Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімдегі жарылыс қаймана қазақтың қабырғасын қайыстырды. Ай мен күннің аманында 15 сарбаз көз жұмды. Арыс оқиғасынан сабақ алмағанымыз ба? Тараз маңындағы жарылыс осыны дәлелдеп тұрғандай.
Десе де, апаттың аты – апат. Оқыс оқиғаға қатысты бір жетіден бері нақты байламнан гөрі түрлі болжам айтылып жатыр. Құзырлы органдар тек ресми ақпаратқа сенуге шақырса да, әртүрлі қауесеттер тұрғындардың үрейін алғанын да жасыра алмаймыз.Жарылыстан қауесет қорқынышты болды
Сонымен, жарылыс болған күннің ертесіне өңірге жедел жеткен еліміздің Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев ең алғашқы ресми ақпаратты жариялады. Хабарламасын министр жарылыс салдарынан қаза тапқан төрт әскери қызметкерге көңіл айтудан бастады. Сондай-ақ Нұрлан Байұзақұлы оқиға желісін тарқатып айтып, жарылыс қоймадан шыққан өрттен болды деген болжамын жеткізді. «Халыққа қазір келер еш қауіп жоқ» деп барынша басу айтуға тырысқан министр сол күні отставкаға кететінін де мәлімдеді. Ал облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жарылыс кезінде жақын маңдағы ауыл үйлерінің тек терезесі мен есіктері сынғанын айтып, дегенмен оларға мемлекет тарапынан барлық қолдау болатынын жеткізді. Расында оқиға болған күні облыстық штаб құрылып, әскери бөлімге жақын орналасқан үш ауылдан 718 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Олар 10 мектеп пен 5 колледждің жатақханасына орналастырылды. Эвакуацияланған тұрғындардың барлығы қажетті дәрі-дәрмек және ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Жарылыс салдарымен күресу үшін 1 000-нан астам адам, 120 техника және 30 жедел жәрдем көлігі жұмылдырылды. 88 адам түрлі дене жарақатымен Тараз қаласы мен Байзақ ауданындағы ауруханаға жеткізілді. Олардың 60-ы жеңіл жарақат алуына байланысты алғашқы медициналық көмектен кейін үйлеріне қайтарылса, 28 адам ауруханаға жатқызылған. 6 адамның жағдайы ауыр болды. Теміржол қозғалысы толықтай тоқтап, Алматы бағытына бағытталған тасжол да тарс жабылды. Осылайша, бейбіт күнде соғыс өртін бастан кешірген бұқара қандай ақпаратқа сенерін білмей қалды. Өйткені әлеуметтік желілерде түрлі қауесет желдей есті. Оның бірі жарылыс салдарынан «Киров» су қоймасы жарылып, «Тараз қаласы су астында қалады» деген үрейлі ақпар еді. Осындай қауесетке сенген халық Тараз қаласынан Жуалы ауданын бетке алып, үдере қашты. Осыдан кейін Тараз–Шымкент тасжолының бойында ұзын-сонар көлік кептелісі пайда болып, жанар-жағармай бекеттерінде де ұшы-қиыры жоқ кезек қалыптасты. Бұл бұқараның үрейін тағы еселеп, көлігі жоқ халық көше кезіп кетті. Осы сәтте әлеуметтік желідегі тағы бір топта «Байзақ ауданындағы жарылыстан жұрт жаппай қырылып жатыр» деген қауесет тарап, жақындары елді мекенде қалған халық ауылдарға тұра ұмтылды. Бірақ дер кезінде Автобекет маңында орнатылған өткізу бекеті бұқараға басу айтып, жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды. Шынында, қауесет таратқан тұрғын кейіннен ұсталып, өз ісіне өкінсе, әскерилер мен ауыл тұрғындары арасында ұйымдастырылған еріктілер жарылыс маңына жақын орналасқан ауыл халқын тұтастай қауіпсіз жерге көшірді. «Корив» су қоймасында биыл су деңгейі мүлде төмен екені көрсетілген суреттер жарияланғаннан кейін Жуалы ауданын бетке алған ағайын да ат ізін Таразға қайта бұрды. Алайда бұл күні жарылыс үні түнгі сағат 00.00-ге дейін басылмады.Үш күнде 10 үйдің үміті үзілді
27 тамыз күні бұқара 4 қаза тапқан әскерилердің жақындарына көңіл айтып, қайғысына ортақтасып жатқанда түс ауа тағы суық хабар жетті. Жарылыс орнынан Өрт сөндіру командасының бастығы Еркін Нәдірбековтің денесі табылды. Ол оқ-дәрі қоймасындағы өртті сөндіру жұмыстарын тікелей басқарған екен. Осы күні өз әскери борышын өтеуге аттанған жақындарының тілеуін тілеп отырған тағы жеті үйдің үміті үзілді. Оқыс оқиғадан ажал құшқандардың саны 12-ге жетті. 28 тамыздың таңы тағы қиын басталды. Оқиға орнында жұмыс істеп жатқан әскерилер тағы бір адамның денесін тапты. Бұл тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен облысқа жеткен Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр Байзақ ауданында құрылған штабпен тексеріс жұмыстарын бастап кетті. Олар қираған нысандарды зерделеп, өрт кезінде зардап шеккен тұрғындар мен жараланған әскерилермен кездесті. 29 тамыз. Түскі сағат 12.20 шамасында Байзақ ауданы маңынан жарылыс үні естіліп, көпшіліктен тағы маза қашты. Алайда құзырлы органдар жарылыстың болғанын растағанымен одан ешкім жарақат алмағанын хабарлады. Осы күні Байзақ ауданында болған оқиғаға байланысты құрылған облыстық жедел штаб мүшелері ғылыми-зерттеу қызметкерлерімен әскери бөлімге жақын орналасқан 3 ауылдың тұрғын үйлері мен әлеуметтік нысандарын түгелдей зерттеді. Жөндеуді қажет ететін 118 жылжымайтын мүлік анықталса, оның 106-сы тұрғын үй, 12-сі коммерциялық нысан. Анықталған 106 тұрғын үйдің 35-сі күрделі жөндеуден өтетін болса, қалған 71-і жеңіл зақымдалған. Алайда олар да қалпына келтіріледі. Құрылыс жұмыстарына Үкімет пен жергілік бюджеттен және демеушілер тарапынан берілетін қаражат жұмсалмақ.Жаралы әскерилер жалған сөйледі ме?
30 тамыз да жағымды жаңалығын әкелмеді. Із-түзсіз жоғалып кеткендерді іздеу барысында облыстық Полиция департаментінің кинолог маманы Нұрбол Төребек «Мона» есімді итімен 15-ші әскеридің денесін анықтады. Бұл күні жанға жылу бергені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Байзақ ауданында болған өрт пен жарылыстан қаза тапқан әскерилерге тағайындалған мемлекеттік наградалар жақындарына табыс етілді. Облыс әкімі Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Мейіржан Аймановтың туыстарын қабылдап, «Халық қаһарманы» атағының айрықша белгісі – «Алтын жұлдыз» бен «Отан» орденін марқұмның ұлына табыс етті. Сондай-ақ өңір басшысы «Халық қаһарманы» Мейіржан Амановтың құрметіне ескерткіш қойылатынын жеткізді. Сонымен қатар бұл күні төтенше жағдай кезінде қаза тапқан №28349 әскери бөлімінің ведомстволық күзет командасының атқышы Оразбек Дәлібаевтың жары мен ұлына III дәрежелі «Айбын» ордені берілді. Ал ауруханада жаралы жатқан өрт сөндірушілер Асыл Мұхамбетжанов пен Алмаз Тұрсыновтың өрт болып жатқан қоймада жарылғыш заттардың бар екенін ешкім айтпағаны және оқиға кезінде әскерилердің көмектеспей қашып кеткеніне байланысты жасаған мәлімдемелерін Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин жоққа шығарды. Министр кез келген жағдайда өрт сөндірушілердің басты міндеті апаттың салдарына жою екенін атап өтті. Сондай-ақ құзырлы органдар Байзақ ауданындағы кәсіпкерлік нысанның артында үйіліп жатқан снарядтарды екі жыл бұрынғы Арыс қаласында болған жарылыстан кейін «Бақтияр-Group» ЖШС темір ретінде сатып алғанын хабарлады. Қазір бұл снарядтардың адам өміріне келтірер еш қаупі жоқ көрінеді.Зардап шеккендерге өтемақы қашан төленеді?
Негізі, Нұрлан Ермекбаев зардап шеккен тұрғындардың барлығына тиісті өтемақылар мен жәрдемақыларды төлеу тез ұйымдастырылатынын айтқан. Сондай-ақ қаза тапқан әскерилердің балалары Қорғаныс министрлігінің білім беру орындарына оқуға қабылданатынын да жеткізген. Алайда кеше Президент Қорғаныс министрінің отставкасын қабылдап, оны жұмыстан босатты. Сондықтан қазір әзірге зардап шеккен үйлер мен ғимараттарды Үкімет тарапынан қайта қалпына келтіру мәселесі ғана айтылып жатыр. Бұдан бөлек, күні кешеге дейін жеке басы анықталмай жатқан үш адамның кім екенін Қорғаныс министрлігі ресми түрде хабарлады. Олар ҚӨСБ қызметкері-жүргізушісі аға сержант Ғафан Қуатбек, ӨСБ өрт сөндіруші-құтқарушысы сержант Әділет Әділбек және ағасын іздеп, зар жылаған қарындасының видеосы жұртшылықтың жүрегін ауыртқан ӨСБ өрт сөндіруші-құтқарушысы қатардағы жауынгер Әліби Кеңес. Жалпы, бүгінгі таңға белгілісі – медициналық көмекке жүгінген түрлі деңгейде жарақат алған 98 адамның ішінде қарапайым тұрғындар жоқ. Барлығы әскерилер мен төтенше жағдай саласының қызметкерлері. Қазір хабарсыз кеткендерді іздестіру жалғасып жатыр. Іздеу жұмыстарына әскерилер, ТЖД мамандары, кинологтар, қызметтік иттер мен атты сарбаздар жұмылдырылған. Арнайы дрон құрылғысының мүмкіндігі де барынша пайдаланылып жатыр. Бүгін 180 адам мен 40 шақты техника іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Із-түзсіз жоғалып кеткендердің қатарында ресми түрде 1 азамат қалып отыр.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы