Президент Жолдауында еліміздің күрделі әлеуметтік мәселелерін шешудің, экономиканы дамытуды тездетудің алғышарты айтылды. Ең бастысы, коронавирус кезінде халықтың әлеуметтік жағдайын ұстап тұру. Сондықтан ең маңызды міндеттің бірі – төменгі жалақы мөлшерін өсіру. Бұл – үлкен қадам. Бұл шара 1 млн адамды тікелей қамтитын болса, еңбек етіп жүрген барлық азаматтарға жанама түрде әсер етеді. Яғни, төменгі жалақыны өсіру тапсырмасы орындалса, ТМД елдерінің ішінде жалақысы жоғары ел боламыз. Екіншіден, кітапхана, мұрағат қызметкерлері жалақысын өсіру туралы айтқаны орынды. Себебі осы күнге дейін олардың жалақысы өте төмен болып келді. Бұл халықтың рухани әлеміне де тікелей әсер ететін дүние. Сонымен қатар ауыл әкімдерінің сайлауы біткен соң, 2024 жылы пилотты түрде аудан әкімдерінің де сайлауы болады. Бұл да еліміздегі саяси реформалардың іс жүзінде жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
Мемлекеттік тіл жөнінде де тұшымды ойлар айтылды. Қазақстанда жалғыз ғана мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік тілді біліп, меңгеру – әрбір қазақстандықтың парызы және міндеті. Мемлекет қазақ тілінің қолдану аясын арттыруды жалғастыра береді. Бұл қадамдар диалог пен келісім режимінде іс жүзіне асырылуы тиіс. Бұл – халықтың әлеуметтік стандарттарын арттырып, дамыту үшін үлкен қадам. Саяси плюрализм мен қоғамдық реформалар салмақты, салиқалы түрде, ыждағатты түрде жүруі керек.Ерлан САИРОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты