Биыл бірнеше әуежайда жөндеу жұмысы аяқталады
Биыл бірнеше әуежайда жөндеу жұмысы аяқталады
Фото: ernur.kz
95
оқылды

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.

Инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Өскемен қаласы әуежайының ұшу-қону жолағы қайта жаңартылуда. Жобада жолақтарды 300 метрге ұзарту және үлкен ұшақтарды қабылдау үшін жарық, дыбыс жабдықтарын ауыстыру көзделген. Сондай-ақ жеке инвестиция есебінен Шымкент қаласы әуежайының жаңа терминалы салынып жатыр. Нәтижесінде, терминал алаңы 3,8 мыңнан 35 мың шаршы метрге дейін кеңейіп, өткізу қабілеті сағатына 150-ден 2000 жолаушыға дейін артады. Жаңа терминал халықаралық сапа және қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келеді. Батыс Қазақстан облысының әкімдігі жеке инвестицияларды тарта отырып, Орал қаласы әуежайының аэровокзал кешенін жаңғыртып жатыр. Терминал аумағы екі еседен астам ұлғайтылып, өткізу қабілеті сағатына 100-ден 200 жолаушыға дейін жеткізіледі. Аталған жобалар бойынша құрылыс жұмыстарын 2021 жылдың соңында және келесі жылдың бірінші жартыжылдығына аяқтау жоспарланған. Үржардағы ұшу-қону жолағын және аэровокзал ғимаратын реконструкциялау жұмыстарын биыл аяқтау жоспарлануда. Үшарал қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын, рөлдеу жолын және перронын реконструкциялау жұмыстары басталды. Жобаларды іске асыру әуежайлардың жерүсті инфрақұрылымын жақсартып, қауіпсіздік және қызмет көрсету сапасын арттыруға ықпал етеді.