Женевада «Ядролық қарусыз әлемге бетбұрыс: Елбасы бастамалары» жинағының тұсаукесері өтті
Женевада «Ядролық қарусыз әлемге бетбұрыс: Елбасы бастамалары» жинағының тұсаукесері өтті
173
оқылды

Женева қаласында (Швейцария) Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында «Қазақстан – БҰҰ: бейбітшілік үшін серіктестік» халықаралық конференциясы өтті.

Шара Семей ядролық полигонының жабылуының 30 жылдығы мен 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күрес күніне орайластырылды. Конференцияға қазақстандық және шетелдік саясаткерлер, ядролық қарусыздану саласындағы сарапшылар, дипломатиялық өкілдіктер мен миссиялардың өкілдері қатысты.  width= Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат өз баяндамасында мемлекетіміздің Тұңғыш Президенттің арқасында саяси батылдық танытып, «ядролық клуб» мүшелігінен абыроймен бас тартқанын белгіледі. 1991 жылы Семей полигонының жабылуы ядролық қаруды таратпау мен қарусыздану процесінің жаңа кезеңін бастады. «Қазақстан ядролық қаруды таратпау мен қарусыздану мәселелеріндегі ашықтық үлгісін әлемге іс жүзінде көрсетті. Бұл ашықтықты ол сыртқы саясат іргетасының бір кірпішіне айналдырды. Нәтижесінде еліміз ядролық қаруды таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдану саласындағы барлық іргелі халықаралық шарттарға қатысушы атанды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруға қарсы бастамаларын ілгерілетіп, халықаралық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі саясатты жалғастыруда. Мемлекет басшысы 2019 жылдың қыркүйегінде өткен БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясында әлемді ядролық қарудан азат ету Қазақстан үшін негізгі міндеттердің бірі екенін атап өткен болатын», – деді ол.  width= 1949 жылдан 1989 жылға дейін Семей полигонында жүргізілген жарылыстың саны – 456. Бұл көрсеткіш әлем бойынша жүргізілген ядролық сынақтардың (БҰҰ мәліметі бойынша 2000 сынақ) 25%-ын құрайды. Радиацияның зиянды әсерінен 1,5 миллионнан астам адам зардап шекті. Шаруашылық айналымынан 300 мың шаршы километрден астам жер шығарылды. Игеруге жарамсыз аумақтың ауданы шамамен жеті Швейцарияға тең. БҰҰ-ның Женевадағы бас директоры Татьяна Валовая жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға Қазақстанның қосқан үлесін тілге тиек етті: «40 жыл бойы ядролық сынақтардан көз ашпаған Семей полигонын жабу туралы Тұңғыш Президенттеріңіз Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси шешімі – нағыз ерлік. Бұл батылдықтың ізімен Қазақстан ядролық қарусыздануға бағытталған көптеген дәйекті бастамаларды дайындады. Осы тұста жер жаһанды ядролық қарудан азат ету күресін жалғастыру біз үшін де маңызды».  width= Конференцияда Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Ерлан Батырбеков, Ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық кампанияның директоры Беатрис Фин, БҰҰ-ның қарусыздану мәселелерін зерттеу жөніндегі институт директоры Робин Гайсс, т.б. баяндама оқыды. Іс-шара барысында «Ядролық қарусыз әлемге бетбұрыс: Елбасы бастамалары» ғылыми жинағының ағылшын тіліндегі нұсқасы ұсынылды. Жинақ жайында Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Тимур Шаймергенов: «Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке архивінен алынған жазбалар мен құжаттар зерттеушілер үшін аса маңызды болмақ. Олардың арасында Елбасы кітапханасы қызметкерлерінің Семей қаласындағы ғылыми ізденісінде анықталған бірегей материалдар да бар. Бұл құжаттар КСРО кезеңі тұсында ашылған полигонның тарихын бейнелейді. Бұрын құпия болған олардың көбі бүгінде қалың халық назарына ұсынулы. Жер жаһанның адамдары ядролық қарудың тарихы мен оның Қазақстанға әсерімен таныссын деп бұл материалдарды ағылшын тіліне арнайы аудардық», – деді.  width= Биыл 30 тамызы мен 1 қыркүйегі аралығында Елбасы кітапханасы Женева қаласында халықаралық ұйымдардың өкілдерімен бірқатар іс-шара мен кездесу өткізбек. Олардың аясында жаһандық және аймақтық қауіпсіздіктің, архивтік және тарихи зерттеулердің, дипломатия мен халықаралық қатынастардың мәселелеріне қатысты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған құжаттарға қол қойылады. 30 тамызда Елбасы кітапханасы Женева саясат және қауіпсіздік орталығымен ынтымақтастық меморандумына, сондай -ақ БҰҰ кітапханасы мен архивімен ниет туралы хатқа қол қойды.