Сұрама

Сұрама

Көлдің де жайын сұрама Бетіне қыста мұз қатқан. Елдің де жайын сұрама Аманат жүгі зілбатпан. Баланың жайын сұрама Батпақта жатып тіл қатқан.   Ауылдың жайын сұрама Ғапыл да болған ғажабы. Ақынның жайын сұрама Ашқылтым тартқан ғазалы. Ақсақал жайын сұрама Аузынан қашқан азаны. Ұл-қыздың жайын сұрама Әлдекімдердің мазағы.   Намысым қайда кешегі Еңсесі көкпен ендескен? Арысым қайда кешегі Ата бір жаумен белдескен? Шешенім қайда кешегі Шекпенділермен шендескен? Көсемім қайда кешегі Төскейде туып, төрде өскен?   Белдігің қайда кешегі Бектерше бекем буынған? Ерлігің қайда кешегі Қынаптан қылыш суырған? Теңдігің қайда кешегі Тебінгі термен жуынған? Өрлігің қайда кешегі Өзекті өрттей қуырған?..   Жетесіз неге көбейді Жесірдің жасын жек көрген? Жетпегір неге көбейді Жетімнің асын жеп келген? Доңызың неге көбейді Бөксеге қарнын бөктерген? Қоңызың неге көбейді Күндіз де түні боқ терген?   Ат жалын тартып мінбесе, Бағыланың оғлан бола ма? Біріңді бірің күндесең, Орданың ісі оңа ма? Баянды бабын білмесең, Басыңа бақыт қона ма? Кежегең кейін тартқанша Келсең бір етті тобаңа?!

                                     Исрайыл САПАРБАЙ