Жаныңда жүрген жанашыр
Жаныңда жүрген жанашыр
275
оқылды

Тараз маңындағы жарылыс елді есеңгіретіп кетті. «Ажал айтып келмейді» десек те, бұл оқи­ғаның зардабы оңай тиген жоқ. Қаншама отбасы азаматын жоғалтты, қаншама ата-ана ба­ласынан айырылды. Жарылыс болған күні сол маңдағы ауылдардан ел үдере көшті. Бір жа­ғы үрей, бір жағы жарылыс аймағы болған соң, оларға бас сауғалауға тура келді. Дүр­бе­лең ке­зінде әртүрлі  оқиғалардың болуы заңдылық. Тіпті, сол түні  такси бағасын үш есе кө­тер­гендер де болыпты. «Бағаны кім қалай қойғысы келсе, солай қойды. Баға көтеріліп, адам­дар шағымдана бастады. Таңертең келсек, бір көлікке 30 мың, 35 мың теңге сұра­ғандар болды», – дейді тұр­ғындар. Алайда, осынау сын сағаттарда алғашқы болып көмек қолын созғандар да такси жүр­гізушілері. Шымкенттен жанұшыра жеткен жүргізушілер  теміржолда, автобуста қалып қойған жо­лаушыларды тегін тасымалдаған. Осылайша, үрейленген жұртты жолда қал­дыр­май, діттеген же­ріне жеткізген ағайынға елдің де алғысы шексіз. Жалпы, мұндай қиын-қыстау тұста  көбіне қайырымды адамдар көмекке ұмтылып жатады. Бұған Арыс пен Маң­ғыс­таудағы қуаңшылықты мысалға келтіруге болады.

Арыстағы жарылыс ел есінен кеткен жоқ

Арыстағы жарылыс таңертең басталған. Ба­лалар балабақшада, оқушылар мектепте, ден­­­саулық сақтау мекемелерінде емделушілер та­ғы бар. Дүрбелең басталған кезде жұрт не іс­терін білмей, әбігерге түсіп қалды. Бас­шы­лық­қа арнайы тапсырма берілген. Яғни, қа­ла­дан жұртты алып шығып, қырға жеткізу. Қара­пайым тұрғындар снаряд пен оттың ортасында қа­лып қоймай, қырға жетсе, қауіпсіз болады де­ген ой болса керек. Жарылыс кезіндегі қиындықтар туралы тұр­ғындардың бірі: «Күн ыстық. Жаяу-жалпы қаш­қан жұрт. Қарттар мен бүлдіршіндердің ерін­дері кезеріп, тілдері аузына сыймай кеткен. Жас жігіттер жиналып, төменнен ауызсу тасы­ды. Азғана суды барлығына жеткізу керек. Екі ұрт­тап, бір-біріне ұсынып жатыр. Ал Арыс пен Шым­кенттің ортасында халықты тегін тасыған такси жүргізушілері мен еріктілердің еңбегі ерен. Монтайтастан шыққан халыққа жол бойы сусын үлестіріп жүрген жастар да болды. Сол жолы адамдардың арасында мейірімнің бар екеніне сүйсіндік» деп еске алады. Тұрғындардың көбі арыстық ағайынның ама­ндығын әуелі Алла, сосын қайырымды аза­маттар қорғап қалғанын айтады. Балабақшада қал­ған сәбилерді құтқаруға ұмтылған жет­кін­шектің ерлігі тіптен ерен. «Ол менің азаматтық бо­ры­шым еді» дейді Әбдіхалық Асқар. Ол Арыс­тағы «Лидер» балабақшасынан 80-нен ас­там бүлдіршінді апат аймағынан алып шық­қан. Жарылыс кезінде жанын салып, жақсылық жа­сауға тырысқан азаматтар өте көп. Біреулері тұрғындарды қала сыртына тасыса, енді бірі мектеп пен балабақшадан балаларды құтқаруға ұмтылды. Ауруханада жатқан қаншама жан осын­дай еріктілердің арқасында аман-есен қауіп­сіз аймаққа көшірілді.

Құрметке қандай құрмет көрсетсек те жарасады

Құрмет Талапқазы – Түркістан облысының тұр­ғыны. Құрмет қуаңшылықтан малы қы­ры­лып жатқан өңірлерге шөп жеткізу жұмысын ұйым­дастырды. 24 жастағы жігіт алты вагон шөп пен жоңышқа дайындаған. Достары мен ерік­тілерді жинап, шөп шабуға жұмылдырды. «Ша­ғын шаруашылықпен айналасатындарға қиын заман туды, соған құлазып жүрмін. Кө­мек бастап кеткеніме қуанамын, әрине бұл мақ­тану үшін емес. Ата-әжелер көзіне жас алып, алғысын жаудырып жатыр. Бірақ мен рақ­­метін күтпеймін, әрбір қазақ, өз елінің аза­ма­ты менің ісімді жасар еді. Қазір бәріміз жи­на­лып, көмектесуге шақырамын», – дейді ол. Құрметтің игі ісін өзгелер де жалғап кетті. Рес­публиканың түкпір-түкпірінен қуаңшылық жай­лаған аймақтарға шөп жеткізіліп жатыр. Бұл да еріктілердің арқасы. Құрмет Талапқазы бір сөзінде: «Қазақстанның батысын шөппен қа­зір қамтамасыз етпесек, қыста мал қы­ры­лады. Қыста тіпті батыста ғана емес, оң­түс­тікте де, Қызылорда мен Аралда да мал қырылады. Ке­лесі жылы шөп те қымбаттайды, ет те. Қазір ет­­тің келісі 2 мың болса, келесі жылдары 7-10 мың теңге болады. Күз бен қыс келмей тұрып, шөп әзірлеуіміз керек. Әр облыстан 10-15 ва­гон­нан жіберсек жақсы болар еді. Қазір Түр­кіс­тан мен Шымкентте Қазығұртқа, Қаратауға және Созаққа барар жолдағы даланы шауып жа­тырмыз. Сосын Шығыс Қазақстан мен Сол­түстік Қазақстан облысына шөпке барамыз» де­ген екен. Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Шардара, Же­тісай, тағы басқа аудандардың азаматтары да шөп дайындауға білек сыбана кіріскен. Құр­мет­тің бастамасымен Түркістан облысының өзін­де 100 мың түктен артық шөп жиналған. Ерік­тілер оңтүстік жұртшылығының көмегін қуаң­шылық болған аймақтарға теміржол ар­қылы жеткізіп берді.

Адамзатты мейірім құтқарады

АЛЖИР лагерінде азап көрген әйелдерді де сақтаған – мейірім. Қыстыгүні таңертең әйел­дер Жалаңаш өзенінің жағасынан барактар тұр­ғызу үшін қамыс жинайды. Жақын маңдағы ауыл­дың кішкентай балалары әйелдерге тас лақ­тыра бастайды. Мұны байқаған бақы­лау­шылар: «Көрдіңдер ме, сендерді тек Мәскеуде емес, ауылдағылар да жек көреді» деп кекетеді. Осылайша, оқиға күн сайын жалғаса береді. Бір күні әбден қалжырап тұрған Гетруд есімді тұт­қын әйел өзіне ұшып келген тастан сүттің иісі шығып тұрғанын байқайды. Сөйтеді де ау­зына салып көрсе, тәп-тәтті екен. Содан ол тас­тардың бәрін жинап алып, баракқа алып ке­леді. Ол жердегі тұтқындағы қазақ әйелдері мұ­ның құрт екенін айтып береді. Сөйтсе, қа­зақтар тұтқын әйелдерді аштықтан сақтап қалу үшін осындай айла-тәсілге барған екен. Бұл тура­лы ақын Ғалым Жайлыбайдың «Қара ора­мал» деп аталатын поэма-реквиемі бар. Онда бұл оқиға туралы: … Қасиетін қара тасқа қашатқан, Тас атпаған кім-кімге де ас атқан. Мейіріміне мейірлене шөлдеген, Барактағы балаңда емес ол деген. Азаматқа көңілінің жоқ аласы, Құрт лақтырған қайран қазақ баласы. …Жалаңашкөл маңында, Сол АЛЖИР-дің жанында. Құрт лақтырған анасына қазақтың, Құрт лақтырған баласына қазақтың. Алтын кешен салып қойсақ қайтеді, Жарасар ед, әй, тегі…, – деп жырлайды.  

P.S. 

«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп». хакім Абай осылай дейді. Жақсылық жасау – адамға қуаныш сыйлау. Жағымды нәрсенің бәрі жақсылық жасау арқылы жетеді. Бұл адамдарды бір-біріне жақындатады, сыйлатады, құрметтейді. Демек, Тараз маңындағы жарылыс кезінде шымкенттік такси жүргізушілері тегін көмекке ұмтылса – бұл да адамдардың бір-біріне деген ыстық ықыласы, мейірімі. Құрмет бастаған еріктілердің іс-әрекеті де бір-біріне деген қолдауы, құрмет көрсетуі болса керек...