан Мырзахметова.  Мәйіт­тердің  сау жүрегін өзгеге алмастыру үшін де түйдектелген көп мәселе бар көрінеді, Құдай тірідей жүрек сатқаннан сақтасын!

Ақмарал ӘБДІ