Оффлайн оқудың алғашқы күні
Оффлайн оқудың алғашқы күні
© Радмир Фахрутдинов – фото
251
оқылды

Еліміздегі 7 мыңнан астам мектепте 3,6 миллионға жуық оқушы оқу жылын бас­тады. Оның 394 мыңға жуығы – 1-сынып оқушылары. Білім алушылар сыныптастарымен қауышып, партаға отыр­ға­нына дән риза. Мұға­лім­дер де шәкірттерімен көз­бе-көз жүздесіп, сабақ түсін­діруді са­ғынған екен. Алайда сани­тар­лық жағдайды қада­ға­лап, әрбір оқушының жүріс-тұры­сын бақылау оңай емес.

Мектеп мәселесі шешімін таппай тұр

1 қыркүйек күні министр Асхат Аймағамбетов №2 Қосшы орта мектебіне барып, бүлдір­шіндерге «Әліппе» оқулығын та­быстап қайтты. Құр бармай, жағ­дайды барлап қайтты деп ойлай­мыз. Өйткені аталған қалашықта 1 «Ы» сыныбы бар. Байқағаныңыз­дай, бала саны көп. Кей сыныпта 40 шақты оқушы бар деседі. «Лесная поляна» тұрғын үй ала­бындағы мектептің жайы осы. Се­бебі мұнда халық саны көп, тіркеуге тұрған, тұрмағанын қосқанда, Қосшы қаласында 60-70 мыңға жуық тұрғын бар. Сол үшін мектеп мәселесі күрмеуі қиын түйткілдердің бірі болып тұр. Бұл ойды неге қозғап отыр­мыз? Бір сыныпта 30-40-қа жуық бала оқыса, карантин қайда қал­ды? Оның үстіне, бастауыш сы­нып оқушыларының бір мезетте, 20 минут қоңырауда асханаға бара­тынын ескерсек, арақашық­тықты сақтау жайында ойланып қаласыз. Дегенмен олардың смарт­фонға телмірмей, оффлайн білім алатыны көңілге медеу. Қосшы дейміз-ау, елорданың №83, №72 мектептерінде де 1 «Ш», 1 «Ы» сыныбы бар екен. Демек, әкімнің сөзінде тұрып, биыл салып бітіремін деген мек­теп құрылысын аяқтауы қажет. Бір аймақта халық санына байла­нысты сыныптар толып қалса, ендігісінде барлық оқушының саны мыңға да жетпейді. Мәселен, Солтүстік Қазақстан мектеп­терінде оқушы саны көп емес. «Жоғары сынып оқушылары не істеу керегін біледі. Бірақ бас­тауыш сыныпқа қиын. Осы бір ай ішінде адаптация жүреді деп ой­лаймын. Әрбірінің қолын анти­септикпен сүртуін, бетпердесін шешіп тастамауын, арақашықтық сақтауын қадағалап жүрміз. Мектепке кіру тәртібі де өзгерді. Соған да ата-ана мен оқушының еті үйренуі керек. Бәрібір қоңырау кезінде сынып болып араласып, шұрқырасып кетеді. Барынша тәртіп сақтауға шақырғаны­мыз­бен, баланың аты бала ғой», – дейді бастауыш сынып мұғалімі Айнаш Қарашева. Жоғарыдағы ойды жалғас­тырсақ, Сарыағаш ауданындағы жағдайды айтпай кетуге болмас. Негізі, Нұрлы жол ауылында №50 Б.Омаров атындағы жалпы орта мектебі 135 балаға лайықталған. Қазір онда 650 бала білім алып жатыр. Өткен жылы «Әкім» бағ­дарламасынан шұрық тесік тақта мен апаттық жағдайдағы мектеп көрінісін көрген едік. Биыл да оқушылар амалсыз осы мектепке келген. Бәрінен бұрын ата-аналар шыр-пыр. Жыл басында бюджет Түркістан облыстық Білім бас­қармасына қарайтынын естіген олар үміт күткен. Алайда «баяғы жартас сол жартас» күйінде қалған. Өйткені аудандық білім бөлімін­дегілер жоғарыға мектепті екі ауы­сымды білім береді деп ақ­парат берген. «Сарыағаш-Әділет» қоғамдық бірлестігінің айтуынша, қазір белсенділер мектептің үш ауысымда оқытып жатқанын дә­лелдеп әлек. Егер құжат облыстық Құрылыс басқармасының на­зарына іліксе, келесі жылы жаңа мектеп бой көтеруі мүмкін. Ал белсенділер нәтиже шығара алмаса оқушылар тар сыныпта білім алуын жалғастыра береді. Аталған мектептің Б. есімді бас­тауыш сынып мұғалімінің ай­туынша, ұстаздар жайғасып оты­рып жазу жазатын бөлме жоқ. Сондықтан олар қысы-жазы дәліз­де жүруге мәжбүр. Сондай-ақ ол қазір оқушылардың үш ауы­сымда білім алып жатқанын растады. «Біздің жанайқайымызды еститін билік бар ма?» – деп на­лыды мұғалім. Бір қызығы, осындай мектепте білім алса да, оқушылар спорт, өнер, білім жағынан дес бермейтін көрінеді. Мұны біз №50 мектепке іссапармен ат басын бұрған ұстаз­дан білдік. Ол егер заман талабына сай мектеп салынса, бұл жерден небір «сен тұр, мен атайын» дейтін өрендердің шығатынына сенімді. Аталған білім ошағын 2019 жылы бітірген Арайлым Керімбаева да ауыл балалары қуанар күн келерін күтіп жүргенін жасырмады. «Бізде дарынды, білімді, талантты оқу­шылар жетерлік. Бірақ мектепті келіп көріп, сол жерде оқып кө­ріңіз­дер. Сонда бізді түсінесіздер. Ешқандай жағдай жасалмаған»,– дейді ол. Иә, бұл аймақтағы бір ғана мектептің мәселесі. Ал елімізде мұндай мектептің қаншасы бар десеңізші. «Ең жақсы мектеп – үйге жақын мектеп» дейтін тәмсіл тағы бар. Бірақ жауаптылар осы ұғымды ауылды былай қойғанда, қалада іске асыра алмай отыр. Оған қоса, үш ауысымды мектепте оқитындардан карантин режимін сақтаңдар деп талап ететінімізді естен шығармайық.

Дәстүрлі форматтың ықпалы

Десе де, оффлайн оқу орта және жоғары сынып оқушыларына май­дай жақты. Олай дейтініміз – кейбірі онлайн формат кезінде репетитор жалдап оқуға мәжбүр болған. Себебі ұстаз бен оқушы арасындағы кері байланыс, көзбе-көз түсіндіру білім сапасына тіке­лей әсер етеді. Сондықтан олар са­нитарлық талапты барынша сақтап, дәстүрлі форматта білім алуды жалғастырғысы келеді. Бұлай дейтініміз, ел ішінде «ба­лаларға арналған вакцинаның 4 мың дозасы елге келіпті. Оқу­шы­ларды сол үшін мектепке жинап жатыр екен. Ауруды өршітіп, осындай жолмен вакциналауды жоспарлап отыр» дейтін қанқу сөз таралып кетті. Сол үшін оқушылар мен студенттердің арасында «1-2 ай оқып, қайта онлайн форматқа көшеміз ғой» деп арқаны кеңге салып жүргендер бар. Әрине, ұстаздар да жағдайды жақсы түсінеді. Барынша сақта­нып, білім сапасын түсіріп ал­мауды да ойлайды. Естеріңізде болса, былтыр білім сапасының түсіп кеткенін министрлік өкіл­дері де растаған еді. Сондықтан мұғалімдер ата-аналарды сабырға шақырып әлек. «Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледінің» кері болса да, білім алу бі­рінші кезекте тұруы керек. Мә­селен, педагог Қарлыға Тілеуқы­зының «егер пандемия 2024 жылға дейін жалғасатын болса, онлайн оқуды жалғастыра берсек, оқу­шылар сауатсыз болып шығады. Болашақ – білімде» дегенінің жаны бар. Алайда әлеуметтік желіде бас көтеріп, Денсаулық пен Білім министрлігіне үндеу жолдап жүрген ата-аналар аз емес. Рас, олар да баласының денсаулығына алаңдап, уайымдайды. Мысалы, Ақтөбе қаласының тұрғыны Нұрлыбай Қошанұлы Білім министрлігі мен барлық жергілікті оқу бөлімі басшыларына хат жолдаған. Үндеуін Facebook желісінде жариялаған. 13 облыс­тың «қызыл аймақта» тұрғанын, індеттің таралуы жылдам болып, әсерінен мектептің вирус ошағына айналып шыға келетінін жазған. Оффлайн оқытуға асықпау ке­регін, күз айларының тұмау мен вирус жұқтыруға бейім екенін де қосқан. Қысқасы, министрден балаларды қайтадан онлайн оқуға көшіруді сұраған. Бұл жазбаны қолдап бөліскендер де, қарсы пікір айтқандар да жетерлік. Кей ата-ана сыныптағы бір оқушы вирус жұқтырса, қалған 25-і ка­ран­тинде болатынын да нұсқаған. Біразы «10-15 күн дәстүрлі оқы­тудың аяқ алысын бақылайық» деумен шектелген. Расымен, атал­ған уақыт ішінде вирус жұқтыру көрсеткіші де белгілі болар. Бас санитар дәрігер айтқандай, мек­тептің 20%-ы індетке іліксе, онлайн оқуға көшетіні тағы бар.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ