Көмір бағасы өсе ме?
Көмір бағасы өсе ме?
317
оқылды

Әлем елдері көмірден біртіндеп бас тар­­­тып жатыр. Жаһандық жы­­лынуға қатысты өткен сам­­мит­те бұл мәселе кеңінен талқы­ланды. Алайда Азия мен Еуро­па­ның дамы­ған елдері, мұ­хит­тың арғы бетіндегі алпауыт мемлекет­тер әлі күнге кө­мір жағады. Со­ған қара­мастан биыл елдегі көмір тұтыну кө­лемі тө­мен­­де­ген. Әйтсе де, «қара отынды» тұ­тынушылар үшін баға­ның арзандауы туралы жағым­ды жаңалық ай­туға ерте. Кө­мір бағасы қалай құ­бы­лады? «Қара отынның» сапасы туралы тұтынушылар не айтады? Әлеу­мет­тік осал топтарға мемлекет тарапынан қандай көмек беріледі?

Расында, жыл өткен сайын көптеген мемлекет көмір тұтыну көлемін азайтып келеді. Мәселен, бір ғана АҚШ-тың өндіріс көлемі 2007 жылы 1 миллиард тонна болса, 2018 жылы 700 миллион тон­наға дейін азайған. Ал көмірді көп тұтынатын Қытайда жылына 4,3 миллиард тонна көмір жағы­лады. Бейжің билігі 2025 жылға қарай «қара отынды» тұтыну мөл­ше­рін бірте-бірте азайтуға уәде бергенімен, экспорт көлемін кеміту туралы жақ ашқан жоқ. Осы жыл­дың алғашқы 4 айында энергетика­лық отынның әлемдік саудасы ал­дыңғы жылдармен салыстырғанда 9% және 4%-ға төмендеді. Бірақ биыл маусым, шілде айларында Еуропа мен Азиядағы энергетика­лық көмірдің баға белгіленімдері өсуін жалғастырған. Нәтижесінде, елдегі «қара отын» бағасы да мың құбылып тұр. Негізі, көмірдің қым­баттауына үнемі пайда болатын ұсы­ныс пен сұраныстың артуы, қала берді қоғамдағы алыпқашпа әң­гімелер септігін тигізетін көрі­неді.

Тұтыну көлемі төмендеді

Индустрия және инфра­құры­лым­дық даму министрлігі алдағы жылыту маусымында көмірді тұ­тыну көлемі 10-нан 7,3 миллион тоннаға дейін төмендейтіні туралы болжам жасады. Тұтыну көлемінің күрт төмендеуі халықты белсенді газдандыру есебінен болып отыр. Газдандырудың арқасында биыл көмірді тұтыну 4,8 миллион тон­наға дейін азаяды. Биыл бірінші жартыжылдықта коммуналдық-тұрмыстық қажетті­ліктерге және өңірлердің тұрғында­рына 3,4 миллион тонна көмір тиел­ді. Энергия өндіруші кәсіп­орын­дарға 31,3, өнеркәсіптік кә­сіп­орындардың қажеттілігіне 2,9 миллион тонна жөнелтілді. Ал 14,5 миллион тонна экспортқа кетті. Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қа­зақстан облыстары мен Алматыдан басқа барлық өңірлер 2021-2022 жылғы жылу беру кезеңінде көмір өніміне деген қажеттіліктерін көр­сетіп, жаңа маусымға дайын­дықты бастап та кеткен. Индустрия және жаңа технологиялар министр­лі­гінде облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары­ның әкімдіктерімен кеңейтілген кеңес өтіп, онда өңірлік билік ор­ган­дарына халыққа көмірдің ба­ға­сы мен маркаларын, сату нүктелері мен олардағы көмірдің бар-жоғын түсіндіру үшін арнайы жедел желі құру, сондай-ақ тұрақты негізде халыққа көмірдің жеткізілімі мен сапасына мониторинг жүргізу ұсынылды. Сонымен бірге көмір бағасының заңсыз өсуіне жол бермеу үшін монополияға қарсы ведомствоның аумақтық бөлім­шелері жұмыс істеуде.

«Қара отын» бағасы қымбаттайды

Қазақстандық көмір өндіруші компаниялар жыл басынан бері барлығы 60 миллионға жуық тонна (көмір концентратын есепке алмағанда) көмір өндірді. «Қара отынды» жеткізудің 89%-ын негізгі төрт көмір өндіруші компания құрайды. Оның ішінде, «Шұбаркөл Көмір» АҚ – 28%, «Қаражыра» АҚ – 25%, «Майкубен-Вест» ЖШС – 25%, «Богатырь Көмір» ЖШС-нің үлесі – 11%. Индустрия және ин­фра­құрылымдық даму министр­лігі тұтыну төмендегенімен, көмір тұ­тыну­шылар үшін отын бағасы өткен жылға қарағанда қымбатқа түсетінін айтады. Өйткені көмір өнім­дерін шығаратын кәсіпорын­дардың шығыны есепке алынған. «Қара отын» өндірушілер электр энергиясы, жарылғыш заттар және жанар-жағармай материалдары – 24%-ға дейін, ал шахталық жабдық­қа қосалқы бөлшектерге 1,6 есе тариф көтерілгенін айтқан. Сон­дай-ақ кәсіпорындардағы жұмыс­шы­лардың жалақысы да орташа алғанда 8-18%-ға өсті. «Көмір са­ла­сын мемлекет субсидияламайды. Сондықтан  өндірістік шығын­дардың өсуі тұтынушылар үшін көмірдің құнына тікелей әсер етеді. Сарап­шы­лардың бағалауынша, марка­сына байланысты көмірдің тон­насы 9,9%-дан 24%-ға дейін өсуі мүмкін», – дейді Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі.

Тасымалдау құны қымбат

Көмір сатумен айналысатын Дастан «қара отынға» тапсырыс берушілердің саны күн суытқанда көбейеді деп отыр. Жаз айларында да көмір сатып алатындардың қа­расы көп. Күн жылы кезде тапсы­рыс беретіндер, көбіне монша жағу үшін алады. «Шұбаркөлдің көмірін ғана сатамын. Басында көмірдің бір тоннасы 8 200 теңге болады. Біз тапсырыс беріп, КамАЗ арқылы алдырамыз. Тасымалдаушылар ба­ғаға бірге бір қосып әкеледі. Сөй­тіп, бізге келемін дегенше 16 000 теңге болады. Оның үстіне, 1 000-1 500 теңге қосып сатамыз. Қазір көмірдің ішінде қымбаты да, сапа­сы да жақсысы – Шұбаркөл», – дейді Дастан. Оның айтуынша, сапасына байланысты айтылатын әңгімелер де көп. Бірақ алыпсатар­лардың ішінде әртүрлісі бар екенін ескеру керек. «Таза Шұбаркөлдің көмірінің сапасы жақсы. Сосын қыс пен жазда алған көмірлердің арасында айырмашылық көп. Мысалы, жазда алып қойған көмір ашық жерде тұрса, өз құрамын жоғалтады. Былтыр қыстан қалған бір тоннадай көмір болатын. Көктемде барлығы ірі-ірі болатын. Қазір езіліп, түртіп қалсаң шашы­лып жатыр. Көмірдің ірілері жақсы жанады. Ал бағасына келсек, әзірге бағасы қымбаттап жатқан жоқ. Былтыр да тоннасын 15 000 теңге­ден алып, 16 000 теңге, 16 500 теңге­ге саттық», – дейді көмір жеткізу­мен айналысатын Дастан.

Тонна көмір түкке жарамады

Жақында ғана қала мәртебесін алған Қосшы қаласының тұрғыны Ескендір Зұлқарнай көмір өндіру­ден әлемде алдыңғы қатарлы ел­дер­дің бірі болсақ та, «қара отын» ба­ғасы тұтынушылар үшін қолже­тім­сіз екенін жеткізді. «Қосшыда көмірдің тоннасы 17 000 теңгеден сатылады. Табысы орташа отба­сылар үшін бұл да үлкен салмақ. Өйткені бір қыста 10-11 тонна көмір жағамыз. Солтүстік өңірде от жағу қыркүйектің 10-15-терінде басталады, содан мамырға дейін созылады. Сонда айына 1 тоннадан астам көмірге ақша шығындауға тура келеді. Бірақ сапасына қатыс­ты сын айта алмаймын. Көбіне Шұбаркөлдің көмірін сатып ала­мын. Қызуы жақсы. Бірақ таныста­рымның арасында Шұбаркөлдің орнына басқа көмірді сатып алып, сан соғып қалғандар болды. Соған қарай сапасы да жақсы болмаған»,– дейді ол. Елорда іргесіндегі Ильинка ауы­лында тұратын Айгүл жылда қыркүйектің соңында көмір сатып алса, биыл қыстың қамына ерте кірісіпті. «Биыл 5 тонна Қаражыра көмірінің тоннасын 13 500 теңгеге алдық. Барлығы 67 500 теңгеге шық­ты. Қосымша КамАЗ-ға 10 мың теңге бердік. Оның өзінде көрші ретінде жасаған жеңілдігі сол болды. Әйтпесе, 15 мың сұрайды. Жақсысын, ірірегін салдыру үшін қосымша 1 000 теңге бересің. КамАЗ-ға тиегенде қасында тұр­масаң, тағы болмайды. Бұрын Шұ­баркөлдің тоннасын 11 500 теңгеге алдық. Қызуы қатты болғанмен, шоғы тез сөніп қалады. Оның үстіне, пешті жарып жібереді. Түнде көмір салып жатасың, таңға дейін үйдің іші суып кететін. Бірақ күлі өте аз шығады. Ал Қаражыра­ның шоғы таңға дейін тұрады. Үй суып кетпейді. Бірақ күлі көп шығады. Бір шелек көмір салсаң, бір шелек күл шығарасың. Былтыр 3 тоннасын алып едік. Жетпей қалып, көктемге қарай тағы 2 тонна түсірдік. Бірақ көмірлердің барлы­ғы көктемге қарай ұнтақталып кетеді», – дейді Айгүл. Осыдан 10 жыл бұрын да алыпсатарлардан алған бірнеше тонна Қаражыра көмірін қыста жаға алмай, қақаған аязда екі есе бағаға Шұбаркөл алған ол «кейбір сатушылар салмағын азайтып, тұтынушыларды алдап кетеді» деп отыр.

Әлеуметтік көмек кімдерге беріледі?

Елордада жылда 15 қазаннан бастап мұқтаж жандарға қатты отынды сатып алу үшін әлеуметтік көмек беріледі. «Сарыарқа» ау­дандық әлеуметтік жәрдемақылар тағайындау бөлімінің басшысы Салтанат Станбаева әлеуметтік көмек ересек мүгедектерге, мүгедек балаларға, көпбалалы аналарға және көпбалалы отбасыларға бері­летінін жеткізді. Жергілікті (пеші бар) жылытатын жеке тұрғын үйлерде тұратын, оның меншік ие­лері болып табылатын, оларда және отбасы мүшелерінде басқа тұр­ғын үй болмаған және жан басы­на шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайтындарға тағайындалады екен. Яғни, күнкөріс деңгейі – 163 740 теңге. Ал жер үйлердегі пәтер жалдаушылар үшін, көпбалалы отбасы болса да көмек берілмейді. Себебі ол пәтер жалдаушының атына тіркелмеген. «Тізімдегі кісі­лерге әлеуметтік көмек 15 қазан-15 сәуір аралығында 46 672 теңге бе­ріледі. Қатты отынды сатып алуға көрсетілетін әлеуметтік кө­мек­ке құқығы бар бірнеше адам бір тұр­ғын үйде тұрған жағдайда, өтемақы тек қана бiреуiне берiледi. Өтінім беру 15 қазаннан 30 сәуірге дейін жалғасады. Қазір карантин шара­ларын сақтау мақсатында әлеумет­тік көмек алуға өтініш беруші «элек­тронды үкіметтің» веб-порта­лы арқылы тіркеледі. Ол үшін от­басы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжат көшірмесі, табысы туралы мәлімет, зейнет­кер­лер үшін – зейнеткерлiк куәлiгiнің, мүгедектер үшін – мүгедектiгi жө­нiндегi анықтамасы, көпбалалы отбасылар үшін – көпбалалы отбасы куәлігінің көшірмесі керек. Сосын Әдiлет министрлiгiнiң ау­мақтық органы берген жылжымай­тын мүлiкке тiркелген құқығының болмауы, не болмаса болуы туралы анықтама, банктік шоты, отбасы жөніндегі мәлімет қажет болады. Құжаттардың түпнұсқалары да бірге ұсынылады. Көшiрмелерiн салыстырған соң түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады. Биыл қала бойынша 192 отбасына 9,6 млн теңге қатты отынды сатып алуға әлеуметтік көмек көрсе­тіл­ді»,– дейді Салтанат Дүйсенқызы. Алайда мемлекет берген мүм­кіншілікті алуы тиіс адамдардың әдеттегідей қорадағы малы, үйін­дегі телевизоры да есепке алынып, жалақысындағы салық пен зейнет­ақы жарналары да қоса есептеліп, ақыр соңында әлеуметтік кө­мектен құралақан қалады. Оның үстіне, отбасындағы мүгедектігі барлар мен көпбалалы ана болса да, пәтер иесі өзі болмағандықтан, әлеу­мет­тік көмекке алақан жая алмайды. Шамасы әлеуметтік кө­мектің тізімін жасағандар көмекке мұқтаж адамдардың барлығында баспана бар деп санаған шығар, кім білсін?!

Жадыра МҮСІЛІМ