Ауғандарға арналған қауіпсіз аймақ ашылуы мүмкін
Ауғандарға арналған қауіпсіз аймақ ашылуы мүмкін
Фото: stan.kz
Франция мен Ұлыбритания Кабулда елден кеткісі келетін адамдарды қорғау үшін қауіпсіз аймақ құруды ұсынып отыр.  Қос мемлекет бастаманы бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің Ауғанстанға қатысты шұғыл отырысында қарар ретінде ұсынбақ, – деп хабарлайды 24.kz. Бұл туралы Франция президенті Эммануэль Макрон жергілікті телеарнаның бірінде берген сұхбатында мәлімдеді. Бесінші республика басшысының айтуынша, ол «Талибан» өкілдерімен осы мәселе мен елге гуманитарлық көмек көрсету жайлы сөйлескен. Алайда кей ақпарат бойынша талибандар бұл ұсыныстан бас тартқан. Эммануэль Макрон, Франция президенті:
 – Біздің Ұлыбританиямен бірігіп БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне ұсынғалы отырған жобамыз өзге де операцияларда қолданылған шара. Ол адамдардың әуежайға қауіпсіз жетуін қамтамасыз етуді көздейді. Менің ойымша, бұл орынды бастама. Себебі ол халықаралық қауымдастықты жұмылдырып, «Талибан» қозғалысына қысым көрсететін болады.
Ал талибандар амеркалық жауынгерлер әуежайды тастап шыға салысымен оны өз бақылауына алуға дайын екенін жеткізді. Соңғы ақпарат бойынша қазір әуе айлағында 1 мыңдай адамды эвакуациялау қалған. Ал ресми дерекке сүйенсек, талибандар Кабулды басып алғалы бұл әуежайдан 100 мыңнан аса адам шетелге көшірілген. Еске сала кетсек, «Талибан» ұйымына Қазақстандағы Жоғарғы Соттың 2005 жылғы 15 наурыздағы шешімімен тыйым салынған.