Тараз маңындағы жарылыс елді есеңгіретіп кетті. «Ажал айтып келмейді» десек те, бұл оқиғаның зардабы оңай тиген жоқ. Қаншама отбасы азаматын жоғалтты, қаншама ата-ана баласынан айырылды. Жарылыс болған күні сол маңдағы ауылдардан ел үдере көшті. Бір жағы үрей, бір жағы жарылыс аймағы болған соң, оларға бас сауғалауға тура келді. Дүрбелең кезінде әртүрлі оқиғалардың болуы заңдылық. Тіпті, сол түні такси бағасын үш есе көтергендер де болыпты. «Бағаны кім қалай қойғысы келсе, солай қойды. Баға көтеріліп, адамдар шағымдана бастады. Таңертең келсек, бір көлікке 30 мың, 35 мың теңге сұрағандар болды», – дейді тұрғындар. Алайда, осынау сын сағаттарда алғашқы болып көмек қолын созғандар да такси жүргізушілері. Шымкенттен жанұшыра жеткен жүргізушілер теміржолда, автобуста қалып қойған жолаушыларды тегін тасымалдаған. Осылайша, үрейленген жұртты жолда қалдырмай, діттеген жеріне жеткізген ағайынға елдің де алғысы шексіз. Жалпы, мұндай қиын-қыстау тұста көбіне қайырымды адамдар көмекке ұмтылып жатады. Бұған Арыс пен Маңғыстаудағы қуаңшылықты мысалға келтіруге болады.
Арыстағы жарылыс ел есінен кеткен жоқ
Арыстағы жарылыс таңертең басталған. Балалар балабақшада, оқушылар мектепте, денсаулық сақтау мекемелерінде емделушілер тағы бар. Дүрбелең басталған кезде жұрт не істерін білмей, әбігерге түсіп қалды. Басшылыққа арнайы тапсырма берілген. Яғни, қаладан жұртты алып шығып, қырға жеткізу. Қарапайым тұрғындар снаряд пен оттың ортасында қалып қоймай, қырға жетсе, қауіпсіз болады деген ой болса керек. Жарылыс кезіндегі қиындықтар туралы тұрғындардың бірі: «Күн ыстық. Жаяу-жалпы қашқан жұрт. Қарттар мен бүлдіршіндердің еріндері кезеріп, тілдері аузына сыймай кеткен. Жас жігіттер жиналып, төменнен ауызсу тасыды. Азғана суды барлығына жеткізу керек. Екі ұрттап, бір-біріне ұсынып жатыр. Ал Арыс пен Шымкенттің ортасында халықты тегін тасыған такси жүргізушілері мен еріктілердің еңбегі ерен. Монтайтастан шыққан халыққа жол бойы сусын үлестіріп жүрген жастар да болды. Сол жолы адамдардың арасында мейірімнің бар екеніне сүйсіндік» деп еске алады. Тұрғындардың көбі арыстық ағайынның амандығын әуелі Алла, сосын қайырымды азаматтар қорғап қалғанын айтады. Балабақшада қалған сәбилерді құтқаруға ұмтылған жеткіншектің ерлігі тіптен ерен. «Ол менің азаматтық борышым еді» дейді Әбдіхалық Асқар. Ол Арыстағы «Лидер» балабақшасынан 80-нен астам бүлдіршінді апат аймағынан алып шыққан. Жарылыс кезінде жанын салып, жақсылық жасауға тырысқан азаматтар өте көп. Біреулері тұрғындарды қала сыртына тасыса, енді бірі мектеп пен балабақшадан балаларды құтқаруға ұмтылды. Ауруханада жатқан қаншама жан осындай еріктілердің арқасында аман-есен қауіпсіз аймаққа көшірілді.Құрметке қандай құрмет көрсетсек те жарасады
Құрмет Талапқазы – Түркістан облысының тұрғыны. Құрмет қуаңшылықтан малы қырылып жатқан өңірлерге шөп жеткізу жұмысын ұйымдастырды. 24 жастағы жігіт алты вагон шөп пен жоңышқа дайындаған. Достары мен еріктілерді жинап, шөп шабуға жұмылдырды. «Шағын шаруашылықпен айналасатындарға қиын заман туды, соған құлазып жүрмін. Көмек бастап кеткеніме қуанамын, әрине бұл мақтану үшін емес. Ата-әжелер көзіне жас алып, алғысын жаудырып жатыр. Бірақ мен рақметін күтпеймін, әрбір қазақ, өз елінің азаматы менің ісімді жасар еді. Қазір бәріміз жиналып, көмектесуге шақырамын», – дейді ол. Құрметтің игі ісін өзгелер де жалғап кетті. Республиканың түкпір-түкпірінен қуаңшылық жайлаған аймақтарға шөп жеткізіліп жатыр. Бұл да еріктілердің арқасы. Құрмет Талапқазы бір сөзінде: «Қазақстанның батысын шөппен қазір қамтамасыз етпесек, қыста мал қырылады. Қыста тіпті батыста ғана емес, оңтүстікте де, Қызылорда мен Аралда да мал қырылады. Келесі жылы шөп те қымбаттайды, ет те. Қазір еттің келісі 2 мың болса, келесі жылдары 7-10 мың теңге болады. Күз бен қыс келмей тұрып, шөп әзірлеуіміз керек. Әр облыстан 10-15 вагоннан жіберсек жақсы болар еді. Қазір Түркістан мен Шымкентте Қазығұртқа, Қаратауға және Созаққа барар жолдағы даланы шауып жатырмыз. Сосын Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облысына шөпке барамыз» деген екен. Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Шардара, Жетісай, тағы басқа аудандардың азаматтары да шөп дайындауға білек сыбана кіріскен. Құрметтің бастамасымен Түркістан облысының өзінде 100 мың түктен артық шөп жиналған. Еріктілер оңтүстік жұртшылығының көмегін қуаңшылық болған аймақтарға теміржол арқылы жеткізіп берді.Адамзатты мейірім құтқарады
АЛЖИР лагерінде азап көрген әйелдерді де сақтаған – мейірім. Қыстыгүні таңертең әйелдер Жалаңаш өзенінің жағасынан барактар тұрғызу үшін қамыс жинайды. Жақын маңдағы ауылдың кішкентай балалары әйелдерге тас лақтыра бастайды. Мұны байқаған бақылаушылар: «Көрдіңдер ме, сендерді тек Мәскеуде емес, ауылдағылар да жек көреді» деп кекетеді. Осылайша, оқиға күн сайын жалғаса береді. Бір күні әбден қалжырап тұрған Гетруд есімді тұтқын әйел өзіне ұшып келген тастан сүттің иісі шығып тұрғанын байқайды. Сөйтеді де аузына салып көрсе, тәп-тәтті екен. Содан ол тастардың бәрін жинап алып, баракқа алып келеді. Ол жердегі тұтқындағы қазақ әйелдері мұның құрт екенін айтып береді. Сөйтсе, қазақтар тұтқын әйелдерді аштықтан сақтап қалу үшін осындай айла-тәсілге барған екен. Бұл туралы ақын Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» деп аталатын поэма-реквиемі бар. Онда бұл оқиға туралы: … Қасиетін қара тасқа қашатқан, Тас атпаған кім-кімге де ас атқан. Мейіріміне мейірлене шөлдеген, Барактағы балаңда емес ол деген. Азаматқа көңілінің жоқ аласы, Құрт лақтырған қайран қазақ баласы. …Жалаңашкөл маңында, Сол АЛЖИР-дің жанында. Құрт лақтырған анасына қазақтың, Құрт лақтырған баласына қазақтың. Алтын кешен салып қойсақ қайтеді, Жарасар ед, әй, тегі…, – деп жырлайды.P.S.
«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп». хакім Абай осылай дейді. Жақсылық жасау – адамға қуаныш сыйлау. Жағымды нәрсенің бәрі жақсылық жасау арқылы жетеді. Бұл адамдарды бір-біріне жақындатады, сыйлатады, құрметтейді. Демек, Тараз маңындағы жарылыс кезінде шымкенттік такси жүргізушілері тегін көмекке ұмтылса – бұл да адамдардың бір-біріне деген ыстық ықыласы, мейірімі. Құрмет бастаған еріктілердің іс-әрекеті де бір-біріне деген қолдауы, құрмет көрсетуі болса керек...