Түркістан облысында өзіне қол салған 15 жастағы оқушы қызға қатысты дау қайта жалғасты
Түркістан облысында өзіне қол салған 15 жастағы оқушы қызға қатысты дау қайта жалғасты
azattyq-ruhy.kz
266
оқылды
Түркістан облысындағы Көкарал ауылының тұрғындары Білім күнінде мектеп директоры қызметінен кетсін деп шу шығарды. Өйткені, маусым басында оқушылар жаппай емтихан тапсырып жатқанда директор шпаргалка қолдандың деп, 15 жасар қызды көптің көзінше жерден алып жерге салған екен. Осыдан кейін 9-шы сынып оқушысы «үміттеріңді ақтамадым» деген тілдей хат жазып, ауласында асылып қалған. Сондықтан, тұрғындар өрімдей қызды өлімге итермелеген мектеп басшысын орнынан босатуды талап етіп отыр, деп хабарлайды КТК.
Марқұмның әкесі директорға қатысты қозғалған іс сағызша созылып кеткенін айтады.
«Тергеу бөліміне, облыстық департаментке қанағаттанбаймын. 3 айға созылып кетті бұл. 3 ай болды, 2 айда бітіреміз деп уәде берген. Күдігім - бір-бірімен байланысы бар, болды. Сыбайлас. Жаңағы ДВД-мен білім саласы, облыс, аудандық білім бөлімі, бәрінің бір-бірімен байланысы бар», - дейді марқұмның әкесі Ақылбек Тәліпбаев.
Қыздың өлімінен соң ауыл тұрғындарының көбі мектеп директорына қарсы шыққан. Сондықтан олар мектеп директоры Айсара Стаева орнын босатпаса, балаларын мектепке жібермейміз деп отыр.
«Мен бермеймін. Ол директор болса, жібересіңдер ма?! Жібермейміз. Бас тартамыз. Оқымаса, оқымай кетсін. Білім алмаса, алмай кетсін. Одан шыққан, ондай басшыдан шыққан оқушылар қандай оқушы болады, қандай тәлім-тәрбие алады ондайдан?!» - дейді Көкарал ауылының тұрғыны Жұлдызай Сұлтанова.
Білім күнінде мектеп директорының өзі орнында болмай шықты. Есесіне, жиналған ата-аналар алдында ақталуға Айсара Стаеваның қайын атасы келіпті. Ол келінінің бұл мектепке директор болғысы келмейтінін айтты. Ауыл тұрғындары бұған дейінгі басшыларды да сыйғызбағанын айтқан ақсақал келіні басқа жұмыс іздеп жатқанын жеткізді. Директор келмегенімен, жиналған жұрттың уәжін тыңдауға аудандық білім бөлімінің басшысылары жетті. Айтуынша, директорды өздері де таппай жатыр екен. Ал сыртынан қызметінен босатуға заң рұқсат етпейді, сондықтан тергеу органдарының шешімін күтпек.
«Құзырлы мекемелердің тексеру қорытындысын күтудеміз. Егерде қорытындысы қолымызға тимесе, мен мектеп директорына дәлелсіз «жұмыстан кет» дей алмаймын. Өйткені, заң бәрімізге бірдей, ертең ол кісі де заңға бағынады», - дейді Ордабасы ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева.
Ал ауыл тұрғындары Айсара Стаеваны білім саласынан мүлдем аластатуды талап етіп отыр.