Семей қаласында екі көлік бетпе-бет соқтығысып, жүргізушілердің бірі жан тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Тәңірбергенов көшесінен көпірге қарай келе жатқан LADA 21144 автокөлігінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп LADA Largus көлігімен соқтығысқан. «Жол-көлік оқиғасы салдарынан LADA 21144 жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Ал екінші көліктегі 59 жастағы жүргізуші мен 80 жастағы жолаушы түрлі дене жарақаттарымен Семей қаласының жедел медициналық жәрдем ауруханасына жатқызылды», – делінген хабарламада. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.