Алматыдағы тіс емханасында көз жұмған қыздың туыстары оқиғаның мән-жайын айтып берді
Алматыдағы тіс емханасында көз жұмған қыздың туыстары оқиғаның мән-жайын айтып берді
Фото: pixabay.com
Алматыда 22 жастағы бойжеткен тіс емханасында қайтыс болды. Мария Сергеева тісін жұлдыру үшін дәрігерлердің көмегіне жүгініпті. Екі апта бойы түрлі тексеруден өткізген ақ халаттылар ота арқылы 4 тісін жұлып тастау керектігін айтқан. Сол үшін оған анестезия жасалған. Алайда, екі сағат бойы оның өмірі үшін арпалысқан дәрігерлер ажалдан арашалап қала алмапты. Марқұмның туысқандары дәрігерлердің салғырттығынан қызымыз көз жұмды деп есептейді, – деп хабарлады КТК телеарнасы. Тіпті,  сол аралықта не үшін жедел жәрдем шақырмағанын әлі күнге дейін түсінбейміз дейді. Ал той көйлегін дайындап үлгерген марқұм жақын күндері тұрмысқа шықпақ болған. Артур Литвинов тіс емханасында көз жұмған бойжеткенді жақындарының арасында соңғы көрген жанның бірі. Жұптары жарасқан екі жас жақын күндері отбасын құруды жоспарлап жүріпті. Қайғыдан жүрегі қарс айырылған жігіт тісін жұлдыруға бекінген Марияны сол күні емханаға өзі ертіп келгенін айтады. Дәрігерлер оған дейін екі апта бойы тексеруден өткен 22 жастағы  қыздың 4 тісін ота жасау арқылы жұлып тастаймыз депті. Сол үшін бойжеткенге анетезия жасалған. Бірақ, сыртта күте-күте сарғайған жігіт арада 3 сағат өткесін төбеден жай түскендей қаралы хабар естиді. :
- Ота әрі кетсе 2-3 сағатқа созылу керек. Түскі бір кезінде емханаға кіргізіп жібердім. Үш сағаттан соң алаңдай бастап телефонына хабарлама тастадым. Ешбір жауап болмады. Тіс емханасына барғанымда кірберісте күте тұрыңыз деді. Бір кезде екі дәрігер келіп, Марияның қайтыс болғанын айтты. Екі сағат өмірін құтқарып қалуға тырыстық дегені есімде, – дейді Артур Литвинов.
Ал марқұмның ата-анасы мен туыстары екі сағат бойы өмір мен өлім арасында арпалысқан жанға не себепті жедел жәрдем шақырмағанын әлі күнге түсіне алар емеспіз дейді. Бірақ, тіс емханасының қызметкерлері өздерінде жан сақтау бөлімі бар болғандықтан, өзгенің көмегіне жүгінбедік деп жауап қайырған. Дәрігерлердің болжамынша, қыз анафилактикалық шоктан көз жұмуы мүмкін. Алайда, ауыр қайғыдан қабырғасы қайысқан әке тіс дәрігерлерінің салғырттығынан қызымның ғұмырына балта шабылды дейді. Тез арада ағаттық жіберген адам анықталса деген ол кінәлілер жазадан сытылып кете ме деп қауіптенеді.
- Адам өлтіріп отыр. Мәпелеп өсірген қызымыздан айырылып қалдық. Қолдан кісі өлтірді. Ота жасар алдында қызымызға қандай дәрі екті, о жағын білмейміз. Сондықтан қызымның жұмбақ өлімінің себебі анықталса деймін. Заң шеңберінде барлық кінәлі адамдар жазаға тартылуы тиіс, – дейді марқұмның әкесі Александар Сергеев.
Марияны жерлейтін күні көңіл айтып келген тіс емханасының басшылығы сол күйі өздеріне шаң жуытпай кетіпті. Тіпті, марқұмның ата-анасына қомақты ақша ұсыныпты. Алайда, бәрінен бас тартқан туысқандары әділдік үшін соңына дейін күреспек. Ал емхана маңайы әдеттегідей келіп-кетушілерге толы. Бірақ, басшылықтан бір адам табылмады. Есік алдында тілшілерді ішке кіргізбеген кезекші дәрігер жетекшілері телефон тұтқасын да көтермейтінін айтады.
- Ешкім жоқ. Өзіміз жұмыс істеп жатырмыз. Бүгін болды ма? Түске дейін болды. Қазір ше? Қазір жоқ.
Қазір тіс емханасындағы қайғылы жағдайға байланысты тергеу басталыпты. Полицейлер медицина қызметкерлерінің кәсіптік міндеттерін дұрыс орындамауы, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды дейді. Айта кетейік, алдағы күз айында тұрмысқа шығуы тиіс марқұм Мария Сергеева той көйлегін де дайындап қойған екен.