«Көне Тараз»: сұлуынан жылуы...
Бүгінде Тараз қаласының ажарын ашу бағытында аз жұмыстар жасалып жатқан жоқ. Әсіресе, туристік бағыттағы кешендер жарыса бой көтеріп, көпшіліктің көзайымына айналуда. Алайда жаңа сәулеттік нысандардың сырты бүтін болғанымен, іші «түтін» болып тұр. Оған дәлел осыдан үш жыл бұрын ел игілігіне берілген «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде бүгінде «бөдене» байласа тұрғысыз.
Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Сауран Қалиевтің айтуынша, жаз мезгілінде білінбегенімен, қыстыгүні кешеннің ішінде отыру мүмкін емес екен. Сондай-ақ басшы келе жатқан қыс айларында жылу тағы болмай, қызметкерлері сырқаттанып шыға ма деп алаңдап отыр.
– Шынымды айтсам, мұндай күй кешіп жүргенімізге үшінші жыл болып отыр. Облыс орталығынан шығыстық сәулет үлгісіндегі кешеннің бой көтергені, әрине қуаныш. Алайда қазір бізге нысанның сұлуынан жылуы маңызды болып тұр.
Жан-жақтан келген туристер кешеннің кереметтілігін айтқанда кәдімгідей марқайып қаламыз. Алайда осы туристік нысанда жылудың жоғын ойлағанда қуанышың су сепкендей басылады.
О баста кешенге күннен қуат алатын қондырғы орнатылып, содан жылу беріледі деп күтілген. Алайда ол қондырғыдан әлі күнге жылу көрген жоқпыз. Себебі кешенді салған мердігердің есептеуімен берілген 12 радиатордың алтауы істен шығып, қыс келгенше жарамсыз болып қалды. Кейін бізге берілген батареялар ғимараттың көлеміне шақталмаған. Бір сөзбен айтқанда, бір батареяның күші бір бөлмені жылытуға жетпейді. Бұл мәселені айтып, «бармаған жеріміз, қақпаған есігіміз» қалмады. Алайда әлі күнге шешімін таппауда. Алда қылышын сүйретіп қыс келе жатқанын ойласақ, биыл тағы «бүрсең қағып, күн кешеміз бе?» деген қорқыныш болып отыр. Оған қоса, пандемия кезінде қызметкерлерімізге суық тиіп, ауырып қалмай ма деген үрей басым, – дейді орталық директоры.
Жалпы, мұнда Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы, облыстық тарихи-өлкетану музейі, көркемсурет галереясы және көрме зал жұмыс істейді. Олардың барлығы облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты. Сол себепті аталған түйткілдің түйінін тарқатар тұсын білмек мақсатта облыстық басқармаға қайырылдық. Мекеменің берген ақпаратына сүйенсек, бұл мәселеден облыс әкімі Бердібек Сапарбаев хабардар екен. Бердібек Машбекұлы басқарманың басшысы Ерлан Жүнісбайға нысандарды жылыту маусымына дейін орталық жылу құбырына қосуды тапсырған көрінеді. Алайда Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мамандары «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені мекемеге қарасты болғанымен, ол толықтай өтпегенін алға тартып отыр. Яғни, жылу жүйесіне қатысты қосалқы қондырғыларға Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі жауапты екен.
Осылайша, кешенге жауапты деген басқарма жауаптан жалтарып, бағытты басқа жаққа сілтегеннен кейін, амал жоқ қалалық құрылыс бөліміне хабарластық. Мұндағылар да екіұдай пікір берді. Сөздеріне сүйенсек, нысандарды жылумен қамту үшін жылу жүйесіндегі бу тамшылары қолданылып жатыр екен. Сондай-ақ күн батареяларын сатып алу, орнату және монтаждау жұмыстары да жоспарға еніпті. Алайда нақты қай күні құрылыс жұмыстары басталып, аяқталары белгісіз. Тек облыс әкімінің жылыту маусымына дейін нысандарды жылу жүйесіне қосыңдар деген тапсырмасы бар.
Әрине, олқылықтың орны толып, мәселе оң шешімін тапса, құба-құп. Әйтеуір, «сен салар да мен салардың» кері келіп, қыс келгенде қызметкерлер бүрсең қағып отырмаса болғаны. Оған қоса, миллиондаған қаржыға салынған шығыстық сәулет үлгісіндегі нысанның ертең жылуы болмай, қабырғалары көгеріп, құлап жатса, елге қай бетімізді айтамыз? Сондықтан жауаптылар бар мәселені «мақұлға» емес, ақылға салып, қыс келгенше бір шешімін табады деп сенеміз.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы