Тойларға тығылып барамыз!
Тойларға тығылып барамыз!
165
оқылды
Бізде той көп, бірақ ой жоқ. «Тойымыз бітпесін!» деген жылы сөзді жүре-гімізге сақтап, бір–бірімізді той тарқағанша мақтап, «пандемия кезінде де тойымыз жалғаса берсін!» дегендерді жақтап, тойдан кейін топырлап, ана дүниенің есігін қағып, тозақтың шамын жағып, бір–бірімізді аямай тобықтан қағып жатырмыз! Меніңше, ақыры той дегенде өледі екенбіз, тірліктен, бірліктен бұрын тойға көңіл бөледі екенбіз, тойларға тығылып барғанды қоя салу керек. Тойға адам деген қуанып бару керек емес пе? Артқы есіктерден кіріп, «Ойбай полиция!» деген дауыс шықса, столдардың астына кіріп кеткенше! Сондықтан, тойға шақырылғандардың бәрі полиция формаларын киіп келсе... Той иесі, отағасы–генерал–майор, әйелі – маршал (Әйелдер билеген заман ғой...) формасын киіп келетін болса ғой, ешкім тойыңыздың шырқын бұзбас еді. Қараңыз, полицей құдаларыңыз, құдағиларыңыз, старшина нағашыларыңыз, сержант бөлелеріңіз, ефрейтор күйеу балаларыңыз тойханаға алдыңғы есіктен кіріп барады. – Жиналыс құтты болсын! –деседі. (Той құтты болсын!– деп айтуға болмайды.) – Рахмет, жиналыс жиналысқа ұлассын! Содан, облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары, полковник шеніндегі форма киіп алған асаба той бастайды: – Армысыздар, полиция  ағайын, Сіздерге бүгін жағайын, Сөз беремін біртіндеп, Әліптің артын бағайын! Пойызда бар вагондар, Полицияда погондар, Хош келіпсіздер, жиынға,  «Сен тұр, мен атайын!» Дейтін, дейтін «огондар!» Аса құрметтті жиналысқа келген құда полицейлер! Құдағи КНБ – эчниктер, лейтенант қонақтар! Жиналысымыз құтты болсын!  Жас полицейлер бақытты болсын! Полицияны мың жылдық деп айтпас бекер, Жиналыс ортақ бізге, көңіл көтер, Полицейлер бір–бірімен тату болса, Жас полицейлер мұратына сонда жетер! – деді. Одан соң бір полиция бөлімшесінің бастығы сөз алды: – Айналайын, шырақтарым! Ата–енеңдей болып кеткен полиция бастықтарын сыйлаңдар, Қос МАИ авто көліктеріндей, қатар жүзіп, ой, қатар жүріп, офистерің биік болсын! Давай, сол ішін алып қойыңыздар! Асаба: – Ал, құрметті жиналысқа келген құда... ой, қонақтар, депутаттар, полицейлер, бастықтар! Жиналыстан шаршаған боларсыздар, ковидке қарсы жаттығу жасайық! Ортаға шығып, билеңіздер! Би! «Аспанға қараймыз, Балмұздақ жалаймыз,  айлық бергенде бәріміз, ақшаны санаймыз!» Содан не керек, би басталады! Депутаттар жүр секіріп билеп! Полиция бастықтары жүр кекіріп билеп! Былай қарағанда, ештеңе бұлінбейді ғой. Қашанғы тойға тығылып бара бересіздер? Елде пандемия да, короновирус та өршіп өршеленіп тұр. Апта сайын, апта сайын емес–ау, күн сайын  ауырғандар о дүниеге кетіп жатыр. Соны біле тұрып, той жасап, құда күтіп, қыз ұзататындарға таң қаламын. Не деген соншама тойшыл халық едік? Әншілер де тойлардан қалар емес. Тіпті, әнші Әбжаппар Әлқожа дейтін біреу тойларға тығылып барып, ақша тауып жүргенін жасырмады да. Ал енді біреулер:  «Тойымыз бітпесін!» деп инстаграмға той суреттерін салғанға мәз.  Сонда бізге қашан ақыл кіреді? Мына пандемия қазақ үшін, адамзат үшін мәңгілік емес шығар? Шымкентте тойлар өте жасырын өтіп жатыр. Тойханаға артынан тығылып кірген соң, той біткенше далаға шығу деген жоқ!  Сол, стол басында қорқып отырғаның. «Келіп қалды, ойбай!» деген дауыс естісең, есіңнен танып қаласың. Жегенің желкеңнен шығады. Шәйіңе шашалып, тауық етіне қақалып, әбігерге түсесің. Не деген қорқынышты тойлар? Бүйтіп, әбігерге түскенше, жасамай–ақ қойған жақсы емес пе? Жалғыз Шымкентте ғана емес, Тарзада, Алматыда, астанада, көп өңірлерде осылай тойларға тығылып барып жатыр! Құдай тығылып той жасағаннан сақтасын! Ашық күнде аман – есен жүздесейік, ағайын!

Марал МАНТАЙ