Аза тұтқызған адам факторы
Аза тұтқызған адам факторы
173
оқылды

29 тамыз күні елімізде Аза тұту күні жария­лан­ды. Ол Жамбыл жеріндегі жарылыстан құр­бан болғандарға арналған еді. Бұл – ел тари­хындағы оныншы Аза тұту күні. Өкініштісі, Аза тұтуға себеп болған оқиғалардың бар­лы­ғында дерлік адам әрекетінің ізі бар.

Алғаш рет 2006 жылы Аза тұту күні жарияланды

«Өткен күнде белгі жоқ» деп жатады ғой халық, бірақ артта қал­ған сәттердің естеліктері са­нада сақталып, құжаттарда хат­талып қалатыны бар. Қазақстанда түрлі деңгейдегі апаттар, адам өліміне апарып соққан оқиғалар аз болмаған. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі бірер жылдың өзінде ел болып қайғыратындай оқиғалар болған-ды. Мәселен, 1995 жылғы 17 сәуірде Тәжікстан мен Ауған­стан шекарасында қазақстандық бітімгерлер ауғанстандық қарулы топтың шабуылына ұшыраған-ды. Сол ұрыста 17 сарбазымыз мерт болып, 33-і жараланған еді. Бірақ ол кезде Аза тұту күні жа­рияланған жоқ. Сонымен қатар 1994 жылғы 7 шілдеде «Казах­стан­ская» шах­тасында метан жа­рылып, 7 адам мерт болды. 1995 жылғы 24 қа­ра­шада Шахтин­скідегі Ленин атын­дағы шахтада да метан жарылды. 13 кенші қай­тыс болды. 1994 жыл­ғы 16 нау­рыз­да Ақтас елді меке­ніндегі шах­тадағы өртті сөн­діру кезінде 11 құтқарушы мерт болды. Қыс­қасы, 90-жыл­да­ры тө­тенше оқи­ғалар аз болмады. Алайда 1991-2000 жылдар ара­сындағы күрделі әлеуметтік-эко­номикалық жағдайға байланысты түрлі апаттан, ұрыс қимылдан зардап шеккендер үшін ел болып қайғыру қажет екенін ескермеген сияқтымыз. Тек 2006 жылы 26 қыр­­­күйекте Қарағандыдағы Ле­нин атындағы шахтада метан жарылып, 41 кенші қаза тапқан соң ғана алғаш рет ұлттық Аза тұту күні жарияланды. Одан кейін 2008 жылғы 11 қаңтарда тағы сол Қа­рағанды шахталарының бірін­дегі апаттан 30 шахтер мерт бол­ған соң ел болып аза тұттық. Ара­да тағы екі жыл өткен соң, 2010 жылғы 11 нау­рызда Алматы облысындағы Қы­зылағаш елді мекені тасқынның астында қа­лып, 45 адам қайтыс болды. Олар­дың 11-і бала еді. Сол оқиғаға байланысты да аза тұттық. 2012 жылы екі рет Аза тұту кү­ні жарияланды. Екеуі де әске­рилер­дің арасындағы шығынға байла­нысты еді. Көктемде «Ар­қан­кер­ген» шекара бекетінде 14 шекара­шымыз бір орманшы кісінің қо­лынан қаза тапты. Ал 25 желтоқ­санда Шымкент маңында ҰҚК Шекара қызметінің АН-72 ұшағы апатқа ұшырап, 27 шек­арашы офи­цер мен сарбаз, ұш­қыш қаза тапты. 2013 жылғы қаң­тарда Алма­ты облысының Қызылту елді ме­кенінің маңында SCAT әуекомпа­ния­сының Көк­ше­таудан Алматыға ұшып шық­қан Bombardier CRJ 200LR ұшағы апатқа ұшырады. 16 жолаушы мен экипаждың 5 мүшесі көз жұмды. Осы оқиғалардың бар­лығы үшін Аза тұту күні жариялан­ған еді. Сөйтіп, екі жыл сайын қайталан­ған Аза тұту күні 2012-2013 жыл­дары айналасы 8 айда үш рет жа­рияланды. Одан соң ел бо­лып 2016 жылы аза тұттық. Оған тер­рористердің шабуылы себеп бол­ды. Ақтөбеде қару-жарақ дүке­ні мен әскери бөлімге шабуыл жа­са­ған террористер қолынан әс­кери қызметшілермен қатар бейбіт тұрғындар да көз жұмған еді. Сол оқиғаға байланысты 2016 жылғы 8 маусымда ел болып аза тұттық. Арада үш жыл өткенде, 2019 жылдың соңында Bek Air ком­паниясының Fokker-100 ұшағы апатқа ұшыраған кезде қаралы күн жарияланды. Одан соң 2020 жылғы 13 шілдеде коронавирус пандемия­сынан қайтыс болған азаматта­ры­мызды еске алу үшін Қазақстанда Аза тұту күні жария­ланған еді. Соң­ғысы биылғы 29 тамыз болды.

Аза тұтуға апарған апаттардың қандай ортақ тұсы бар?

Жалпы, ел бойынша ұлттық Аза тұту күнін жариялауға себеп болған апаттар мен оқиғалардың екеуінде ғана адам факторы өз­ге­ше болғаны байқалады. Олар – 2012 жылғы Арқанкерген оқиғасы мен 2016 жылғы Ақтөбедегі те­ракт. Ал­ғашқысында шекара­шы­ларды өз қаруластарының атып тастағаны жайлы қорытынды жа­салған. Екін­ші оқиғада деструк­тивті діни ағым­ның жетегінде кеткен террористер шабуылдады. Өзге оқиғалардың бар­лығында дерлік адам факторы, еңбек және техникалық қауіпсіздік талап­тарын сақтамау, бір сөзбен айт­қанда менеджменттің нашар­лы­ғы негізгі себеп болғанға ұқсайды. Мәселен, 2006 жылы Ленин атындағы шахтадағы жарылыс желдету құрылғыларын жоспарлы жөндеуден өткізу шешімін қабыл­даудан болды. Шахтаны желдету құралдары тоқтатылар болса, ал­дымен кеншілер сыртқа шыға­ры­луы тиіс еді. Алайда 2006 жылы кеншілер төменде жұмыс істеп жатқанда желдеткіш тоқтатылады да, шахтаға жиналған метан жа­ры­лады. Себеп – техникалық қа­уіп­сіздік ережелерін сақтамау. 2008 жылы Абай қаласындағы шахта­ның жарылуына да техни­калық және еңбек қауіпсіздігі ережелерін сақтамау себеп болға­ны айтылған. Одан бөлек, «Арсе­лор Миттал­Теміртау» АҚ-ның Көмір департа­ментіндегі шенді­лердің кінәсі бар екені де анық­талды. Яғни, екі оқиғада да тех­ни­калық қауіпсіздік пен адам фак­торы алдыңғы орынға шығып тұр. Ал Қызылағаш оқиғасына кел­сек, онда да адам факторы се­беп болған. Сол кезде Қылмыстық ко­­декстің «қызмет бабындағы әре­кетсіздік» дейтін 315-бабы және «салғырттық» деп сипатта­латын 316-бабы бойынша қыл­мыс­тық іс қозғалған. 2012, 2013 және 2019 жыл­­дардағы ұшақ апат­­тарындағы ортақ ерекшелік – адам факторы. АН-72 ұшағының апатына авиадиспетчер Қанат Ақылбеков айыпты саналды. Bombardier CRJ 200LR апа­тына ұшқыштар қателігі себеп болды дегенмен, кейін SCAT әуе­компа­ниясы ұшу қызметінің директоры Вячеслав Артеменко сотталды. Оған «әуекеме қо­з­ға­лысының қауіпсіздігін қамтама­сыз етпеген» дейтін айып тағыл­ды. Яғни, Қыл­мыстық кодекстің 295-бабы 3-тар­мағымен сотталды. Ал Bek Air ұша­ғының апатынан кейін Талғар ауданы әкімдігінің бірқатар экс-шенеунігі сотталған. Олар әуежай маңынан азаматтарға жер телімін таратыпты. Байқа­саңыздар, бұл істердің барлы­ғында ақыр соңында адам кінәлі болып шыққан. Бір сөзбен айтқанда, елімізде Аза тұту күнін жариялауға себеп болған оқиғалардың барлығында адам факторы себеп болыпты. Атап айтқанда, салғырт-салақ­тық, қызметіне жауапсыздық, сақтық шараларына мойынсұнбау, еңбек қауіпсіздігі шараларын ескермеу дейтін ортақ себеп бар. Былтыр ко­ронавирус пандемиясы бас­тал­ған кезде сақтық шара­ла­рына нем­құрайды қараудың зар­дабын тарттық. Биыл Жамбылда да қа­уіп­­сіздікті ескермегендіктен, опық жеп қалған жайымыз бар. Әрине, Әулиеата жеріндегі жары­лыстың себебін комиссия анық­тай жатар, бірақ сырт көз әскери­лердің үлкен қателік жасағанын байқайды. Одан соң қауіпсіздік техникасы да ескерілмегені бай­қалады. Тіпті, 2001 жылдан бері 8 рет арсеналдар мен қоймаларда жарылыс бол­ғанына қарамастан, Қарулы Күш­терде өрт сөндіруші танктер, құр­ғақ ұнтақ, көбік, газ шашу ар­қылы өрт сөндіру құрал­дары жоқ тәрізді. Импульсті сна­рядтармен сөндіру техникасын айтпай-ақ қоялық. Бәлкім, КСРО-дан қал­ған бірлі-жарым техника бар шы­ғар, бірақ оларды пайдаланған әскерилерді көрме­дік. Ал Төтенше жағдайлар ми­нистрлігі жарылғыш заттар ор­на­ласқан қойма өртенген жағдайда не істеу керек екенін жергілікті бөлім басшыларына ескертпеген көрінеді. Әйтпесе, оқ-дәрі толы қоймаға қарапайым өрт сөндіру машинасы мен қыз­меткерлерді жұмсамас еді.

Менеджмент әлсіз бе, әлде техника тозды ма?

Әрине, бұл сауалға біржақты жауап беру қиын. Өйткені Қазақ­станда Қатер жөніндегі менедж­менттің халықаралық стандарты, Risk management ISO 73-2010 нұсқаулығы енгізілген. Бір сөзбен айтқанда, өнеркәсіпте менедж­мент тәуір сияқты көрінеді. Оның үстіне, өндірісте, қоғамда түрлі деңгейдегі апаттардың алдын алу 100 пайыз мүмкін болатын дүние емес. Дамыған елдерде де зауыт­тарда жарылыс, техниканың істен шығуы тәрізді оқиғалар кезде­сетіні бар. 2011 жылы Жапония­ның Фу­кусима атом электр стан­сасы істен шықты. 2010 жылы Мексика шығанағындағы British Petroleum компаниясының Deepwater Horizon мұнай платформасы өртенді. Чехия мен Болгарияда да әскери қоймалардың өртенгені бар. Былтыр Суэц каналына алып жүк кемесі көлденең тұрып қал­ған-ды. Айта берсек мысал көп. Алайда Қазақстандағы апаттарда адам факторы тым жоғары тәрізді. Фи­зика-математика ғылымда­рының кандидаты Кендебай Ра­йымбеков пен жаратылыстану ғылымда­рының магистрі Арман Құсайы­нов­тың есептеуіне қара­ғанда, елі­­міздегі түрлі апаттың 88 пайызы тех­ногендік, 12 пайызы табиғи апат болып саналады екен. Шы­ғын жөнінен техногендік апаттар үлесі – 54 пайыз, табиғи апаттар үлесі – 46 пайыз. Демек, адам қате­лігінің салдарынан зар­дап шегу үлесі мол деген сөз. Мей­лі ол адам­ның тікелей арала­суынан болса да, техниканың ескіруінен болса да бәрібір, әй­теуір адамның қатысы болып тұр. Мәселен, 2017 жылы еліміздегі өндірісте – 16 апат, 2018 жылы – 18, 2019 жылы 21 апат тір­келіпті. Бұларға өрт, қоймалардағы жа­рылыс, құлаған ұшақтар тәрізді өзге апаттар қосылған жоқ. Тек нақ­ты өндірістерге қатысты де­ректер. Демек, өндірістегі апаттар саны өскені байқалады. 2021 жылдың 6 айында қауіпті өнді­рісте 11 апат пен 146 инцидент тіркеліпті. Міне, осы мәліметтің өзі адам факторы қатты әсер ететінін көр­сетеді. Әрі адам факторы дейтін ұғымның аясы да тым кең. Қауіп­сіздік техникасы инженері Жұл­дызбек Қойшыбай да адам фак­торы дейтін ұғымның тым кең еке­нін айтады. «Адам факторы дегенде жұмысшының кәсіби бі­ліктілігінен бастап, жұмысқа шық­қан күніндегі көңіл күйі, ден­саулығына дейінгі талай фак­тор ескерілуі тиіс. Олардың өзде­рінен жоғары тұрған басшы­ла­рының да біліктілігі, олар беретін тапсырма­ның талапқа сай болуы немесе болмауы тәрізді дүниелер ескерілуі тиіс Әдетте еңбек қауіп­сіздігін сақтауды ұжым басшысы да, ар­найы мамандар да бақылай­ды. Бірақ жұмысшының көңіл күйін, дұрыс демалған немесе демал­мағанын бақылай алмай­сыз. Одан бөлек, біздің қоғамда «талай істеп жүрген шаруамыз ғой, қайтеді дейсің?!» деп салғырт қарайтын дағдысы бар адамдар да көп. Өн­дірістік апаттарға мұндай көзқа­растың да әсер ететін кезі болады. Ал техниканың ескіруі, қаржы­ландыруға көңіл бөлмеу, немқұ­райдылық тәрізді қосымша се­бептер де апатқа ұрындыруы мүм­кін», – дейді инженер. Сонымен бірге адам факторы дегенге жемқорлықтан бастап, жұмысшылардың біліктілігінің төмен болуы, заңдар мен ере­же­лердің орындалмауы, қауіпсіздік техникасын назардан тыс қал­дыру, қажетті құрал-жабдықты пайда­ланбау, еңбек қауіпсіздігіне ақша үнемдеу, оның ережелерін қызмет­керлерге үйретпеу, меке­мелер мен ұйымдарда арнайы жаттығудың аз өтуі дейсіз бе, толып жатқан себеп­тер де кіруі мүмкін екенін ұмыт­паған абзал. Одан бөлек, заманауи құрал-жаб­дықтарды сатып алудың қажет екеніне тиісті министрліктер мен басшылардың көзін жеткізу дейтін кедергісі мол жол бар. Тіпті, қаржы үнемдеудің өзі кейде опық жегізуі мүмкін. Мәселен, 2019 жы­лы «Қаламқас» кен ор­нында апат болған кезде «Семсер өрт сөнді­руші» ЖШС ештеңе істей алмады. Ал «Маңғыстау­мұ­найгаз» АҚ атал­ған серіктестікпен кен орнында қызмет көрсету үшін келісім жа­саған. 2018 жылы Ақмола облы­сындағы Altyntau Kokshetau АҚ карьеріндегі апат кезінде «Өрт Сөндіруші» АҚ апат­тық-құтқару қызметі ма­ши­нисті құтқара ал­мады. Себебі техникасы да, ма­мандары да талапқа сай болмаған. Қысқасы, бір-бірімен шын­жырдай байланысқан сансыз фак­тор елімізде жиі-жиі Аза тұту күнін жариялауға мәжбүрлеп отыр. Ша­масы санамыздағы сте­реотиптер, бюрократия мен жем­қорлық, бі­лік­тіліктің төмендігі осындай апаттарға әкеліп соғып жатқан тәрізді. Адам факторы дейтіннің өзі кең ұғымға айналып барады.

Ардақ СҰЛТАН