Қорғаныс министрлігі мейрамхананың жанында сақталған снарядтарға қатысты түсініктеме берді
Қорғаныс министрлігі мейрамхананың жанында сақталған снарядтарға қатысты түсініктеме берді
Фото: arasha.kz
Қорғаныс министрлігі БАҚ пен әлеуметтік желілерде тарап жатқан мейрамхананың жанында сақталған снарядтарға қатысты түсініктеме берді. Министрліктің  мәліметі бойынша, ол снаряд емес, металл сынықтары. «Бұл – оқ-дәрілерді кәдеге жаратқаннан кейін алынған және электрондық алаңдағы сауда-саттық арқылы жеке кәсіпорынға сатылған металл сынықтары. Ешқандай қауіп төндірмейді», – деді министрліктен. «Тексеру барысында өндірістік база «Бақтияр-Group» ЖШС-не тиесілі екені анықталды. Оның аумағында сынықтар (күйдірілген металл, болат және шойын металл) сақталған. Аталған металды «Бақтияр-Group» ЖШС 2021 жылы 30 наурызда Түркістан облысы, Арыс қаласында «Қазтехнология» АҚ металл қоймасынан жасалған шартқа сәйкес сатып алды», – делінген хабарламада. Қорғаныс министрлігі 26 тамызда өрт шыққан Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймасында мұндай оқ-дәрілер сақталмағанын атап өтті.